Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Алтай Көлгінов Президенттік кадрлық резерв мүшелерімен кездесті

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Президенттік кадрлық резервке қатысушыларды әкімдікке жұмысқа шақырды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Алтай Көлгінов Президенттік кадрлық резерв мүшелерімен кездесті

Кездесу барысында қаланы дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде урбанистика, технологияларды коммерцияландыру, сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды.

«Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы резервке өткен мамандармен кездесуде мемлекеттік аппаратты одан әрі дамыту туралы бірқатар тапсырма жүктеді. Қазіргі төртінші технологиялық революция заманда бізге жаңаша ойлайтын, прагматик мамандар қажет. Цифрландыру дәуірінде мемлекеттік қызметкер аталмыш қасиеттерге ие болуы тиіс. Мемлекеттік аппараттың негізгі міндеттерінің бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру болып табылады. Біздің міндетіміз – халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтардың өзекті сауалдарына жедел жауап беру. Президенттік кадрлық резерв-бұл меритократия қағидатына сәйкес келетін жастарға арналған әлеуметтік лифт. Жастарды қолдап, адами капиталды дамыту біздің басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Сіздерді қалалық әкімдікке жұмысқа шақырамын. Білімді және креативті жастар үшін біздің есігіміз әрқашан ашық. Сіздер бірнеше кезеңнен тұратын сапалы іріктеуден өттіңіздер. 13 мың үміткердің 300-і резервке кірді» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі қатысушыларға еліміздің өркендеуі жолында адал еңбек етіп, өскелең ұрпаққа үлгі болуларын тіледі. Айта кету керек, Президенттік жастар кадрлық резерві қатысушыларымен кездесулер алдағы уақытта да өтетін болады. Қанша маман келетіні туралы тағайындаулардан кейін жарияланатын болады.