Сарыарқаның сайын даласын жайлаған, желіге құлын байлаған Ереймен жері төрт түлікті түлетуге өте қолайлы. Бүгінгі таңда бұл жерде мемлекеттік қолдаудың арқасында мал саны біртіндеп көбейіп келеді. Ата кәсіпті нәсіп қылған жандардың бірі – Қанат Қанжығалы. Ол қазақтың ақ бас сиырлары мен қой өсіріп отыр.
Төменгі Торғай ауылы – Ерейментау ауданына қарасты шағын ғана елді мекен. 50-ден астам түтіні бар. Айналасы айнадай көрінетін ашық алаң. Шөбі шүйгін, жайылымы жеткілікті.
– Бұл жерде мал өсірмеу мүмкін емес, – дейді Қанат Қанжығалы, – 100-ге жуық ақбас сиыр мен 400-дей қой бағып отырмыз. Алдағы жоспар мал басын асылдандыру. Қазақтың құйрықты қошқарларын алып, қосып жатырмыз.
Қазір қожалықта 3 адам жұмыс істейді. Қажетті жем-шөпті де өздері дайындап алған. Егін егетін азын-аулақ егістік жері болғандықтан, трактор, комбайн сияқты ауыл шаруашылығы техникаларын сайлап қойыпты. Алдағы уақытта жер көлемін ұлғайтып, өсімдік шаруашылығын қатар дамыту жоспарда бар.
– Өткен жылы 250 гектар жерге арпа ектік. Биыл 500 гектар жерді жыртып, өңдеп қойдық. Барлық қажетті тыңайтқыштарды қолдандық. Бұйырса, көктемде бидай егеміз бе деп отырмыз ,– дейді жеке кәсіпкер Қанат Қанжығалы.
Мал өсіру оңай шаруа емес – маңдай терді талап етер адал кәсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас – қажырлы еңбек. Бірақ «еңбекпен келген нан тәтті» демей ме?! Жанға ләззат берері де осы.
Ерейментау ауданы
Ақмола облысы