Әдебиет • 17 Қаңтар, 2020

Айтматов феномені: адам мен адамзат арасы...

1406 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Көркем шығарманың атауы әманда авторлық концепциямен, суреткерлік идеямен һәм образдар табиғатымен жымдасып келуі өте сирек құбылыс. Туындының эстетикалық әсерін, бар ой-салмағын сығымдап, бір ғана атауы­на сыйғызып, символдық мәнге айналдыруға, әрине тек шын таланттың ғана қауқары жетпек. «Ана – Жер-Ана», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Боранды бекеттің» образды мағынаға ие болуының астары осында жатса керек. Бұл қалам-қабілет – сөз өнерінде қырғыз әдебиеті поэтикасының құдіретін танытқан Шыңғыс Айтматовтікі. Адамзаттың зілмауыр проблемаларын там-тұмдап шығармасына төккен суреткер әлем мен адам алдына өмірлік құндылықтарды көрсете алды. Бір шығармасымен екіншісі ұқсамайтын Айтматов шығармашылығының тағдырлы кейіпкерлері Жәмиладан басталып, Танабай, Едігеден асып, Авдий Калистратов, Бостан Үркіншиев болып жалғасты. Қанша «жазылып болды, оқылып бітті» дегенімізбен, Айтматов шығармасына қайта оралып жатамыз. Бүгін де сол дәстүрден жаңылмай, әдебиеттанушы-ғалымдармен Айтматов суреткерлігі хақында ой қозғамаққа бекіндік.

Айтматов феномені: адам мен адамзат арасы...

– Бейнелеп айтқанда, Айт­матов шығармаларын оқып болған соң, Ай үстінде біреу отырғандай сезіммен аспанға көз саласыз, сол айдан ес­сіз­дік пен құсаның, ұмытылған қа­сиеттердің белгісіндей Най­ман ана­ның ақ орамалын көр­гендей бола­сың. Айтматов қала­мының осы си­қыры, адам жа­нын тебірентетін жұм­бақ қуа­ты барлық шығармаларына бір­­дей берілді ме?

 1

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Айтматов – космикалық кең­діктердің, яки интеллектуал­дық биіктік пен адамдық терең­діктердің адамы. Таң­ғалатын бір дүние, Айтматовтың кеңдігі мен тереңдігі өмірден өткен соң бұрынғыдан да анығырақ байқалуда. Оның жазушылық, гуманистік қадірі асқақтап барады.

 

2

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Қай қаламгердің де интуициясы, интеллектісі шығар­маларынан әр­келкі деңгейде белгі береді. Көп құ­пия жүйелі еңбекке, көңіл күй шабы­тына, т.б. кешенді әсерлерге байла­ныс­ты. Ендеше, құлшынған қа­лам­ның қызуы мен қуаты қай шы­ғар­маның да көркем­дік әлемі­не әсер етпей қалуы мүмкін емес.

 

3

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Айтматов шығармалары – әдеби көркемдігі, терең пси­хологизмі, ин­теллектуалдық по­тен­циалы тұрғы­сынан әлем­­дік әдебиеттің Федор Дос­­тоевский, Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Михаил Шо­лохов, Габриэль Гарсиа Мар­­кес секілді алыптарының ең таң­даулы деген туындыларынан ешбір кем соқпайтын адам­заттық құнды­лықтар. Ал осындай биікке көтерілген оның туын­дыларының оқырмандарды ерік­сіз баурап алатын сиқыры неде деген сұ­раққа келер бол­сақ, меніңше, ең алдымен оның көкірегін жарып шыққан туын­дыларында суреттелетін өмірлік ситуациялардың барынша шын­шыл­дығында, олардың сыршыл лиризмінде, адамзатқа ортақ гуманитар­лық проблемаларды жұрттан бұрын аңғара білетін, сезе білетін зеректігінде.

Жалпы, гуманитарлық проблемалар дегеннен шығады, егер адамзат, оны басқарып отырған қазіргі ат төбеліндей азғантай эли­та негізінен ең алдымен біз өмір сүріп отырған заманның ең көкейкесті рухани мәселелерін шешіп алмай, тек қоғамның технологиялық дамуын күйіттеп кете беретін болса, бұл түптің түбінде бәрімізді тығырыққа апа­рып тіремей қоймайды, тіпті мұн­дай біржақты дамудың ақыры бізді пла­нетарлық деңгейдегі апатқа әкелуі мүмкін. Демек, тұм­сығына атомдық бомбалар орналастырылған, жүздеген, тіпті мыңдаған километр қашықтыққа жарыққа тән жылдамдықпен әп-сәтте жетіп барып, діттеген нысаналарының күлін көкке бір-ақ ұшыратын жойқын бал­листикалық ракеталарды ойлап тапқан зор техникалық сана ие­ле­рінің бір күні жер атты плане­тамыздың ойпан-тойпанын шы­ғармасына ешкім кепілдік бере алмаса керек. Сондықтан да, асылы, енді алдағы уақыттарда, күн­нен-күнге әлемдік деңгейдегі осындай қауіп-қатерлер ушы­ғып тұрған мына заманда – сайлаушылардың мемлекеттер мен халықаралық қауіпсіздік ұйым­дарының тізгінін гуманитарийлерге бергені дұрыс болар еді.

Қазіргі мынау біз өмір сү­ріп отырған кезеңде адамзатты алдан күтіп тұрған осындай дағдарыстарды күні бұрын сезіп, оларды көркемдік әрі фи­ло­со­фиялық тұрғыдан барын­ша жетемізге жеткізіп бейнелеп бере алатын Айтматов секілді алып суреткерлердің болмауы немесе болса да тапшы болуы біздің өрке­ниетіміздің дұрыс жолмен дамуына үлкен кедергі болып тұрғаны сөзсіз. Естеріңізде болар, XX ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген Айтматов шығармаларында бей­неленген табиғи тепе-тең­діктің бұзылуынан пайда бол­­ған экологиялық апаттар мен мәң­гүрттік деп аталатын саяси-әлеу­мет­тік феноменнің сол кездегі Кеңес Ода­­ғы­ның оқырмандарына ашық күн­дегі найзағайдай әсер етіп, жаппай то­ғышарлануға бет алған социалистік реа­лизм үрдісінде тәрбие алған кеңестік, коммунистік сана иелерін үлкен рухани катарсиске түсіргені. Сондықтан да Шыңғыстың «Бо­ранды бекет», «Жаң­ғырық» (жаң­ғырық деген сөз – омоним, оның бірінші мағынасы орыс­ша эхо бол­са, екінші мағынасы ағаш жа­ратын немесе өлімге кесілген қыл­мыскерлердің басын шабатын дөң­бек, кеспелтек бөрене ағаш дегенді білдіреді) романдары кезінде Кеңес қо­ғамында бұрын-соңды болмаған резонанс тудырған болатын.

– Жалғыздық концепциясы­ Айт­матов шығармаларында культ­­тік образ­дар тудырды. Айтматов­ «жал­ғыз­дығының» мәні не­де?

 Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Айтматов өзі жайлы, адам­дық, тұлға ретіндегі тағдыры жайлы өз шы­ғар­маларында аздап айтып кетті. Бірақ солардың ара­сындағы айдай ашық анығы Шықаңның тұлғалық, адам­дық қасиетіне жақыны космос монахы, яғни Филофей болды. Мен Фило­фей­ді Айтматовтың метафора ретіндегі пор­треті деп түсі­немін. Осы жайлы Шың­ғыс аға «Кассандра таңбасы» романында әбден қызықты жазды.

Жалғыздық – біздің заманның ең кең таралған интеллектуал­ды драмасы. Оның себебін бір сөзбен түсіндіру қиын. Ең негізгі себебі – бір кездерде миллиондаған адамның жүрегіне үміт отын жақ­қан әлеуметттік және саяси ил­люзиялардың іске аспағаны, өткен заманның соңында біржола қирағанға ұқсайды. Басқаша айтқанда, рухани дағдарыс, оның­ ішінде діндер қақтығысы әрқайсысымызды моральдық тұр­ғыдан тығырыққа тіреді. Өз жа­нымызды ма­за­лаған сұрақ­тарға жауап таппадық. Мәсе­лен, Хемингуэйдің өміріне қа­раңыз. Селинджер, Юкио Ми­шима, Мар­кес... Орыс ақыны Юрий Кузнецовтың: «Я в поколенье друга не нашел...» деген жолдары дәл Айтматов хақында айтыл­ғандай.

 Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Жалғыздық «мәселесі» – жер планетасы халықтарының фоль­клорында да, жалпы әлем әде­биетінде де әзелден бері әртүрлі ың­ғайда сипатталып, сараланып келе жатқан таныс гәп. Деген­мен, ғылыми ой мен көркемдік ойдың өз­ара ықпалдаса дамуына сәйкес XIX ғасырдан бас­тап, көркем туындылардың маз­­мұндық ерекшелігіне алуан ракурс­та, қилы мақсатта зор әсер еткені мә­лім. Ер Тарғынның мертік­кен сәті немесе Төлегеннің аспанда ұшқан алты қазға мұң шағуы секілді оқиғалық-пси­хологиялық сәт-эпизод үлгі­сінде қалмай, мазмұнның ажырамас, табиғи эстетикалық, өзекжарды сыры мен шындығына айналды.

