Әлем • 17 Қаңтар, 2020

Сенат Трампқа импичмент жариялай ма?

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өкілдер палатасы АҚШ президенті Дональд Трампқа жарияланған импичмент құжатын ресми түрде Сенатқа тапсырды. Енді жоғарғы палата өкілдері Ақ үй басшысының тағдырын майшаммен қарамақ.

Сенат Трампқа импичмент жариялай ма?

Естеріңізде болса, өткен айда Өкілдер палатасы көпшілік дауыспен Д.Трампқа импичмент жариялау туралы шешім қабылдаған-тұғын. Алайда, палата спикері құжатты Сенатқа беруге асықпаған-ды. Ақыры ұзақ уақыт талқыға түскен құжат мәреге жақындап келеді.

АҚШ президенті Д.Трамп биылғы сайлаудағы басты қарсыласы Джо Байденнің Киевтегі әрекетін тексерту мақсатында Украинаға құпия түрде 391 миллион доллар берді деген күдікпен айыпталып отыр. Сондай-ақ Өкілдер палатасы импичмент мәселесін қарастыру кезінде кей құжаттарды жасырып, куәгерлерге кедергі жасады деп есептейді.

Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің айтуынша, мұндай құжаттың қабылдануы әрдайым қиын. «Президенттің әрекеті ұлттық қауіп­сіз­дігі­мізге нұқсан келтіріп, өз әкімшілігінің абыройын төгіп, дауыс беру барысын бұзып, осындай жағ­дайға жеткізгені еліміз үшін өте өкінішті, өте қиын. Президент бәріне жауап беруі тиіс. Ешкім заңнан жоғары емес», деді ол импичмент құжатына қол қою рәсімінен кейін.

Осылайша, жоғарғы палата өкілдері Трамптың тағдырына қатысты құжатты 21 қаңтардан бастап ег­жей-тегжейлі зерттемек. Импичментті қарау тәртібі де ерекше. Әуелі құжат Сенатта оқылуы тиіс. Содан кейін палата депутаттары мен Жоғарғы Сот ант береді. Содан кейін ғана құжат жұмысқа алынады.

Ант беру рәсімі аяқталған соң Сенат арнайы хат әзірлеп, Д.Трампты парламенттік тыңдалым­ға шақырады. Негізі аталған жиынға Ақ үй бас­шы­сының қатысуы міндетті емес. Д.Трамп өз орнына сенім білдірген өкілін жіберуіне мүмкіндігі бар.

Д.Трамп өзіне тағылған айыптармен келіспейді. АҚШ президенті Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелосиге хат жолдап, оны Америка демо­кра­тиясына соғыс ашты деп кінәлаған. Прези­дент әкімшілігі де бәрін жоққа шығарып отыр. «Пре­зидент Трамп ешқандай өрескел әре­кет жасаған жоқ. Сондықтан оның ақталып шығаты­нына сенімдіміз», делінген Ақ үй таратқан мәлім­демеде.

Айта кетерлігі, АҚШ Сенаты өз тарихында үшінші рет қана импичмент мәселесін қарастырмақ. Өкілдер палатасы 1868 жылы Эндрю Джонсонға, 1998 жылы Билл Клинтонға қатысты іс қозғаған-ды. Әйтсе де, Сенат екі президентті де ақтап шық­қан-тұғын. Қазіргі таңда Сенатта 100 депутат бар. Оның 53-і республикашыл, 45-і демократ, қалған екеуі партиясыз. Д.Трампты өз құзыретін асыра пайдаланды деп тану үшін палата депутаттарының үштен екісі импичмент құжатын қолдап дауыс беруі керек. Алайда, Сенатта Ақ үй басшысы­ның жақ­тастары – республикашылардың көп екенін ескерсек, Д.Трампқа импичмент жариялануы екіталай.

Өкілдер палатасы импичмент құжатын Сенат­қа тапсырғаннан кейін Д.Трампқа тағылған айыпқа қатысты жаңа дерек табылды. Онда АҚШ президентінің жолдаған хаттары, телефон арқылы сөйлесуі, жазбалары бар. Бұл дәлелдерді бизнесмен Лев Парнас тергеушілерге тапсырған екен. Л.Парнас кезінде Д.Трамптың жеке заңгері болған Рудольф Джулианимен жақын араласып, деректерді содан алған көрінеді.

Сондай-ақ тағы бір мәселе әлі шешілмей тұр. Жоғарыда айтылған деректер мен куәгерлерді тыңдалымға шақыру үшін Сенат дауыс беруі керек. Алайда, Сенат құрамының көпшілігі республикашылар екенін ескерсек, тың мәліметтер ескерілмей қалуы ықтимал. Қысқасы, АҚШ-та сайлау алдында саяси жағдай шиеленісіп тұр.