Руханият • 17 Қаңтар, 2020

Бәріміздің Абайымыз

627 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ұлы перзенті Абай 59 жыл өмір сүрген. Биыл оның дүниеге келгеніне – 175, дүниеден озғанына – 116 жыл. Бүгін бәріміз ұлы ақынды еске алудамыз, мұның, әрине келешекте де жалғасатыны сөзсіз. Туған жерінде ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның әр аймағында, ауылда, қалада, күллі Түркі әлемінде барша әдебиетшілер, өнерсүйер, әдебиетсүйер қауым еске алады. Бұл бір ғұмырға бірнеше ғұмырды сыйғызу дегенге сай келеді.

Бәріміздің Абайымыз

«Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мыз­ға қашанда рухани азық бола алады.

Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн». Бұл ойлар Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласында айтылды. Бағдарлама сипатындағы терең мазмұнды мақала, 175 жыл бұрын қазақ халқына Күн секілді туған ұлы тұлға – Абайдың бүгінгі ұрпақтар үшін маңызды әрі өзекті екенін көрсетеді. «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» сынды тақырыптармен қуатталған жалпы пікірге сәйкес, жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайды. Бұл ретте, ең алдымен, ұлттың қадір-қасие­тін арт­тырып, халықтың бәсекеге қабі­леттілігін жетілдіруге баса мән беріледі. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлікке іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет болады. «Біз Абайдың 175 жылдық мерейто­йына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз», деп жазады қазақ елінің басшысы.

Абай! Алып империяның шалғай ауылында дүниеге келіп, небәрі 59 жыл өмір сүріп, жаңашыл әдебиетші, тіл жанашыры, композитор, ағарту­шы болу… Осылайша ерекшеле­ніп, танымал болу, әрине кездейсоқтық емес! Шығармаларынан нәр ал­ған ұр­пақтары жанымен, қанымен, күреспен тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстан Республикасында мемлекет деңгейінде 175 жылдық мерейтойын атап өтуде! Әрине бұл ретте, Абай бұлағынан су ішкен Мұхтар Әуезовтың рухына бас иіп, еске аламыз. Абайдың шығармаларын кезін­де өзге тілдерге аударған әде­биет­шілердің, зерттеп, дәріптеген ғалым­дардың рухтары пейіште шал­қысын. Абайдың атын құрметтеп, ескерткіштер орнатқан, көшелерге, саябақтарға, алаңдарға, оқу орындарына атын берген ел азаматтарын, қазақ бауырларымызды шын жүректен құттықтаймыз! Қазақстанның Каспий теңізі арқылы көршісі әрі туыстас бауыры Әзербайжан да Абайды сүй­ді, зерттеді, әлі де зерттейді. Өйт­кені Абай­ды сүю – қазақ халқын сүю, Абай­ды зерттеу – қазақ елін зерттеу, Абай­ды сүю және зерттеу әдебиетті, өнерді, ұлттық құндылықтарды, бауыр­ластықты терең ұғынуға, рухтанып қанаттануға жетелейді… Абай­ды зерделеген сайын сүйесің, сүйген сайын зерделейсің! Абай – түр­кі­нің ортақ өткенінен ортақ бола­ша­ғына апаратын құтты жолдың қазақ жеріндегі, қазақ мәдениетіндегі негізгі темірқазығы.

Абайдың аты қазіргі қазақ әдебиеті­нің негізін қалаушы, ағартушы, ымырашыл ислам негізінде қазақ мәдение­тін орыс және Еуропа мәдениетіне жақындастыруды қолдаушы ретінде тарихқа алтын әріптермен жазылды. Қазақстан – Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан, ұлтаралық, мәдениетаралық келісім орнаған, өзіндік ерекшеліктер мен рухани жауапкершіліктерге ие мемлекет. Қазақ бауырларымыздың осы табиғи, қалыпты жағдайды мүмкіндіктерге айналдырып, табыстарға қол жеткізуі қуантарлық жайт. Алып қазақ жерін­де, қазақ мәдениеті ортасында бүгінгі қазақтың (жалпытүрктің) рухани байрағының желбіреуі маңызды мөлшерде Абай танымы, Абай беделі, Абай тұлғасы және Абай жолында аянбай еңбек еткен жасампаз тұлға­лардың арқасында мүмкін болды.

Абай мұрасы қазақ фольклорымен, поэзиясымен тығыз байланыс­ты болуымен қатар қазақ поэзиясын жаңа форматтармен байытып, жаңа мазмұн енгізді. Шын аты ИбраҺим болғанымен өмір бойы анасы берген «Абай» атын қолданды, «Абай» атымен танылды. «Ықылас, ынта назар, сақ» мағынасына келетін бұл поэтикалық есімнің хақысын иесі артығымен өтеді. Абайдан бұрын Абай есімін иеленуші болды ма, болмады ма, нақты білмеймін, алайда бұл есімді алғашқы боп шыңға шығарған Ибраһим Құнанбайұлы болғанын нақты айта аламын. Және ол шың, ол есім, қазақ халқы барда, қазақ елі барда, Абайсүйер қауым барда, Түркі әлемі барда, қадірлейтін оқырман барда мұзарт шың болып қала бермек!

Сөз соңында тағы бір рет «Абай және Әзербайжан» тақырыбына тоқталғым келеді. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың (абайтанушылар да айтып жүргендей) қазақ ауыз әдебиеті, орыс және еуро­па әдебиетімен қатар жалпы шығыс әдебиетінен, соның ішін­де әзер­бай­жан әдебиетінен, әлем ақын­дары­ның көшбасшысы Низамидің шығар­машылығынан шабыт алуы да біз үшін үлкен қуаныш.

Әзербайжанның ел ордасы Баку қаласындағы (өзім де тұрып жатқан) Бинәқәди ауданының орталық көше­лерінің бірі – Абайдың есімімен аталуы біз үшін зор құрмет. Ол көшеде «Жастар сарайының» орналасуы да кездейсоқтық емес, тағдырдың жазуы деп есептеймін. «Жастар сарайының» кітапханасында Абайдың әзербайжан тіліне аударылған кітаптары бар екеніне және жастардың ол кітаптар­ды оқитынына сенімдімін. Сол жас­тардың ішінен келешекте түркі елдері мен халықтарының мәдени бірлігіне өз үлесін қосу арқылы ұлы тұлғаның рухын шаттандыратын әзербайжан азаматтары шығатынына да сенімдімін.

 

Әкбар Қошали,

ақын, публицист

 

Әзербайжан Республикасы,

Баку