Адам мен болмыстың, адам мен қоғам­ның, адам мен мем­лекет­тің, адам мен адамның объек­тивті және субъек­тивті қа­­рым-қатынастарынан туын­дай­тын қайшылықтар мен үйле­сім­дер қисапсыз. Сол тараптан жеке тағдыр мен соған тікелей н­емесе жанама әсер ететін ықпал­дарды сол дәуірге тән кезеңдік немесе жалпыуақыттық контекс­те байыптау қажеттілігін тудыр­ған – заманның күрделі, сан салалы құбылыстары. Күн­делікті тұрмыс-тір­шілігі мен келешек тағдырына – шамамен жоба­лан­ған, бұған дейінгі салыстырмалы түрде дағдылы, үйреншікті сезілген дүниеге енді ойда жоқта жарқ еткен жасындай тосын сәуле түсірген, айтып болмас, аңғарып бітпес ауыр зардабын тигізген идеялық ұмтылыстар қақтығысы әсіресе XX  ға­сырда жан шыдатпай асқынды, тактикасы табыл­ғанымен, стратегиялар қарсылы­ғы шиеленісе түсті. Бір ғасырда ғана тұтан­ған екі дү­ние­жүзілік соғыс тарихтың тығырығынан, аласапыранынан шығу­дың жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Енді бұрынғы көз­таныс жалғыздық философия­да да, әдебиет пен өнерде де ай­рықша көркемдік категорияға айналып, түрлі «измдердің» таралуына түрткі болды. Өмірдің бір қарағанда, қара­пайым сияқты, ал түптеп келген­де, тамырлары әбден матасқан да шатас­қан, алдау мен адастыруға қолай­лайтын мүмкіндіктерін барлау-байыптау әдебиеттің проблемалық өзекті­лігіне алабөтен әсер етті. Ендеше, за­ма­ны­ның ең көкейкесті, ең күр­делі мәсе­лелеріне қашанда зер салып, үне­мі оңтайлы шешімін, лайықты жауабын іздеген ойшыл су­реткердің шы­ғар­маларында жалғыздықтың алуан сипаттағы мазмұндық-эстетикалық бірлік ретінде бірегей концепциялық сипат алуы заңды болатын.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Негізінен жалғыздық деге­ні­міз бар адамның басында бар жағдай ғой. Сондықтан да атамыз Қазақ: «Құдай – жалғыз, мен – жалғыз» немесе «Атадан он болсаң да, әр басқа – бір жал­ғыздық» дейді. Меніңше, жал­ғыздықтан қашудан да, үрей­ленудің де қажеті жоқ секілді. Мүмкін ол – адамның саналы ин­дивид ретінде дамуының ең бас­ты шарты болуы. Тәңіріміз біз­ді өз тағдырымызды өзіміз жасауы­мыз үшін, тырбанып тір­шілік етуіміз үшін, ақырында өзінің алдына барарда біздің кім екенімізді танып білу үшін осылай жаратқан шығар. Меніңше, Ш.Айтматов – осыны терең түсінген суреткер.

– Адамды жануардан бөліп қара­­майтын автор теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет, балықшы шал, Гүлсары мен Қаранар сынды тағдырлы һәм жалғыз жануарларды кейіпкер қылуын­да қандай әдеби астар бар? Және бұл көр­кем шығармада қаншалықты ұтым­ды тәсіл?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Айтматов о бастан жануар­ларды адамдардан бөліп қара­ған жоқ. Меніңше, дүниеге көзқарасы жағынан Шыңғыс Айт­матовты жаңа дәуірдің Фран­циск Ассизскийі сияқты тұл­ға деп есептеймін. Әлбетте, Шың­­ғыс Фран­циск сияқты ұлы бол­­мады. Бірақ ат пен түйені, аспандағы қыран бүркітті, түз­дегі қасқырларды жақыным, тағдыр­ласым деп сезінді. Олар­­­­дың образын суреттеді. Бей­не­легенде де таза һәм пәк махаб­батты жанымен көрсете алды. Айтматовтың талассыз гуманизмі, міне, осында.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

–Тағдыр мен болмыстың сан сырлы, сан қырлы сабақтастығы мен қай­шылықтарын символдық мәні бар ай­рықша «кейіпкерлер» арқылы пайымдау мен бейнелеу­дің мүмкіндіктері мол. Адам тағ­­дырын, танымдағы жаңғыру­ларын, қоғамдық болмыстың дәуірлік келбетін көркемдік байыптаудың өзін­дік үлгісі ретінде пайдалану – қалам­гердің көркемдік ойлауының «куәсі» әрі мақсатты ұмтылысының нәтижесі. Кеңестік дәуірде ашық айтуға ерік бе­ріл­­мейтін ақи­қатты айшықтауда, ай­ту­да мег­зеу, астарлауға ұштасатын кейіп­­керлердің өзіндік болжалды нысанасы мен астарлы мазмұнмен байыған сал­мағы болғаны аян.

Мұндай тәсілді қолданғанда, бас­қаша айтқанда, астарлау мен тұспал­дауда «қолға ұстар­лықтай» нақтылық мардымсыз сезіл­генімен, емеурін, ишара ар­қылы небір қиян, қиырды қия­лмен шарлауға ұшыратын қисын жеткілікті. Әлбетте, дерексіздік, бұлың­ғырлық жөн-жосықсыз жосыған, сау басты сар­саңға са­латын бұлдыр-буал­дыр елес­тер әле­міне ұласып кетсе, әрине сөз басқа. Көр­кемдік логика­сы сыңар­езулеп, бет алдына лағып кетпейтін, тиянағы мызғымай­тын, эстетикалық аңсары мазда­ған, нағыз көркемдік бірлікке айналса, шындықты байыта тү­седі. Әдеби астар дегеніңіз осы шын­дықпен тікелей сабақтас. Ал ұтым­дылығы шеберлікке байланысты. Мысал келтіру, талдау – арнайы, жеке зерттеудің жүгі.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Әйгілі қырғыз жазушысы өзінің шығармаларында жануарларды әдейі адамдандырады (очеловечивает). Он­дағы мақ­­саты, біріншіден, олардың өмі­рін, тіршілігін солардың ие­лері – адамдармен байланыс­тыру болса, екіншіден, олардың ауыр тіршілігін оқырмандарға түсі­ніктірек ете түсу.

Ислам дінін зерттеген ғұла­малар адамды «халифа (орынбасар)» деп атайды. Құранды осы тү­сінік басынан аяғына дейін көкей өтеді дейді олар. Демек, адам жаратушының жердегі орынбасары болса, оған артылатын се­нім де, жүктелетін міндет те өте зор болып шықпай ма? Ен­деше, Тәңірісі басқа жаратынды­ларынан ерекшелеп, саналы ин­дивид етіп жаратқан жарғақ құлақты, жалпақ басты пендеңіз мына жер атты планетадағы күллі тіршілік иелерінің – тау­лар мен тастардың, бұ­лақтар мен өзендердің, теңіздер мен мұхит­тардың, олардың баурайлары мен жағалауларын мекен ететін өсімдіктер мен жануарлар әлемінің, яғни бүткіл флора мен фаунаның сау-саламаттығына жауапты деген сөз. Сондықтан да Ш.Айтматов адамдардың жер бетіндегі осы бір ұлы миссиясын жан-жақты аша түсу үшін өзінің шығармаларына адамдармен қатар Алатау мен Ыстықкөлді де, Қаранар мен Гүлсарыны да, Тасшайнар мен Ақбөріні де бір-бір кейіпкер етіп ала отырып, әлемдегі Алла тағала жаратқан ұлы бірлесік пен үйлесім салтанат құрған табиғи қалпында суреттейді. Сонда ғана барып болмыстың шындығы бүтінделе түседі.

– Момын қарт пен Әбутәліп ұс­тазды, яки Боранды Едіге мен малшы Танабайды немесе Ал­тынай, Жә­мила, Бегімайларды не байланыс­тырады? Ортақ харак­терлік мінез бар ма?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

–  Әбутәліп пен Танабайды, Алтынай мен Едігені жақындатып тұрған бір дүние бар. Махаббат. Бұл кейіпкерлердің бәрінің сезгені де, көргені де махаббат. Айт­матов философиясындағы махаб­бат концептісі – бөлек һәм ерек ұғым. Оның махаббат кон­цептісіне гедонизм, қасі­рет пен трагедия, тіпті өмірдің қызық шақтары да кіреді. Трагизм – Айтматовтың өмірлік көз­қара­сының негізі, тіпті іргетасы десек бо­лады.

Өмірінің соңында берген бір сұхба­тында қаламгер: «Любовь – богиня будущего. Без любви не может быть будущего у человека. Любовь – основа жизни. Не будет любви – не будет связанных с нею страстей. И жизнь человека станет опустошенной. И потом, не будет любви – не будет детей, фактора, связующего нас с будущим. Все, что дано природой, звездами, Космосом, – любовь в себя включает. Любовь – это сим­фония, точнее, мировая симфония», – деген еді.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– «Байланыстыратын», үндес­ті­ре­тін – рухани тазалыққа ұмты­лу, өз кезінің күрделі қайшылық­тарының телегейінде қарманып жүріп, өз бақытын табуға, әді­лет іздеуге құлшыну. Әлем әде­бие­тінде кейіпкерлерді «туыс­тастыратын» мінездер көп-ақ. Фило­софияда да, психологияда да, әдебиетте де бұған мысалдар аз емес.

 – Айтматовты кеңестік жүйе­­нің соң­ғы жазушысы деп айта аламыз ба?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Айтматовтың өмірлік және шы­ғармашылық жолындағы бас­­ты дүние – ол нағыз кеңес жазу­­шысы бола алды. «Кеңес адамы» дегенді қа­лай түсіне­міз? Мұндағы бар гәп ұшы-қиыр­сыз ұлы держава Кеңес ода­ғы мен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының бір дәуірге тап келуінде. Адамзаттың бір тұтас­тықта, ажырамас бірлікте болуын қалаған Айтматов үшін Кеңес империясы адамдық, гума­нистік тәжірибе болды. Рас, оның Кеңес Одағымен қарым-қаты­насы – амбивалентті қаты­нас болды. Содан кейін ризашылық та, наразылық та, сүю де, жа­тыр­қау да, керек болса, жек кө­ру де болды. Им­­перияның ірі­ сын­шыларының бірі болса да, Шыңғыс аға шынына кел­ген­де одақтың бір заматта құлап кетуін қалаған жоқ. Дәл осы үшін Айтматовты «империяның соңғы жазушысы» десек қателеспейміз. «Таулар құлағанда» романын қайсыбір деңгейде осы ұлы империяның күйреуін жоқтаған реквием және өткен дәуірмен қоштасу зары деп санаймын. Романның бас қаһарманы Арсен Саманчин да қаза та­уып, күйреген бүтін бір дәуірдің соңынан бірге кетті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– «Империя», «кеңестің соң­ғы жазушысы» деген пайым-бай­ламдарға байланысты бірін бірі қолдайтын да, бір-бірін жоқ­қа шығаратын да жауап­тар аз айтылмаса керек. Дегенмен, «соң­ғы» дегенге келісе қою қиын. Егер бас­қалар көз жеткізіп, дәлел­дей алса, бұл пікірімнен бас тарта аламын. Қалай дегенмен, қай пікір де айқындалған, мысалы мен дәлелі жеткілікті шындыққа сүйенеді ғой. Оны да қатып қалған қағида деп қабыл­дауға болмас. Әрқилы се­беп­тер ықпалынан туған өт­пелі, уақытша «лебіз» бе, ақи-тақи айқындап, көңіл ұйыған тұжы­рымы ма, соны да ескергенде, тартынып қаласыз. Шың­­ғыс Айт­матовты «неге соңғысы» десек,­ жа­уап табылар-ау, алайда кім қай­ тұрғыдан, қандай мақсатпен, қай деңгейден пікір айтқанын ескергенде, эмоциялар мен тол­ға­ныстар шар­пылыстарының біразға «шабатынын» да шама­лауға болар. Дегенмен, бас­қасын айтпағанда, мызғымас критерий ретінде ең алдымен жүгінеріміз қай­сысы: сол дәуірде өмір сүр­­гені ме, әлде сол кезең тала­­бына бейімделгені ме, т.т. Те­гінде, «соңғы» деп тұжыру – асы­­ғыстық. «Соңғыдан» кейін тағы да жаңа «соңғы» келмесіне еш­кім кепілдік бере алмаса керек. Кезеңдік, самал эмоция, жел эмоция тастай тапжылмайтын тұ­жырым емес.

Тағы да бұрылып қараса­ңыз, «Кеңес­тің соңғы қаламгер­лері» кешегі кеңестік республи­калардың барлығында әлі де бар екені рас. Олай болса...

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Айтматов Кеңес Одағы деп аталатын империяның идеологиясына емес, адамзаттың шынайы имандылыққа негізделген ұлы мұраттарына қызмет етті, сондықтан да оны кеңестік импе­рияның соңғы жазушысына балау шындыққа қиянат болар еді.

 – Жазушының соңғы романы «Таулар құлағанда» уақытында өз бағасын ала ал­мады. Ақырғы ты­ныстың оқыр­ман мен әдебиетшілер ара­­сында талқыланбауына не себеп болды?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Иә, бұл постмодернистік роман оқырмандардың да, сын­шы­лардың да лайықты бағасын ала алмады. Негізгі себеп – ғаламдық дағдарыс болды. Ро­ман оқырман кітаптан алыс­тап қалған тұста жарыққа шық­ты. Екінші жағынан, роман Айт­ма­товтың көркемдік-эсте­т­ика­лық жағынан, стильдік жағы­нан, концептуалдық жағынан көр­кем­дік деңгейге жетпей қал­ған бірден-бір шығармасы бол­ды. Бірақ ұлы импе­рияның жоғын жоқтаған, ғаламдық дағ­да­рыс­тың гуманитарлық кесапаттарын алғашқы болып бағалаған шығарма осы «Таулар құлағанда» романы екенін мойындау керек.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

–  «Таулар құлағанда» романы кезінде қолыма түсе қоймады да, оқи алмай қалдым. Ал кеңінен талқыланбауына себеп көп шығар. Кезінде Кеңес Одағы жер жүзіндегі ең оқырманы көп ел еді, кейін әдебиетке деген таза, шынайы ынта-ықыласты бейбастақ, берекесіз бұқаралық ақпараттар тасқыны, дүм­білез, ортақол ғана туындыларды әлем әдебиетінің үздік туындысы деп, көпе-көр­неу өтірік мақтап насихаттап, қа­лың оқырманды адастыру мен тұр­мыстың ауыртпалығы басып кеткен болар.

 – Айтматов қаламына, Айт­матов жазуына ғана тән белгі­лер қандай?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Меніңше, осы орайда Айт­матовтың жаңа кезеңі басталды деп ойлаймын. Бүгінгі экологиялық мәселелерді ең бірінші болып көтерген Шықаң ғой. «Құдайдың құдіретімен жа­ралған Жер планетасын сақ­тай аламыз ба?» деп проблеманы төтесінен қойған қазақ пен қырғыздың ортақ перзенті Айтматов қой. Мен оны Пушкин жазған мәндегі Пайғамбар («Пророк») жазушы деп санаймын. Айтматовсыз адамзат – бір дүние­сі кем адамзат.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Бұл сұрақтың жауабы Шықаңның көзі тірі кезінде де, кейін де талай ай­тылған, жазыл­ған, сондықтан қай­та­ламайын. Немесе арнайы мақала ж­азу, зерт­теу жүргізу қажет.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Айтматов қаламына тән белгілер, ең алдымен, шы­найы­­лық, сыршыл лиризм, пла­нетарлық деңгейдегі ойлау жүйесі. Ол шындықты сұлу­лық­пен ұштастыра білген суреткер. Егер Ш.Айтматовтың кейіп­керлерінің ішкі әлемі сұлу болып келсе, оның себебін осы жазушының жан сұлулығынан іздегейсіз. Әлемге әйгілі Флобер өзі­нің Бавари ханым деп аталатын сүйікті кейіпкері өлгенде: «Бұл – мен ғой!.,» деп, бекерден-бекер ағыл-тегіл болып жы­лаған жоқ, өйткені ол осы бір сүй­кімді, әрі бақытсыз әйелге өзінің жан дүниесінің бір бөлшегін беріп еді ғой қаншама айлар бойы осы туындыны жазып отырып. Ендеше аяулы Жәмила мен Даниярды да, «Боранды бекеттегі» Едіге мен «Ақ кемедегі» баланы, «Жаңғырықтағы» Бостонды да Шыңғыстың өзі деп ұққанымыз ләзім.

– Ол өзін ХХ ғасыр адамы деп есеп­­теді. Айтматов жатсынған жаңа ға­­сыр­да көркем әдебиет қайта өркен­деп, айтматовшылдар тууы мүмкін бе?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Әлбетте, мүмкін.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Бәрі де мүмкін, «мүмкін» болмауы да ғажап емес.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Егер «әдебиет – ұлттың, халық­тың жаны болса», адамзат тірі тұр­ған­да көркем әдебиет өлмейді. Адам баласының бойындағылардың ішін­дегісінің ең аяулысы – оның сезімі. Қазіргі замандық роботтар ақылды ал­мас­тырғанмен, адам­ның сезімдерін алмас­тыра алмайды, демек, келер за­ман­ның өз Әуезовтері мен Айтматов­тары туары заңдылық деп ұғуы­мызға болады.

– Оның шығармалары ғаламның 165 тіліне аударылып, жалпы 67 миллионнан астам данамен 130 елде жарық көрді. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, олар 1998 жылы 830 рет басылған. Әлемде Шекспир мен Толстойдан кейінгі ең көп оқылатын үшінші жазушы Айтматов шығармашылығы айналасында ашылмаған сыр, айтылмаған сөз, талданбаған шығар­ма бар ма?

Осмонакун ИБРАИМОВ:

– Ұлы сыншы В.Белинский Пуш­кинді бағалап отырып, былай айтқан: «Пуш­кин – представитель современного человечества. Он есть жизнь, жизнь практическая, беспокойная, вечно движущаяся». Шыңғыс Айтматов еш­қашан жаны жай таппай, бір тыным ал­май, кейде түн ұйқысынан безіп ел тұр­мысын, адамзаттық проблемаларды ойлады. Бәлкім, осы үшін Айтматовты «адамзаттың Айтматовы» деп айтамыз. Осы үшін Шыңғыс Айтматов өлмес һәм өшпес жазушыға айналды, әрқашан мәңгі жасай беретін ойшыл, жаңа суреткер.

 Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Шынайы көркем шығарма қашанда көпқырлы. Қаламгердің көңіл көзі шалған өмір, болмыс кеңістігі шартты түрде өткен мен бүгінді,  болашақты да қамтиды. Демек, ыждаһат пен ынта­ның, қиял мен зейіннің әлеуеті һәм ны­са­насына қарай «ашылмаған сыр, айтыл­маған сөз» табылатыны талассыз.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:

– Біз шығармаларын талдап, таразылап отырған бұл қырғыз жазушысының бір бойында суреткерлік пен сыншыл­дық сәтімен тоғысқан. Барша талант­ты жазушылардың табиғатында сурет­керлік болғанымен, терең, жан-жақ­ты интеллектіден туатын сұңғыла сын­шылдық көп ұшыраса бермейді. Ал сыншылдық негізінен философтарға көбірек тән сапа. Сондықтан тумысынан әрі саңлақ суреткер әрі терең ойшыл болып жаратылған сирек дарын иесі Ш.Айтматовтың шығармаларының әлі біз байқап, танып үлгермеген қырлары мен сырлары, әрине, жеткілікті. Аса көрнекті фразцуз жазушысы Луи Ара­гонның оның «Жәмила» повесі хақында білдірген: «Бұл махаббат жайлы жазылған жер бетіндегі ең әдемі хикая» деген пікірі тегіннен тегін айтылмаса керек.

 

Сөзге сөз қосылса...

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Менің Айтматовым

Қардағы гүл, соғыс жылда­рындағы махаббат, озбырлыққа қарсы тұру деген сияқты сезімдер әдебиеттің әліппесі іспетті тақырыптар. Оған оқшау оқиға, сирек сюжет аса қажет болмауы да мүмкін. Ондай туындылар бізге лиро-эпостық жырлардың жалғасы сияқты әсер етеді. Бәрі орын-орнына қойылған, қалай басталып, қалай аяқталатынын шамалайсың.

Алайда әлем әдебиетінде жарып шы­ғу үшін анық сюжет, қанық ой, өтім­ді идея керек. Оның үшеуі де Шың­ғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінде бар. Жазушы алғашқы повестерін соцреа­лизм үлгісінде жазса, соңғы аталған повесть қатал реализм бағытында туған.

 Біз социализм идеялары махаббатқа да араласқан заманда өмір сүрдік. Бірақ социализм идеялары жер шарын түгел жаулап алған жоқ қой. Сондықтан кеңес дәуірінде туған әдебиеттің аңызы сол кеңістікте өмір сүргендер үшін ғана әсерлі болғаны шындық.

Маған «Жәмилаға» ұқсайтын шығар­малар қазақ әдебиетінде неге көп деген ой келеді. Себебі Қазан төң­керісінен басталған әйел теңдігі тақы­рыбы соғыс жылдарындағы жетім-жесірлікке инерциямен қалай келіп қалғанын өзіміз де байқамаған се­кіл­діміз. Ал социалистік жүйенің ық­палындағы елдерде болмаса, әлем әдебиетінде ондай тақырыпқа мұқ­таждық болмаған сияқты.

«Жәмила» повесінде соғыс жылдарында колхоздың ат арбасын айдаған жас бала жолай үйіне қарай бұрылады. Осы кезде есік алдында Оразымбет деген бас көтерер азаматтың апасына дігірлеп дауыс көтеріп тұрған үстінен түседі. Сөйтсе, жеңгесі Жәмиланы ат арба айдауға шақырып келген келісі екен.

Сезімге құрылған сюжет, көңіл қимайтын аяулы бейнелер, оларға қиянат істегісі келетін дөкірлік, бәрі де етене көріністер. Өзінің басынан өткен ащылы-тұщылы өмірді өзіне қайта әңгімелеп бергенде көңілі босап сала беретін оқырман да бөтен емес.

Міне, осы шығарма біздің кішігірім аңызымызға айналды. Бірақ әлемдік классика болып қалған-қалмағанына уақыт төреші. Себебі бұдан да ащы жазылған, адам табиғатына бұдан да терең бойлаған, әлеуметтік қайшы­лық­тарды бұдан да өткір суреттеген шығармалар алға түсті. Ал кезінде ел жаппай оқыған «Жәмила» повесінен таңдайымызда кермек дәм ғана қалды.

