Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Жер иесін тапса игі

375 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу мәселесі өткір қойылуда. Өңір басшысы Ғали Есқалиев бұл жайында facebook парақшасында арнайы ескерту де жариялады.

Жер иесін тапса игі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жер­ді кім игерсе, соған тиесілі бо­луы керектігін және пайдаланыл­май жатқан жерлерді қайтару қа­жеттігін атап өтті. Біз 2019 жыл­­­ды қорытындылап, облыста пай­даланылмай жатқан ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жерлер, оларды мемлекет меншігіне қайтару және айналымға енгізу мәселелері бойынша кеңес өт­кіз­­дік. Биыл өңірде ауыл шаруа­шы­лығы өндірісін жүргізу үшін 388 мың га жер конкурс арқы­лы жер пайдаланушыларға бе­ріл­ген екен. Алайда облыс бо­йын­ша жер учаскелерін пай­да­лан­бай отырғандар да бар. Қа­зірде пайдаланылмай жат­­қан 1 млн 749 мың га ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жер телімі анықталды. Бұл жер­лердің 88%-ы бойынша тиісті шаралар қабылданса, қалған 12%-ын мемлекет меншігіне қайтару жұ­мысы жүргізілуде, – дейді Ғали Есқалиев.

Қазақстанда соңғы жылдары жер мәселесі жиі көтеріліп, жер пайдаланушыларға талап кү­шейтілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін алып, бірақ игермегендер үшін базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыру қажеттігін Президенттің өзі атап өткен еді.

Бұл жөнінде белгілі экономист Мұхтар Тайжан да латифундия мен неофеодализмге, яғни әділетсіз кәсіпкерлік формасына жол бермеу туралы жиі мәселе көтеріп жүр. «Кейбір «қолы ұзын» адамдар ауылшаруашылық мақсаттағы алып аумақтарды алып алады да, өзі ештеңе істемей, әрі кетсе жерді субарендаға беріп қойып, пайда тауып жатады. Алайда ол жердің жағдайына алаңдамайды, соның салдарынан бонитет балы төмендеп, эрозия артады. Жер – халық қазынасы, бізге бабаларымыздан қан мен тер төге отырып қалған өте шектеулі ресурс. Оған сол жерде нақты еңбек ететін, өмір сүретін, қамқорлықпен қарайтын адам ғана иелік етуі керек. Бұл өте өзекті мәселе. Сондықтан ауыл­шаруашылық жерлерінің субарендасына заңмен тыйым салу, егер ауылшаруашылық мақ­саттағы жер 2 жыл ішінде өз мақ­сатында игерілмесе мемлекетке қайтарылуы қажет» деген еді экономист.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 6 907,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде: егістік – 605,3 мың га; көпжылдық екпе – 2,0 мың га; ты­ңайған жер – 457,8 мың га; ша­бындық – 440,5 мың га; жайы­лым – 5345,2 мың га; басқа да алқаптар – 56,5 мың га.

Соңғы тексерістер өңірде 1 млн 749 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің пайдаланылмай жатқанын анықтады деген едік. Олардың әрқайсысы бойынша талдау жасалып, әр аудандағы жер инспекторлары қожалық жетекшілерімен кездес­кен. Жергілікті билік қожалық иелері алған жерін мақсатымен пайдалана алмаған жағдайда, ол жерден өз еркімен бас тартып, мемлекет меншігіне қайтару ұсынылды. Бұл іс нәтижесіз де емес. Жоғарыда айтылған жердің 88%-ы аталған алқаптарды игеру бойынша нақты іске кіріскен.

