Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Бұландыдағы берекелі іс

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауданда өңдеу өнеркәсібі саласындағы өсім үш есе көбейген. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім де 43 процентті құрап отыр. 

Бұландыдағы берекелі іс

Аудан экономикасының нығаюына Макинск құс фабрикасының өнім көлемін 18 миллиард теңгеден асыруы ықпал етіп отыр. Өндіріс ошағы биыл фабрика құрылысының екінші кезеңін іске қосуы тиіс. Осы мақсатқа 15 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылмақ. Ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құны 36 миллиард теңгені құрайды. Өнеркәсібі өркен жайғанымен, мал шаруашылығын мықтап қолға алу қажет. Соңғы деректерге қарағанда, мал басы біршама азайып кеткен. Осы жайды ескерген  бұландылықтар жайылымды тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр.

– Аудан аумағында жайылымдық жерлерді қолдану және жер қорын басқарудың 2020-2021 жылдарға арналған жоспары әзірленуде. Ауылдық округ әкімдері жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, әр аумақтағы жайылымды қолдану жүйесін анықтау ісі бастау алды. Бұл жұмыс әр ауылдың төрт түлік малын бағатын жайылым аумағын, оның геоботаникалық жағдайын анықтау үшін қажет. Ауылдық округтерде жайылым тапшылығы орын алса, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдаланбаған шаруашылықтардың аумағы заң аясында кері қайтарылады. Сондай-ақ, ауыл іргесінен шалғайда, малды өрістетіп бағу жүйесі де қарастырылуда, – дейді Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов.

Экономикалық өсім бюджеттің кіріс бөлігіне 1 миллиард 817 миллион теңге түсіріпті. Бұл белгіленген межеден 11 процентке артық. Ауданда құрылыс материалдарын өндіру, майлы дақылдарды өңдеу бағыттарында да ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар,  мың жарым шағын және орта бизнес субъектілері де өңір экономикасына өз үлесін қосып келеді. Экономикалық өрлеу ауданның құрылыс саласына қозғау салды. 

– Аудан аумағында көпқабатты 2 тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Өткен жылы 8,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Коммуналдық тұрғын үй қорынан жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілері, көпбалалы отбасылар мен өзге де мұқтаж тұрғындарға баспана берілді, – дейді Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов.

Бұландыда тұрғын үй салуға тұсау болған бір мәселе – орталық жылу қазандығының болмауы. Құрылысы аяқсыз қалған нысанға облыс бюджетінен қаржы бөлініп, иесіз қалған пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

 

Бұланды ауданы

Ақмола облысы