Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстаның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын орындауға кірісетінімізді жария етті.
Жолдаудың “2020 стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол” бөлігінде Президент Қазақстан алдында экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу міндеттері тұрғанын айтты.
Сауатты сауда саясаты – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болып табылатынын мәлім еткен Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы дүниемен қарым-қатынасын арттырудың маңыздылығына тоқталды. ТМД елдері ішіндегі байланысты арттырып, сауда айналымын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасындағы Кеден одағының құрылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде. Бұл Қазақстанның барлық интеграциялық бастамаларының жүзеге асуына серпін беретін еларалық байланыс екенін ұғынғанымыз жөн.
Осы орайда Президент: “Үш ел интеграциясының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптастырылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілетін интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономикалық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс”, – деп бұл қадамның маңыздылығын ашып айтты.
Сонымен қатар, қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік артықшылықтарды өсіре түсу маңызды екенін жеткізді.
Жолдауда отандық тауарлар – 2020 стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың табыстылық индикаторы болатыны жария етілді. Еліміздің өнімдерін шетелге шығару – көкейкесті мәселелердің бірі. Осы жөнінде тоқталғанда, Президент еліміздің шикізаттық емес саласын экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан өнеркәсібі экспорттық рыноктарға отандық брендтердің кең ауқымды тізбегімен ұсынылуы керектігін, сондықтан Үкіметке экспорттаушыларға негізгі құралдарды сатып алуды қаржыландыруды, экспортқа сервистік қолдау көрсетуді, экспорттаушыларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын біртұтас қолдау жүйесін жасауды міндеттеді.
Президент осы Жолдауында Парламентке елді дамыту, жаңа экономикалық өрлеуге бастайтын заңдарды қабылдау туралы тапсырма берді. Мемлекетіміз үшін сауда қызметі саласын жаңа деңгейге көтеруге, өз өнімдерімізді экспортқа шығаруға ықпал ету үшін дайындалған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының маңызы зор. Мәжілісте таяуда осы заң жобасының таныстырылымы өткен болатын.
Бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары ерекше қызығушылық танытып отыр. Оның таныстырылымына және жұмыс тобының отырысына бірқатар әріптестерім қатысып, өз ойларын ортаға салды, баяндамашыға сұрақтар қойды және осы саланы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтты. Және де өзге комитеттердің мүшелері де белсенді қатысты. Депутаттардың бұл заң жобасына ерекше ынта білдіруіне үш ел арасындағы Кедендік одақ келісімі де әсер етіп отыр. Бұл тұста Президенттің биылғы Жолдауындағы Кедендік одақ туралы ұтымды пікірі негізге алынуда. Жұмыс тобының отырысында салыстырма кесте бойынша өзгерістерді қарадық. Қоғамдық ұйымдар да, БАҚ өкілдері де бұл заң жобасының мақсаты туралы тереңірек білгісі келетіндерін мәлім етті.
Бүгінгі таңда жұмыс тобына депутаттардан осы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар келіп түсуде. Қазірдің өзінде 50-ден астам ұсыныстар берілді. Оның барлығы арнайы жасалған салыстырма кестеге баптар бойынша енгізіліп жатыр. Және де ұсыныстардың өзге заңдарға қайшы келмеуі, қайталанбауы бірінші кезекте ескеріледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда сауда алаңдарының жетіспеушілік проблемалары бар. Бұл көп жағдайда базар және сауда нысандары иелерінің бәсекеге қарсы іс-әрекеттеріне, жалдау төлемінің қымбаттауына алып келеді және сатылатын тауардың құнында көрініс табады.
Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес тұрғындарды сауда алаңдарымен орташа қамтамасыз ету, оның ішінде сауда базарларында да, ел бойынша бір мың адамға 111,7 шаршы метрден келеді. Сауда алаңдарымен ең аз қамтамасыз ету жағдайы Қызылорда (48,8 шаршы метр), Оңтүстік Қазақстан (40 шаршы метр) және Жамбыл (59,3) облыстарында, ал ең жоғары Солтүстік Қазақстан облысында (186,6 шаршы метр), Астана қаласында (198,7 шаршы метр) және Алматы қаласында (260 шаршы метр) байқалған.
Салыстыру үшін айтсақ, Францияда 1 мың тұрғынға жаңа сауда алаңдарының аумағы – 450 шаршы метрден, Польшада – 350, Чехияда 200 шаршы метрден келеді. Бұдан басқа, әлемнің көп елдерінде сауда алаңдарымен қамтамасыз ету бойынша норматив қабылданған. Осылайша, мысалы, Беларусьте ол 1 мың адамға 260 шаршы метрді құрайды, ал Ресейде қала тұрғындары үшін бұл норматив 230 шаршы метр деп белгіленген. Қазақстанда мұндай норматив жоқ.
Осыған байланысты, тұрғындарды сауда алаңдарымен қамтамасыз ету есебінің әдістемесі мен ең аз нормативін заң тұрғысынан бекіту ұсынылып отыр.
Мемлекеттік емес құрылымдарға функцияларды тапсыру шарасы әзірлеуші тарапынан мемлекеттік органдарда орын алатын бюрократияны барынша азайту және әрекеттерге кең ауқымды еркіндікті беруге негізделген.
Сауда қызметіне қатысты түйінді мәселелер өте көп екенін байқап отырмыз. Айталық, “сауда нысаны” деген түсінік енгізілуде. Сол секілді “сауда субъектісінің реестрі” деген ұғым бар. Мысалы, “Бау-бақшасында өсірген аздаған өз өнімін екі-үш күн бойы ғана сататын зейнет жасындағы әжейлер қалай әрекет жасауы керек? Олар да кәсіпкер секілді құжаттар толтырып, саудамен тұрақты айналысатындардың тізіміне тұруы қажет пе?” деген сұрақтар туындап жатыр. Салық кодексіне сәйкес, бір жолғы берілетін талон 2011 жылдан бастап болмайды. Парламентшілер алдында осының бәрін заң жобасымен реттеу міндеті тұр.
Дүкендер жоғары сұранысқа ие болуы үшін адамдар көбірек өтетін көшелерде болуы керек деген норма да бар. Тұтынушыларға белгілі бір өнімдерді ұсынатын дүкендер желісі болуы тиіс. Осыларға қатысты мәселелер де реттеуді қажет етеді.
Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы биліктің сауда қызметіне қатысты бөлігінде атқаратын қызметтерінің аражігін ажыратып алуымыз керек. Мәселен, жәрмеңке өткізу қажет болды. Заңда уәкілетті мемлекеттік орган барлық жәрмеңке өткізу шарасының орындалуын үйлестіретіні жазылған. Ал атқарушы билік жергілікті деңгейдегі жәрмеңкелерді өткізетіні белгіленген. Ал уәкілетті мемлекеттік орган халықаралық және республикалық деңгейдегі жәрмеңкелерді өткізуді үйлестіреді. Осы заңдық нормаларды да ретке келтіру – күн тәртібіндегі мәселе.
Қысқаша заң актісіне енгізілетін толықтыруларға тоқтала кетсем, заң жобасының 15-бабында сыртқы сауда қызметін дамыту жөніндегі негізгі мемлекеттік шаралар анықталған. Атап айтқанда, экспорттық кредиттердің кепілдіктері мен оларды сақтандыру жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сыртқы сауда қызметін дамытуға ықпал ететін сауда көрмелерін, жәрмеңкелер мен өзге де іс-шараларды ұйымдастыру, экспортты дамыту мен жылжытуды сервистік қолдаудың институттық жүйесін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ өз өнімін экспортқа шығару бойынша отандық тауар өндірушілердің шығындарын өтеу түрінде экономикалық ынталандыру құралдары болуы тиіс.
Осы бапта отандық тауар өндірушілердің тауар белгілерін жылжыту жүйесін құру үшін экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның негізгі міндеттері белгіленген. Олар экспортты дамыту мен жылжытудың инфрақұрылымын құру, отандық тауар өндірушілердің экспортқа бағдарлануын дамыту мақсатын көздейді.
Ал 16-бапта сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу шараларына кедендік әкелу мен әкету баждарын және тарифтік жеңілдіктер мен квоталарды қолдану, тарифтік преференциялар жататыны атап көрсетілген. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеудің негізгі мақсаттары ретінде тауарларды Қазақстанның кедендік аумағына әкелудің тауарлық құрылымын ұтымды ету қажеттігі белгіленген.
Сол секілді заң жобасында жаңадан енгізілетін ұғымдарға түсінік берілген. Мәселен, отандық тауар брендингі – ұқсас шетелдік тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың неғұрлым жоғары тұтынушылық сапасына әлеуетті тұтынушының сенімділігін қалыптастыруға бағытталған шаралар кешені. Экспортты дамыту – Қазақстандағы мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылатын, өндірушілердің экспорттау қабілетін дамытуды ынталандыратын және экспортқа жәрдемдесу қызметтерін дамытуды көтермелейтін жағдайларды жасауға бағытталған іс-шаралар кешені. Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйым – Ұлттық даму институты. Экспортты дамытудың және ынталандырудың институттық сервистік қолдау жүйесі – отандық өнімді сыртқы рыноктарға жылжытуға бағытталған шаралар кешені. Экспортты жылжыту – Қазақстаннан тысқары жерлерде мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылатын, Қазақстан экспорттаушыларының сыртқы рыноктарға кіруіне жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар кешені. Жаңа заңдық нормалар экспортты ынталандырудың және қолдаудың экономикалық құралдарын қолдану ережесін бекітеді.
Осы заң жобасына “Құқықтық зерттеулер және талдау институты” ЖШС мен “Құқықтық мониторинг, сараптама және талдау ғылыми-зерттеу институты” ЖШС ғылыми сараптамасын берген. Сарапшылардың айтуынша, экспортты реттеу мәселелері маңызды әрі өзекті болып табылады. Өйткені, экспорт мемлекеттің экономикалық дамуында айтарлықтай үлкен рөл атқарады. Жаһандану кезеңінде тек сыртқы экономикалық саясатты белсенді түрде жүргізетін мемлекеттер ғана қарқынды дамиды. Аталмыш саясаттың мәні халықаралық капитал рыноктары арқылы қаражат тарту және қауіптерді төмендету үшін мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне сәйкес түрде тауар мен қызметтерді дамытып, басқа мемлекеттердің рыноктарына шығаруда болып отыр.
Экономикада тиімді құрылымдық өзгерістер жасау саласының әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, құрылымдық қайта құрастырудың басты аспектісі ретінде экспортқа бағытталған экономикалық дамуды мемлекеттік қолдау болып табылады. Соның шеңберінде ұлттық экпорттаушылар үшін тиімді құқықтық механизмді, сондай-ақ, тиісті қаржылық және ақпараттық құрылымды, сыртқы экономикалық әрекеттерді қарқындату үшін тиімді шарттарды қалыптастыру көзделеді.
Көптеген мемлекеттерде, соның ішінде ТМД елдерінде сауда қызметін заңды реттеу ісі ұлттық заңдар бойынша жүргізіледі және оларда да Қазақстандағыдай субъектілердің тиімділік деңгейін анықтайтын сауданы қалыптастыру моделінің ең тиімді түрін табу жұмысы жүзеге асырылуда.
Заң жобасының тұжырымдамасында көптеген мемлекеттердің үкіметтері экспортты дамытатын құрылымдарды құрайтыны белгіленген. Сондай-ақ олардың қызметіне коммерциялық тәртіпті енгізу, жеке меншік секторынан қызметкерлерді тарту, бизнес көшбасшыларының үлесін барынша ұлғайту және түрлі қызметтерді көрсету үшін жекe ұйымдарды қолдану арқылы аталмыш құрылымдарға жоғары деңгейдегі егемендікті ұсыну жатады.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, осындай құрылымдардың тиімді қызметінің үлгісі ретінде бірқатар ұйымдарды мысалға келтіруге болады. Айталық, KOTRA (Оңтүстік Корея), JETRO (Жапония), MATRADE (Малайзия), ІE Sіngapore (Сингапур), Austrade (Австралия), UK Trade and Іnvestment (Ұлы Британия), Bankomext (Мексика), BRAZІLAPEX (Бразилия) деген ұйымдар бар.
Мәселен, KOTRA – Кореяның коммерциялық емес үкіметтік ұйымы, бастапқыда “Кореялық сауданы қолдау корпорациясы” деген атаумен 1962 жылы құрылған. Сол кезден бері аталған ұйым шетел рыноктарын зерттеу және іскерлік қатынастарды құру жолымен жасалатын әр түрлі әрекеттер арқылы Кореяның экспортқа бағытталған экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып келеді.
Заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысына шығару үстіміздегі жылғы 10 қыркүйекке дейін белгіленген болатын. Алайда, бұл заңның қоғам дамуына қажеттігін ескере келіп, біздің комитет мамыр-маусым айларына дейін жан-жақты дайындап, қорытынды шығарып, палатаның талқысына ұсынады деген ойдамын. Өйткені, қазір заң жобасымен қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ең бастысы, біз үшін сапалы заң қабылданып, оның қоғам дамуына қызмет жасағаны керек.
Бұл заңды қабылдаудағы біздің алдымызда тұрған басты мақсат – сауда қызметін бақылау емес, экспортты ынталандыру. Бізде “KAZNEX” компаниясы бар, ол бірінші кезекте шикізаттық емес тауарларды экспорттаумен айналысуы керек. Бүгінгі таңда шикізаттық емес өнімнің экспорт көлемі өте төмен. Айталық, “Рахат” конфеті экспортқа шығады. Ел Президентінің Қазақстан халқына 2007 жылғы 28 ақпандағы Жолдауында қазақстандық бизнесті сыртқы рынокқа шығару бойынша міндет қойылған болатын. Отандық өнімді сапалы түрде өңдеп, экспортқа шығаруды жүйелі жолға қою мәселесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да арнайы тоқталды.
Біздің елде ендігі жерде өнімін экспортқа шығарушыларды ынталандырудың нақты критерийлері, іске асыру механизмдері болуы керек. Соның бәрі заңға енгізілуі тиіс. Бұған дейін сауда қызметін ішінара үйлестіру мәселелері мен бақылау жасаудың заңнамалық нормалары болды. Ал экспортты ынталандыру ісі енді қолға алынып жатыр. Соның заңдық негіздерін қалап берсек, біздің экспорттаушыларымызға өнімдерін шетелге шығаруға өте тиімді болар еді. Бұл заң экспортты дамытуға жол ашса, біздің де мақсатымыздың орындалғаны.
Егор КАППЕЛЬ, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.