Қазақстан • 16 Қаңтар, 2020

Алматыда Абай орталығы ашылды

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беруіміз керек» деп мерейтой аясында хакім мұрасын жан-жақты насихаттаудың маңыздылығын айрықша атаған еді. Осы орайда Алматыдағы Ұлттық кітапхананың қабырғасынан Абай әдеби орталығы ашылғанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім.

Алматыда Абай  орталығы ашылды

Уақыт өткен сайын Абайтанудың өрісі кеңейіп, Абай дүниетанымы  әлемдік ақыл ойдың арнасына қосыла бермек. Талғампаз оқырманды Абай мұрасымен сусындататын рухани орталық кітапхананың  «Қазақстан кітаптары» оқу залынан орын алған. Ол жерден  ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мағлұматтар табуға болады. Абай өлеңдерінің әлем тілдеріндегі тәржімалары, белгілі абайтанушылардың, филологтар мен жазушылардың еңбектері, электрондық және музыкалық басылымдар, кемеңгердің толық шығармалары қамтылған. Ең бастысы орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толықтырылып отырмақ.

Ізгі бастамаға «құтты болсын» айта келген Абай ұрпақтары, ақынның туған жері, өскен ортасы туралы әңгімелеп, бабаларына қатысты бұрын соңды айтылмаған естеліктермен бөлісті. Өз кезегінде ұлы ойшылдың мұрасын зерделеп жүрген зиялы қауым өкілдері де сөз алып, Абай мұрасы – таусылмайтын әңгіме екенін, оны тұтас ұрпақты рухани, имани бағытқа бастайтын жолбасшы ретінде бағалау қажеттігін тағы да бір атап өтті.

Жазушы Смағұл Елубай, ең бастысы мерейтой аясында жоспарланған бастамаларды қолға алғанда жаппай науқаншылдыққа бой алдырмай, Абай шығармаларының өзге тілдерге мәнді етіп аударылуына аса мән беру керектігін айтады. Қаламгердің сөзінше, осыдан біраз жыл бұрын қытай тіліне тәржімаланған Абай шығармаларын оқыған сол жақтағы қандастар, аударманың шикі екенін, Абай ойының мәні толық ашылмағанын айтып, наразылықтарын білдірген. «Сондықтан, әсіресе Абай шығармаларын шет тілдерге аудару мәселесіне нәзік қарау керек» дейді жазушы.

–Абай әдеби орталығының ашылу мақсаты – қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, классигі Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Ақын 170-тен астам өлеңдер мен 60-қа жуық аудармалар («Қара сөздер»), жазбаша өлеңдер,  нақыл сөздер жазған. Абайдың алғашқы өлеңдерінің ішінде шығыс классикалық поэзиясы стилінде, сол кезеңдегі суырып салма ақындар шығармашылығы рухында құрылған таңғажайып өлеңдер бар. Абай дүниетанымының қалыптасуына шығыстың ақындары мен ғалымдары – Фирдоуси,  Навои, Низами, Физули, Хожа Хафиз, сондай-ақ орыс классиктерінің еңбектері әсер етті. Ол И.А. Крылов, М.Ю. Лермонтов, Гете және Байрондардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оның қызығушылықтарына әлемдік мәдениет пен философия кірді. Жас ұрпақ Абай Құнанбайұлының талантты  композитор болғанын да білуге тиіс. Ол халыққа кеңінен танылған жиырма шақты әуенді жарыққа шығарды, дейді Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова.

Еліміздің басты кітап сақтаушысы әрі ақпараттық орталығы саналатын Ұлттық кітапхананың қабырғасында құрылған орталық жаппай зерттеу саласындағы шығармашылық жобалар мен көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Орталық әйгілі жазушылармен және ақындармен кездесулер, тақырыптық байқаулар мен экскурсиялар, бейнелеу өнері көрмелерін, Абай шығармаларын білуге арналған жоғары деңгейлі оқуларды ұйымдастыруға жағдай жасайды.

Абай әдеби орталығының салтанатты ашылуы барысында ұлы ақынның өлеңдері мен әндері, Абай мен Мұхтар Әуезовтің туыстары мен достарының естеліктері тыңдалып, кітап көрмесі ұсынылады.