Бұл – жергілікті кәсіпкер Владимир Журжаның бастамасымен сабаннан жасалған жаңажылдық туынды. Идея авторы кәдімгі орамдалған шөптерден шырша, жыл символы – тышқаннан бастап, оның отбасы, Аяз ата мен Ақшақар, отарба, ертегілер кейіпкерлері, бөшкелер орнатып, ауыл-аймақты таңдай қақтырып отыр. Табиғи материалдан істелген олар сәйкесінше безендірілген.
Ірі агроөнеркәсіп жетекшісі В.Журжа мұндай сирек кездесетін ленд-арт туындыларды Украина мен Беларусь елдерінде саяхаттап жүрген жерінен көріпті.
– Ауылымыздың ерекше кейіпке еніп, түрлі ертегі кейіпкерлерінің болғанын қаладым. Негізі сабан қалашығын «ЛандштафтСтрой» серіктестігіне күзде жасатқым келген. Бірақ бұл жаңа жыл қарсаңында тұрғындар үшін тамаша тарту болып отыр. Жалғызханның орталық күре көшелеріне түнгі шамдар тарттық. Ал мүсіндердің маңайына диодты, дюральді жарықтар орнатылды. Шам ілінген бағандарды түрлі түстермен бояп, айналмалы отшашулар, жалаушалар ілдік. Қарапайым шөптен жасалған мұндай мүсіндер қараңғыда жарқырап, құлпырып тұрады, – дейді идея авторы.
Меценаттың ауылдастарына жасаған бұл базарлығына бас-аяғы 1 миллион теңге қаражат жұмсалған. Алайда, кәсіпкер бұл қаржы халықтың мерекелік көңіл күйін көтеруге жарап жатса, бұдан асқан бақыт жоқ екенін жеткізді.
Қазір таңғажайыпқа толы сабан қалашық жергілікті тұрғындар мен қонақтар қызықтап, суретке түсетін орынға айналды. Тіпті бұл көрініс Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызға дейін сақталып, сабан шырша – киіз үйге, Аяз ата мен Ақшақар – Қыдыр ата мен Қожанасырға айналып жатса артық емес.
Қыдырбек Қиысханұлы
Қостанай облысы