Руханият • 17 Қаңтар, 2020

Ақмола облысында жастарға Абайдың «толық адам» концепциясы түсіндірілді

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың тойы – ел тойы. Облыс орталығында Nur Оtan партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері алғашқы отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына арнап өткізді. 

Ақмола облысында жастарға Абайдың «толық адам» концепциясы түсіндірілді

Жиынға қатысушылар мақаланы мемлекет пен қазақстандықтар үшін  аса қажет еңбек деп бағалады. Аға буын өкілдері Абайдың «толық адам» концепциясын басты назарға алып, жастарға жіті түсіндірді. Зиялы қауым өкілдері ұлт мақтанышының мұратын насихаттауға шақырған мақаланы ыстық ықыласпен қабылдағандарын жеткізді.

– Мирастың 2020 жылғы алғашқы отырысын Абай шығармаларын насихаттау, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың материалының мән-маңызын жастарға түсіндіруге арнап отырған жайымыз бар. Өз басым Президенттің бұл материалын Абайды жаңаша танудың көзқарасы деп бағалаймын. Абайдың біздің ұлттың мәңгілік ел болу жолындағы айтқан сөздері, одан қалды Абайды бүгінгі күні мемлекеттік іспен байланыстыра сөйлеу, Абайдың бай мұраларын әлемге таныту, Абайды өзіміз тану арқылы оны әлемге таныту мәселесі Президенттің ой-толғау еңбегінде жақсы көтеріліп отыр, – деді облыстық Nur Otan партиясы филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Жабал Ерғалиев.

Ұлы ақынның өсиеті – ел еркіндігі мен бостандығы. Сондықтан, Абай мұрасына тәуелсіз жастардың көзқарасы қажет екені анық.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласы біз сияқты жастарға рух бергендей болды. Мысалы, мен өзім актер мамандығына оқығандықтан, бізге мықты мотивация береді, – дейді Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенті Саяділ Ноярбеков.  

Ұлттық сананы сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу қашан да өзекті. Бұл жолда ұлы дананың ой-тұжырымдары бағдаршам болып, рухани азық болмақ. Бұл ретте, жиын қатысушылары ұлы ойшылдың қазақты қайтсек жақсартамын деген ұстанымын негізге алуға шақырды.

 

Көкшетау қаласы