Мұны Шыңғыс Айтматов өзі де іш­тей байқап, бағамдаған сияқты. «Жәмила» мен «Алғашқы мұғалімнің» дең­гейінде сүйікті жазушы ғана болып қалатынын түсінген тәрізді. Бұл арада «Әйтпесе адамзаттың Айтматовы» бола ма?» деген сұрақ өзінен өзі туып тұр.

Шыңғыс Айтматовтың заманында әлем әдебиетінің бір ширегі ғана Лениндік сыйлықпен өлшенді. Ал тұтас әлем әдебиетінің өлшемі Нобель сыйлығы болды. Осы Нобель сыйлығын алғандардың шығармаларына берілген анықтамаларды бір сүзіп шыққан­ның өзінде көз алдыңызға айқын картина келеді.

 Мәселен, «сирек кездесетін жан мен тән тазалығына толы болғаны үшін» дегендей бағаны «Жәмилаға» да беруге болар еді. Бірақ кеңес зама­нында жеке бастың қайшылығы болғанмен, қоғам қайшылығы деген болған жоқ. Жазушыларға адам таби­ғатын ашқан­мен, қоғам табиғатын ашуға шектеу қойылды. Сондықтан да бұл шығарма жеке махаббат линиясы шең­берінде ғана көрініс тапты.

«Жәмила» повесі сөз жоқ, жазушы­ның «дүр еткен талантын» айқын бай­қатты. Бірақ біз одан да гөрі «Ақ кеме» повесіне көбірек көңіл аударуымыз керек сияқты. Мұндағы әкесінің кім екенін айтуға болмайтын баланың тағдыры әлдебір астарға меңземей ме?

Шыңғыс Айтматовтың өзі де әкесі туралы айтуға болмайтын бала болып өсті емес пе? Жазушының кішкене кү­нінде халық жауы болып ұсталып, аты­лып кеткен. Біз бойлай алмаған иірімнің тереңінде сол қасіретті жыл­дар­дың табы жатқан жоқ па? Міне, бала басындағы ащы тағдырдың ағысы қайда тартады!

Біз кеңес заманында лирикалық дүниелерге бейімделген оқырманбыз.

Айтматов ашық тақырыптарға бара бастағанда кейбіреуміздің тосырқай қабылдағанымыз содан болса керек. Бейне Айтматов жаңа кеңістікке шығып кетіп, біз өзіміз ескі оқырман деңгейінде қалып қойған тәріздіміз.

Ал Айтматовтың кейінгі романдарын «Шындықты табу жолындағы табан­дылығы үшін», «Көркем шығар­маларының биік идеализмі үшін», тіпті немесе «Орталық Азия әдебиетіне жаңа дәуір әкелгені үшін» деп бағалауға болатын сияқты. Мұның алғашқы екеуі Нобель сыйлығын алған шығармаларға берілген қысқа жол анықтамалар.

Айтматов шығармашылығының екі кезеңін «Теңіз жағалай жүгірген тар­ғыл төбет» бөліп тұр. «Теңіз жағалай жүгір­ген тарғыл төбет» әлемдік деңгейде бестселлер болуға әбден лайық шығар­ма. Онда бестселлер болуға лайықты шарт­тардың бәрі бар. Ең бастысы, повесть қай жастағы оқырман үшін де өте қызықты оқылады.

Ұрпақ жалғастығы туралы үлкен притчада құдайлық, хадистік, мысалдық сарын бар. Жазушы қаламынан ұлы аңшы, ұлы теңіз, ұлы тұман деген асқақ атаулар бекер туып отырған жоқ. Ол онсыз да үлкен мұраттар жолында жандарын құрбан еткен теңіз аңшыларының романтикалық өмірін биік сана деңгейіне алып шығып отыр.

Шыңғыс Айтматовтың кейінгі романдары осы деңгейден түскен жоқ. Бір ғана мәңгүрт идеясы әлем әдебиетіне үлкен жаңалық болып қосылды. Әлем әдебиетшілерінің адамзат санасындағы жаңа құбылыстарға берген түйінді бағасы ретінде қабылданды.

Бірақ оған осы шығармалары үшін берілуі мүмкін деген Нобель сыйлығы берілген жоқ. Оның да мың түрлі астары барын ішіміз сезеді. Айтматов қай жүйенің жазушысы деген сұрақ әлі де алдан шыға берері сөзсіз. Алайда біз «Адамзаттың Айтматовы» деген өз бағамыздан айнымақ емеспіз.

 

Әңгімені жүргізген

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»