Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Ақмола облысының 218 мектебіне бейнебақылау камералары орнатылады

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін облыстың 218 мектебіне  бейнебақылау камералары орнатылады.

Ақмола облысының 218 мектебіне бейнебақылау камералары орнатылады

Өткен жылы 53 мектепке 849 камера қойылған. Оның көмегімен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, білім беру ошақтарында орын алған заң бұзушылықтарды анықтауға болады. Тиімділігі көзге ұрып тұр. Қазір балалардың арасындағы ұсақ-түйек кикілжің бұрынғымен салыстырғанда әжептәуір азайғандығы белгілі. Көкшетау қаласындағы №6 мектепке бейнебақылау камералары осыдан 7  жыл  бұрын  орнатылыпты.  Қазір ескірген.

–Мектепке 19 камера орнатылған. 2020 жылы камералар жаңартылады деп күтілуде. Камераның көмегімен оқушылардың ұмытқан, жоғалған заттары жылдам табылып, құқық бұзушылық фактілерінің алдын аламыз, дейді №6 мектеп-лицейінің  директоры Айшолпан  Сембаева.  

Бүгінде облыстағы 556  мектептің 60 процентіне 5 мыңға тарта бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ, 136 мемлекеттік бала бақшаның 120-сына және 100 шақты жекеменшік балабақшаға осындай  құрылғылар қойылды. Осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін өңірдің барлық мектептерінде, әр сыныпта  камера болады. Бұл жобаға 353 миллион теңге жұмсалмақ.

–Бұл шара білім беру мекемелерінде орын алған кез-келген құқық бұзушылықтың алдын  жылдам алуға көмектеседі, дейді облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазов.