Руханият • 17 Қаңтар, 2020

Ғасырларға ұласар ұлы тұғыр

199 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздігінің әрбір кезеңдерінде биіктерден көрініп, экономика­лық қуатының, әлеуметтік сапасының, саяси тұрақтылығының артуын қамтамасыз ету бағы­тын­да дамып келеді. Бұл орайда руханият саласына да айрық­ша мән берілуі қалтарыста қалған емес. Соның ішінде Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев ұсын­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама жалпы қоғамдық серпін беріп отырғаны бар­шамызға аян.

Ғасырларға ұласар ұлы тұғыр

Міне, осынау стратегия­лық кемең­гер­ліктің жалғасы, сабақтастығы деп таны­лып, жаппай қызығушылық ту­ғыз­ғ­ан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан» атты мақаласының қоғамдық мән-маңызы ерекше деп білемін.

Оны іске асыруда үлесі­мізді қосу азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Мақалада хакім-данышпан Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ұлы ақын мұраларын оқу, насихаттау жолымен қоғам­дық дамуымыздың бар­лық саласына рухани сер­пін беріп, азаматтық сананы қайта түлету көзделген. «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бе­йімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселге айналды», дей отырып, ел Пре­зиденті сол арқылы ХХІ ғасырда елі­міздің тың қарқынмен дамуына жол ашу жүзеге асырылатынын атап көрсетті.

Ұлтымыздың интеллектуалды дең­гейін көтеріп, қо­ғам­ның дамуына кедергі кел­тіретін, береке-бірлігімізге іріт­кі салатын жағымсыз әдет­терден арылу керектігі Абай шығармаларында да ай­тыл­­ған. Бұл ретте Абайдың «То­лық адам» тұжырымы бағ­дар бола алады. «Ақыл, қай­рат, жүректі бірдей ұста, Сон­да толық боласың елден бө­лек» деп, адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайратпен бір­ге жылы жүрек те керек еке­нін айт­қанынан қазақ хал­қы­ның өмірінің басты ұста­нымы дегенін аңғарамыз. Осын­дай түсінік халқымызды ғасыр­лар бойындағы түрлі қиын­дық­тар­дан аман-сау өтуге, өзгелерге де қамқорлық жасау салтына негіз болғаны тарихқа аян.

Осы орайда, мемлекетіміз халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытын ұстанып отырғанын ризашылықпен ай­тар едім. Әлеуметтік жан-жақ­ты көмектерді айт­па­ған­ның өзінде, бел­гі­лі бір кәсіппен айналысу жолдарын ашып, әдіс-тәсілдерін көрсетіп отыр, сөй­тіп әлеу­меттік қол­дау жаңа кәсіпкерлік­ті өмір­ге әкелуге қызмет етуде. Бұ­ның өзі жұ­мыссыздықты бол­дыр­мауға бағыт­талуда, жал­пы­ға ортақ еңбек қоғамын құру­ға бастайды. Мен осыған қуанамын.

Білім мен ғылымды мең­геру – ел дәулетін көтеру­дің кепілі. «Талап қыл артық білуге» дегенде, Абай осыны меңзейді. Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да осы бағыттағы игі баста­ма­лардың бірі екенін мәлімдеді. «Бұл сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Ұстазға құрмет көрсетіп қадір­леу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуі­не жағдай жасауы керек», деп жаза­ды Мемлекет басшысы. Өзім педагог қызметкер бол­ған­дықтан, бұл сөздердің мәні мен ақиқаттығына кепіл бере аламын.

Сондай-ақ аталған мақа­лада қазақ тілінің мәртебесін көтеруде, оны дамытуда Абай өсиеті қанаттандыра түсеті­ніне сенім білдіреді. Қазақ тілін үйре­нуге басым­дық бере отырып, қазақ­стан­­дық­тарды ағылшын тілін мең­геруге шақы­рады. «Өзіміз­ден озық тұрған жұрт­пен деңгей­лес болу үшін оның тілін мең­геру­дің маңызы зор», дейді Президент.

Түрлі өнерді игеруге үн­дейтін Абайды интеллектуал­ды ұлт қалыптастыру идея­сының негізін салушы деген әділ баға – Абайға жаңаша қарау­ға үндейді. Ұлы ағарту­шы­ның туындыларын заман ағы­мына лайықтап қабыл­дауға жол салын­ған мақалада.

Ұлы ақынның өлеңдерінде ұлтын қатты сынайтыны бел­гілі. Ал ақынның бұл көз­қара­сы осы арқылы хал­қы­мыз­дың «Сын түзелмей, мін тү­зелмейді» деген да­налығымен үндесіп жатқанын аң­ғарамыз.

Ұлы ақын өз шығарма­ларын­да елдік мұраттарды асқақтатып, ұлт тұтастығын ұйыстыруды көздеді. «Сы­бырдан бас­қа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ», артық мақтанға үйір болу сияқты келең­сіздіктерді аяусыз сынау арқылы олардан арылуға көзімізді ашады. Абайды оқыған ұрпақ өзін-өзі игеріп, өзін-өзі жетілдіріп, елге адал қызмет етпей қала алмайтындай болып өсетініне сенім мол. Мемлекет басшысының «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абай­дың шығармаларын мұ­қият оқуы­мыз керек» дегені мектепке де қатысты. Сон­дық­тан алдағы уақытта оқу жос­пар­ларын­да, білім бағдар­ма­ларында Абай­ды арнайы жүйелі оқу сағаттарын белгі­леуді қарастыру керек деп ойлаймын.

Абай мұраларына бет бұру науқан емес, ол тұрақты іс екені құқықтық-нормативтік заңнамаларда анықталса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Елбасы бастап, елі қостап, биік белес­терді бағындырдық. Озық елулік­ке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақ­сатқа мерзімінен бұрын жеттік. Озық отыз­дыққа қосылуды ме­желе­дік. Ол межеге де жетеміз. Сол ме­жеге жетуге де ұлы Абай мұ­расы көмектесе алады», де­ген, Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы­ның нұсқамасы ұлы мақ­сат­тарға бастайды. Абай жы­лын­да ғасырларға ұла­са­тын ізгі­лікті өсиет-өнегенің мыз­ғы­мас тұғы­ры қаланады деп білемін.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері