Әлем • 17 Қаңтар, 2020

АҚШ-Иран дағдарысы: алда не күтіп тұр?

645 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Иранның шетелдегі, атап айтсақ Таяу Шығыстағы әс­кери ықпалының символы саналатын генерал Қасым Сүлей­манидің АҚШ тарапынан өлтірілуі бүкіл әлемнің назарын АҚШ-Иран дағдарысы­на аударды. Иранның қар­сы соққысынан ешқандай америкалық әскерге нұқсан келмеуіне орай АҚШ президенті Трамптың жасаған «сабырлы» мәлімдемесі дағдарыстың әзірге саябырсығанын көр­сетеді. Дегенмен Түркі-Ислам әлемінің қақ ортасын­да ор­наласқан Иранның бола­шағы Қазақстан үшін де маңызды екені айқын.

АҚШ-Иран дағдарысы: алда не күтіп тұр?

АҚШ-Иран дағдарысы туралы сөз қозғағанда, Иранның Еуразия құр­лығындағы стратегиялық ор­нын ескеруіміз керек. Ұзақ жыл­дар бойы Иран – Ресей/Кеңес Одағы және Британия/АҚШ ара­сындағы бәсе­кенің ала­ңы ретін­де зардап шегіп кел­­гені мәлім. Стратегиялық орна­ласуы ар­қа­сында державалар теке­ті­ре­сінде ол өзінің тәуел­сіздігін сақ­тап қалды. Геосаяси терминдер тұрғы­сынан Иран теңіз державалары мен құрлық державалары арасында тепе-теңдікті ұстау қабілетіне ие. АҚШ-Иран дағдарысын сараптағанда осы жағдайды ескеруіміз керек.

1979 жылға дейін Иран АҚШ-тың одақтасы болды. Алайда, Ислам төңкерісі Иранға тәуелсіз саясат жүр­гізуге мүмкіндік берді. Осы күннен бас­тап АҚШ Иран үшін «Үлкен шай­танға» айналды. Дегенмен АҚШ Иранды қай­тадан өзіне қарату ниетінен ешқашан бас тартқан емес. АҚШ президенті Барак Обаманың тұсында бұл дипломатиялық жолмен жүргізілді. Оның үстіне бір жағы­нан Ресейдің қайта күш жинауы, екін­ші жағынан Қытайдың аймақтағы ықпалының артуы және Таяу Шығысқа қарай енуі Вашингтонды Иранға қа­тысты жұмсақ саясат жүргізуге мәж­­бүр етті. Бұл жерде Еуропа ел­дері­не маңызды міндет жүктелді. Ішкі саясатта Хасан Рухани сияқты рефор­маторлар осы саясаттың ішкі өлшемін қалыптастырды. Х.Ру­ханиге «Иранның Гор­бачеві» рөлі берілді. Егер бұл жоба сәтті болғанда, Иран Кеңес Ода­ғы сияқты Батысқа біртабан жа­қын­дап, оның құндылықтарын қа­был­дап, «Ислам революция­сы» болмысынан бас тартатын­дай еді. Иранды өз жағына шы­ғарған АҚШ солтүстікте Ресейге, шығыста Қытайға әсер етеді. Каспий аймағында АҚШ-тың ық­палы күшейіп, Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасы да тығырыққа тіреледі. Шын­дығында бұл стратегия Обаманың кезінде жұмсақ тәсілмен жүзеге асса, Трамп тұсында күшке ба­­сымдық беріліп отыр.

Обама тұсында АҚШ-тың бұл саясатын болжаған аймақ ел­дері Иранды АҚШ-тың ық­палы­на бермес үшін және екін­ші жағынан АҚШ-қа қарсы Иран­да балама болу үшін 2015 жы­лы қол қойылған Ядролық келі­сім­шарт шеңберінде Иран-АҚШ жақындасуын қолдады. Халық­аралық санкциялардан құ­тылып, Иранның мұнай және газ нарығына оралуы Ре­сей мүд­десіне теріс болса да, Мәс­­кеу оған қарамай, Иран­ды Еу­­ра­­зия­лық интеграция жо­ба­­­ларына қарай икем­деді. Бұл тұр­ғыда Каспий теңізі, Солтүс­тік-Оңтүстік тасымал дәлізі жә­не Иранның Еуразиялық эконо­ми­калық одақпен еркін сауда келі­сім­шарты күн тәртібіне енді. 2018 жылдың 12 тамызын­да Каспийдің құқықтық мәртебесінің бекітілуі және 2018 жылдың 18 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда айналымы туралы келісімге қол қойылуы Ресей үшін үлкен же­тістік болды.

Иранның экономикалық оқ­шау­­ланудан құтылуы Қытай­дың мүд­десіне де сәйкес еді. Әсіресе 2013 жылы басталған «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында Иранның орны маңызды. Қытайдың бұл жаңа Жібек жолы жобасының «Орталық Азия-Батыс Азия дәлізі» құрлықтан өте­тін негізгі бағыт еді. Осы дәліз ар­қылы Қытай бір жағынан Таяу Шығыстың энергетикалық ре­сурс­тарына құр­лық арқылы қол жеткізсе, екінші жа­ғы­нан Ресей­ден өтіп Еуропаға жете­тін тасы­мал жолдарына балама қалып­­тастырады. Бұл өз кезегін­де Қытайдың Ресейге бағыныш­тылығын азайтады. Сонымен қатар бұл желі Бейжің үшін АҚШ-Қытай бәсекесі жағдайында өзекті болып табылады. Себебі АҚШ-тың Оңтүстік-Шы­ғыс Азия жағалауындағы одақтас елдері, әсіресе Малакка бұғазы мен Суэц каналын бақылайтын елдер Қытай­ға қарсы шықса, Қытайдың халық­аралық саудасына және энер­ге­тикалық қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Осыған байланысты Қытай Иран­ның қалпына келіп, шығыс-батыс ба­ғытындағы сауда және тасымал дәліздеріне белсенді қатысуын қалай­ды. Бұл тұрғыда санкциялар алынып тасталғаннан кейін, 2016 жылы Иран­ға алғаш болып сапар шеккен шетел­дік мемлекет басшысының Си Цзиньпин болғаны өте мәнді.

Алайда, «Ислам революция­сы­­­ның сақшылар корпусы» және осы күш­тің артындағы Иран билігі Х.Рухани бастаған сырт­қы саясат пен экономиканы қал­пына келтіру үдерісін аймақ­тағы Иранның әскери ықпалын одан әрі нығайтуда шебер қол­данды. Хасан Рухани 5+1 ел­дер­і­мен (АҚШ, Ресей, Қытай, Бри­тания, Франция, Германия) келіс­сөздер жүргізіп жатқан кезде, «Революция ұландары» шы­ғыста Ауғанстанда, оңтүс­тікте Йеменде, батыста Ирак пен Сирияда ықпалын күшейте түсті. Дональд Трамп билікке кел­ген кезде, АҚШ-тың Ядролық келі­сім­шартпен Иранды өзіне қаратуы былай тұрсын, Теге­ран Вашингтонның алдын орап кет­кендігі айқын болды. Сондықтан Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы сая­сатын өзгертіп, барынша қы­сым қолдану арқылы оны тізе бүктіру бағытын таңдады.

Ең алдымен, Трамп 2018 жы­лы жасалған Ядролық келісім­шарттан шықты және Иранға қарсы біржақты тәртіппен санкциялар қолдана бас­тады. Бұл санк­циялар 2019 жылы одан әрі үдей түсті. Екіншіден, АҚШ Иран­ның аймақтағы ықпалының бел­гісі болған «Революция сақ­шы­ларын» террористік ұйым деп сипаттады. Осы кезеңде АҚШ Парсы шығанағы төңірегінде өзінің әскер санын арттыра бастады. Бұл жердегі басты мақсат – Иранды арандату арқылы қателік жасауға итермелеу. АҚШ-тың осын­­дай қадамдарының ең соң­ғы­сы генерал Сүлейманиді өлтіру болды.

Бұл жағдайда «АҚШ-тың Иран­ға соққы жасауы мүмкін бе, егер жасайтын болса қашан жа­сайды?» деген сұрақ туындай­ды. Әзірге АҚШ-тың Иранға шабуыл жасамайтындығы көрі­ніп тұр. Себебі Трамп үшін Из­раильдің қауіпсіздігі маңызды. Егер АҚШ Иранға шабуылдаса, Израильге араб елдері тарапынан қауіп төнеді. Расында, АҚШ Иранды араб елдеріне, әсіресе Сауд Арабиясына жау және қауіп ретінде көрсетіп, олардың Из­раильге қарсы жұмылуына жол бермей отыр. Араб бұқаралық ақпа­рат құ­рал­дарында қазіргі кезде Палес­тина мәселесі емес, Иран қауіпі мәсе­лесі кеңі­нен тал­қы­лануда. АҚШ-тың көксе­гені де осы. Егер «күшті Иран» аймақтағы бұл сипатынан айрылатын болса, онда АҚШ араб елдерінің назарын аударатын жаңа «дұшпан» табуы керек болады. Тарихтағы Османлы-Араб қатынасының тереңіне үңілсек, онда келесі кезектің Түркияға келуі де мүмкін.

Қорыта айтқанда, АҚШ-Иран дағ­дарысы аймақтық, тіпті жаһан­­дық саясатқа әсер ететіні сөзсіз. Мұның се­бебі – Иранның стратегиялық маңыз­дылығы. Иран­ды өз бақылауына алған ел бүкіл аймақты уысында ұстайды. Трамп­тың діттегені Иран үкі­метін ішкі толқулар арқылы құ­ла­тып, өз ықпалындағы үкі­мет­ті жасақтауға қол жеткізу. Бас­қа­ша айтқанда, Украина мен Грузиядағы «барқыт төңкерісі» әдісі мұнда да қолданылуда. Мұндай төң­керіс елде демокра­тия­лануға апа­рады деп есепте­леді. Расында, Иран­ның демо­кра­тиялық мәдениеті ай­мақ елдеріне қарағанда әлдеқайда дамы­ған. Оның үстіне, ирандықтар діннен және діннің шектеулерінен шаршаған. Бұл жағдайда ислам дініне сүйенген билік саяси аренадан кететін болса, Иранның АҚШ жағына шығуы ықтимал.

АҚШ бұл үдерісті жылдамдату үшін Иранға қарсы соғыс ашуы да мүмкін. Бірақ Сүлейманидің ажалы тағдыршешті кезеңде иран­дықтардың жұмыла қалаты­нын көрсетті. Оның үстіне Ресей мен Қытай елдері мұндай ша­буыл­ға көз жұма қарай алмай­ды. Ресей мен Қытай үшін Иран­ды жоғалту Таяу Шығыс ай­мағынан айрылумен бірдей. Сон­дықтан Мәскеу мен Бейжің Ирандағы өз мүдделерін қорғау үшін Ислам үкіметіне қолдау көр­сететіні анық. Егер АҚШ-Иран дағдарысы соғыс шегіне жетсе, олар агрессивті тұрғыда бола­ды. Бұл тұрғыдан қарағанда, аймақ елдері қысқа мерзімді перспективада соғыс сценарийін күтпейтіні белгілі.

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

АНКАСАМ (Анкара дағдарыс пен саясатты зерттеу орталығы) Еуразия бөлімі басшысы