Алайда жайылымдық алқабын алып, бірақ бірнеше жыл бойы мал басын тіркемеген, яғни алған жерін пайдаланбай отырған кейбір агроқұрылым басшыларын инс­пекторлар іздеп таппай жүр. Өйт­кені қожалық иелері әртүрлі се­беп­пен белгіленген уақытта кел­мей­ді, тиісті ескертуді қабыл алмайды.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев облыста меншігіне алған жерді ретімен пайдаланбай отырған кейбір агроқұрылымдарды атап көрсетті. Мысалы, Ақжайық ауданы бойынша – «Кенжалиев» ШҚ (Кенжалиев Н.М. – 6614 га), «Бағыттар» ШҚ (Айдашев Б. – 10000 га), Бәйтерек ауданы бо­йынша – «Кристина» ШҚ (Малхасян А.О.-2885 га ), «Турсун и К» ЖШС (Десумбаев Б.К. – 2000 га), Жаңақала ауданы бойын­ша – «Рейн» ШҚ (Имашев Э. Т. – 5600 га), Қаратөбе ауданы бойынша – «Жохар» ШҚ (Сер­далин С.Е. – 2000 га), «Тіни» ШҚ (Түлекпаев С.Т.-1600 га), «Асыл Қадыр» ШҚ (Кошкинбаев С.Т. – 3500 га), Тасқала ауданы бойынша – «Жаппас» ШҚ (Гумаров К.Х. – 646 га), «DSB-агро» ЖШС (директор Сұлтан У. – 2000 га) секілді құрылымдар аталды.

– Қаратөбе ауданы бойынша аталған шаруашылықтардың ішінен «Жохар» және «Тіни» шаруа қожалықтары басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, кездесуге, ескерту хатты тапсыруға келісіп отырмыз. Тек қана «Асыл Қадыр» шаруа қожалығының иесі С.Көшкінбаевты таппадық. Ол Орал қаласында тіркелген, бірақ туыстарының айтуына қарағанда Ресей Федерациясына жұмысқа кетіп қалған, – дейді бізбен телефон арқылы сөйлескен Қаратөбе аудан­дық жер инспекторы Арай Жақсығұлова.

Ақжайық аудандық жер қаты­настары бөлімінің басшысы Нұр­ғали Мүтиев те аудан бойынша жерді пайдаланбай жүрген шаруа қожалықтары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтады.

Мәселен, Ақжайық ауданының Қурайлысай ауылдық округінде «Октябрь» шаруа қожалығына 2016 жылы 9 маусымда аудан әкім­дігінің қаулысымен 4 мың га жер 10 жылға пайдалану құқығымен беріл­ген екен. Алайда 2018-2019 жылдары шаруа қожалығының меншігінде мал тіркелмеген, яғни жер пайдаланылмаған болып шық­ты. «Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылайтын мемлекеттік инспектор қожалық жетекшісі Әділ­хан Шанкеевке 2019 жылдың 27 нау­рызы күні заңбұзушылықты жою жөнінде арнайы нұсқама берді. Бір жыл мерзім өткен соң тағы тексеріп, тиісті шара алатын боламыз», дейді Нұрғали Дарғалиұлы.

Дегенмен, кінәнің бәрін қожа­лық жетекшілеріне аудара беруге де болмайды. Облыстың кей жерінде, әсіресе Тайпақ өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуға су тапшылығы кедергі. 2015 жылы Сарытоғай ауылдық округінен 10 жылға 2425 га жер телімін алған «Дос» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Баетов бірнеше жылдан кейін 1200 га жерден бас тартуға мәжбүр болған. Өйт­кені алған жерде малға су жоқ болып шықты. Ақжайық ауданының Тай­пақ бөлігін ауылшаруашылық мақ­сатындағы сумен қамтамасыз ететін бұрынғы Азынабай-Тайпақ су жүйесін қалпына келтіру жөнінде мәселе көтерілгенімен, әзірге жүзеге аспай тұр. Жаңақала ауданында да соңғы жылдары өзен-көлдер кеуіп, су мәселесі күрделіленіп бара жатқаны байқалады.

«Жер учаскелері пайдаланыл­маған жағдайда мемлекет менші­гіне мәжбүрлеп алынады, ал жер пайдаланушылар жосықсыз жер пайдаланушылар тізіміне енгізіліп, үш жыл бойы жер учас­келерін табыстау бойынша өт­кізілетін конкурстарға қатыса алмайтын болады. Сондықтан жұ­мыс істеуге, облыс экономика­сына үлесін қосуға ниеттенген жер пайдаланушыларға беру мақсатында жерлерін игеруге және мақсатты пайдалануға денсаулығы, немесе қаржылық мүмкіндіктері жоқ агроқұрылымдарды жер учас­­келерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтаруға шақырамыз», дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова.

 

Батыс Қазақстан облысы