Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Ауылдастарынан көмегін аямайды

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылдағы мектептің төбесін 15 күннің ішінде жөндетіп берді.

Ауылдастарынан көмегін аямайды

Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында ауылдастарынан көмегін аямайтын Атымтай жомарт азаматтар аз емес. Солардың бірі -  Тимур Виситаев. Ол Веселовка ауылында 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, негізінен өсімдік шаруашылығымен шұғылданатын «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығына жетекшілік етеді.

тима

Осы ауылдық округтің әкімі Ғабит Ксембаевтың айтуынша, кәсіпкер ауылдастарына үнемі көмек қолын созып отырады. «Тимур Русланұлы былтыр 11 миллион теңге бөліп, мердігерді де өзі тауып, ауылдағы мектептің төбесін 15 күннің ішінде жөндетіп берді. Облыста жүзеге асырылған «Менің мектебім» акциясына да белсене қатысып, 5 миллион теңге бөлді. Жаз кезінде ауыл ішіндегі жолдарға құм төгіп, қоқыс шығару жұмыстарын ұйымдастырады. Ал қыста ауыл ішіндегі жолдарды қар мен мұздан тазартады. 2017 жылы ауыл мектебіне 5 ноутбук және 2 түрлі-түсті принтер сатып алып берді. 2018 жылы көктемгі тасқын кезінде Заречное ауылындағы көпірді су алып кеткенде нысанды қалпына келтіруге 6 миллион теңге аударды. Сонымен қатар «Балабин» шаруа қожалығымен бірге Веселовка ауылындағы Шумелиха өзені үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін жөндеуге 350 мың теңге бөлді. 500 мың теңгеге ауылдағы аялдаманы жөндетті. Қазір көп жыл бос тұрған ғимаратты жөндеп жатыр. Үстіне қонақүй салып, астына жастар мен балалар тынығатын демалыс орнын жасамақшы. Бір сөзбен айтқанда, Тимур қайырымдылық жасауда әкесінің өнегелі ісін жалғастырып келеді» дейді ол.

тимур

Тимурдың өзі қай кезде де арық айтып, семіз шыққанды жөн көреді. «Біз осы жерде жұмыс істеп, табыс тауып жатырмыз. Көмектесуге міндеттіміз» деген ол алда жоспар көп екендігін, өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, техникаларын жаңартып, қол астындағы қызметкерлердің жалақысын өсіргісі келетіндігін жеткізді. Жалақы демекші, бұл шаруашылықта жалақы жыл сайын көтеріледі екен. «Жалақының жоғары болуы, жұмысымыздың ілгері басуы астықтың шығымына байланысты. Қызметкерлерімізге қолдан келгенше көмектесеміз. Баспана алып береміз» дейді Тимур Виситаев.

Аудандағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бірі – «Березовское» шаруа қожалығы. Григорий Селиванов жетекшілік жасайтын шаруа қожалығында бүгінде 50 адам жұмыс істейді.

селив

«Біз күнбағыс, бидай,  арпа, қара құмық егеміз. Былтыр шаруа қожалығымызға америкалық астық кептіргіш қойдық. Жаңа техникалар алып жатырмыз. 7 комбайнымыз бар. Техникаларды жөндеумен де шұғылданамыз. Қыста ауылдағы көшелерді қардан тазартуға көмектесеміз. Бізге 4 көше берілген» дейді ол.

сели

Шаруа қожалығы қызметкерлеріне көмектесуді де ұмытпайды. Жыл сайын өсімдік майы мен ұнды жарты бағасына беретін көрінеді. «Тимур да, Григорий де өз ауылдарына ғана көмектеспейді, аудан деңгейінде өтетін барлық шаралардан тыс қалмайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әркез естен шығармайды. Туған жерлерінің нағыз патриоты. Біз мұндай жаны жомарт азаматтармен мақтанамыз. Орайы келгенде айта кетейік, Тимур Виситаев 2019 жылы республикалық қайырымдылық форумында «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды» дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов.

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы