Аймақтар • 18 Қаңтар, 2020

Біз жақта қарлы боран бұрқырап тұр, Фархат та домбырасын жұлқылап тұр...

2882 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкпекті ауданында тіпті, бір жарым, екі метрге жуық қар жауғанын айғақтайтын видеолар тарап жатыр.    

Біз жақта қарлы боран бұрқырап тұр, Фархат та домбырасын жұлқылап тұр...

Шығыста кешеден бері қар толастамай тұр. 17 қаңтарда облыстың бірнеше бағытында жолдар жабылып, 200-ден астам техника қар құрсауынан құтқарылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, әсіресе өңірдің Глубокое, Шемонайха, Бородулиха аудандарына қар қалың түскен. Ал бүгін әлеуметтік желілерде Көкпекті ауданында тіпті, бір жарым, екі метрге жуық қар жауғанын айғақтайтын видеолар тарап жатыр.    

көк

Көкпектілік айтыскер ақын Фархат Маратұлының қалың қардың ортасында, қолына домбырасын алып айтқан:

Біз жақта қарлы боран бұрқырап тұр,

Фархат та домбырасын жұлқылап тұр.

Акиматтың оң қолы Мағжан қайда,

Біз жаққа жіберсеңші бір трактор, айхай-ахоу, - деген әзіл-шыны аралас бір шумақ өлеңі Көкпектінің бұрқасынындай лезде уатсап желісі ел арасына тарауда.   

Біз ұялы телефон арқылы белшесінен қарға батқан ақын Фархат Маратұлына хабарласып, мән-жайды білдік. «Қар кеше түнімен тоқтаусыз жауды. Бүгін күндіз саябырсып, қазір қайтадан қар жауа бастады. Үйлердің аулаларын, төбесіне дейін қалың қар басып тастады. Көліктер жүрмей жатыр. Жолаушылар Көкпектіде жолдың ашылғанын күтіп отыр. Техникалар қарды тазалап үлгере алмай жатыр. Бір байқағанымыз, қар Көкпектінің өз басында қалың жауған. Аудан сыртындағы ауылдарда мұндай қар жоқ» дейді ол

Шығыс Қазақстан облысы.