Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Қала маңындағы мекендер дамиды

806 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметке еліміздің ең ірі үш қаласы әкімдіктерінің құзыретін, оның ішінде қала құрылысы сая­сатында, көлік инфрақұрылымы мен сәулет келбетін қалыптастыруға байланысты тапсырма берген болатын. Осы орайда, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары салаларын реттеуді жетілдіру, жасыл қорды сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, коммуналдық меншікті басқару, көлік, әлеуметтік мәселелер бойынша отызға жуық ұсыныс енгізілген-ді.

Қала маңындағы мекендер дамиды

«Алматы қаласының ерекше мәр­те­бесі туралы», «Жергілікті мем­ле­­­кет­тік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы», «Сәулет, қала құ­ры­лысы және құрылыс қызметі туралы» заң­­дарға енгізілген өзгерістер мен то­лық­ты­ру­лар­ға сәйкес оңтүстік ша­һар келбеті қалай түрленеді? Жыл санап құлашын кеңге жайған Алматы аясындағы елді мекендер қалай дамиды? Жұртшылықтың көкейін­дегі көптеген сауалдарға жауап бере отырып, Алматы қаласы әкім­ді­гінің баспасөз орталығында брифинг өткізген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев, «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Ізтіле­уов, сондай-ақ Алматы қаласы жер қа­ты­­нас­­та­ры басқармасының басшы­сы Ардақ Самамбетов, Қалалық жос­пар­лау және урбанистика бас­қар­­­масының басшысы Алмасхан Ахмеджанов оңтүстік ша­һар­дың ерек­ше мәртебесіне қатысты ма­ңыз­ды жайт­тармен бөліскен болатын.

Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, заңнамада бекітілген талаптар Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес қала және қала айналасындағы аймақтарда құрылыстарды жоспар­лау­ға, үйлестіруге мүмкіндік береді. Тың жобаларды жүзеге асыру барысында тұр­ғын­­дардың мүддесі мен талаптары еске­рі­летін болады. Әкімдік құзыретінің кеңеюі қала құр­ылысы үшін, сондай-ақ қала маң­ындағы аумақтарда әлеуметтік, тұрғын үй, көлік, инженерлік және басқа инфрақұрылымды дамытудың тиімділігін арттыруға қолайлы болып отыр. Осы орайда, Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың өңіраралық жоспары әзірленген. Онда халықты тұрғын үймен, әлеуметтік қызметпен қамта­ма­сыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, көлік және инженерлік инфра­құр­ылымды дамыту, қаланы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, жаңа туристік нысандарды дамыту мен экологияға қатысты нақты жобалар көрініс тапқан. Сонымен қатар биыл қала мен облыс аумағында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына қатысты жоспар әзірленіп отыр.

Мың жылдық тарихы бар әрі қаржы орталығы болып саналатын Алматы бүгінде сәулет келбеті қа­лыптасқан мәдени орталық. Осы орайда қаланы безендіру мен құ­ры­лыс жүргізуді регламенттеу, ғима­рат­тардың сәулет кел­бетін сақтау бо­йынша ережелер қабылдау уақыт күттірмейді. Мамандар абат­тандыру, жасылдандыру, жарық­тан­дыруды стандарттар аясында жүзеге асыруда осы уақытқа дейін кездескен бірқатар бейберекетсіздіктерге жол беріл­мей­ті­нін айтады. Сонымен қатар жаңа ережелер балабақшалар мен мек­теп­тер, сауда және қосымша білім беру орталықтары, спорт секциялары, медициналық, тұрмыстық қызмет нысандарының дамуына да барынша көңіл бөлінеді. Мұның барлығы қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне, бизнесті дамытуға бағытталады. Ал жоспарланған бар­лық өзгерістер қоғам және іскерлік орта өкілдерімен талқыланатын болады.

Алмасхан Ахмеджанов атап өтке­нін­дей, қаланың ерекше мәртебесі туралы заңнама бүгінде қаланың дамуы­на кедергі келтіріп отырған көптеген мәсе­лелердің оң шешімін табуына мүм­кіндік береді. Әр қаланың өзіндік кел­бе­ті, даму бағдары бар дейтін болсақ, бүгінде екі миллионға жуық халқы бар Алматыда қалаішілік әрі қала маңы мәселелері жеткілікті. Алдағы уа­қытта нормативтік талаптарға орай тиісті стандарттар қабылданып, онда қала­ның сәулет келбетін сақтауға, ғима­раттарды қала ескерткіштерінің қата­рына қосу жайындағы ережелерді бекіту мен сақталуына ерекше көңіл бөлі­нетін болады. Сонымен қатар қала­ны безендіруде де белгілі талаптар сақ­та­ла­ды.

Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самам­бетовтың айтуынша, бүгінде қала­дағы жерлердің тоқсан пайызға жуы­ғы жеке меншіктің үлесінде. Заң аясында осы жерлерді мемлекет иелігіне қайтаруға байланыс­ты қызметті жүзеге асыратын кә­сі­порын құру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде жиырмадан астам жоба­ның жүзеге асып жатқанын еске­ретін болсақ, Құлжа трактіндегі Рыс­құлов-Емцов жол айырығы, Абай даң­ғы­лындағы, т.б. ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты 600-ге жуық жер учаскесіне қатысты жұ­мыс жүр­гі­зілуде. Ал мемлекет қажетіне орай қайтарылатын жер учас­келерінің ие­ле­ріне нарықтық баға­мен өтемақы төле­не­тін болады. Қал­аның бас жоспарын жүзеге асыру бары­сында Алматы агломерациясы, Алматыны дамытудың 2050 жылға арналған стратегиясына сәйкес көлік, энергетика, әлеуметтік нысандарды салу барысында жер телімдерін пай­да­лануға байланысты нақты талаптар қарастырылған.

 

АЛМАТЫ