Руханият • 21 Қаңтар, 2020

Хакімді жаңаша түсінудің әліппесі

638 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бұл еңбегін ақиқатында өз басым Абайды жаңаша түсінудің жаңа әліппесі деп қабылдадым. Өйткені бұған дейін Абайдың кей нақылдары мен қара сөздерін, түрлі ғақлияларын айтып жүргенімізбен олардың барлығының да біздің елдігіміз бен мемлекеттілігіміз үшін зор маңызы бар екеніне ой жүгірте қойған жоқ едік. Бәлкім содан да болар «Абай қазақтың тек жаман мінезін ғана теріп айтып кеткен екен ғой» деген жаңсақ пікірлердің қылаң беріп қалғаны да жоқ емес болды.

Хакімді жаңаша түсінудің әліппесі

Бұл еңбегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды біздің ғасырымыздың, яғни, «Жаңа қоғамның жанашыры» ретінде парасатты да пайымды өз ойы­мен анық та айқын білдіріп отыр. Расында, Абай бізге бұрынғыдан да енді жақындай түсті, енді ұғынық­ты бола бастады. Президентіміздің Абайдың ойларын бүгінгі заманның ағымымен және бүгінгі күннің, жалпы барша адамзат баласын толғандырып отырған өзекті мәселелерімен байланыстыра талдауы ендігілердің Абай хакімнің еңбектерін өз еріктерімен қолға алып, оқуларына себепкер болары да анық.

Абай расында да ұлттық болмыстың үлгісі! Мұны Қасым-Жомарт Кемел­ұлы өте пайымды зерделеп берді. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеу­лес болғанын, осы идеяны барын­ша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгері­леу­дің негізі білім мен ғылымда еке­нін анық білеміз. Абай қазақтың дамы­лсыз оқып-үйренгенін бар жан-тән­і­мен қалады. «Ғылым таппай мақ­танба» деп, білімді игермейінше, биік­тердің бағына қоймайтынын айт­т­ы. Ол «Біз ғылымды сатып мал ізде­мек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғы­дан ұғынуымыз қажет» – деп Прези­дентіміз данышпанның осы тұжы­рым­дарының қазіргі уақытта да және қашан болсын өзекті болып қала бере­тіндігін алға тартты.

Қазіргідей жаһандану заманында өзімізді ұлт есебінде қалай сақтап қала аламыз деген ой әрқайсымызды мазалап жүргені де анық. Осы ой ұшына ілігер жауаптың да Абайда барлығын Қасым-Жомарт Тоқаев дөп басып танытып отыр. «Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып оты­руы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интел­лек­туал­ды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деген Тоқаев тұжырымын бүгінгі және келер ұрпақтың санасына берік орнығуға тиісті аталы сөз деп білемін.

Президенттің «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі сала­ларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық», дей келіп, ендігі арада «шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық», дегені баршамызды терең ойға жетелейді. Әзірге «Қазақстан» дегенімізде тек «Байқоңырды» ғана атайтын сол шетелдіктер ендігі арада «мен қазақ­пын» дегенде Абайды бірден ауызға алатын дәрежеге жетсек, бұл ұлт мере­йі болар еді! Ол үшін әуелі Абай­ды барша қазақ біз­дің өзіміз тану­ға тиістіміз! Алда осыған жету үшін бірлесіп атқаратын қыруар іс күтіп тұр. Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемле­кеттілі­гімізді нығайтуымыз керек.

Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл еңбегінің тағы бір құнды­лығы Абай ойларын «Мемлекет ісінің мүдделесі» ретінде қарас­тыруы деуге болады. Расында біз өз мемлекетімізді әлі де құрып, сонымен бірге сол мемлекеттігімізді әлі де нығайтуға тиісті елміз. Өйткені әр заманның өз талабы бар. Көз шырымын алып, бір қалғуды білмей, өз тіршілігі мен өз мемелекетінің мүддесі үшін жанталасып жатқан қазіргі әлем қазақ елінің алдына да сәт сайын жаңа және қатаң талаптар қойып отырғаны да анық.

«Ұлы ақын өзінің шығарма­ларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идея­сын көтерген. Демек, Абай­дың көз­қарастары ХХІ ғасыр­дағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды», деген Президентіміздің ойы хакім Абайдың ұстанымдарының өркениетті мемлекет қағидаларымен үндесетіндігін иландыра айтады.

Қазіргі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік ісінде Абай даналығын басшылыққа алып отырғанын аңғарамыз. Әсіресе Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымда Президент қызметіне кірісерде «Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету» дегені және де былтырғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарас­тыратын «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деп атап көрсеткен қағидалары ұлы Абай­дың сол әділетті қоғам құру идеясымен өзектесіп жатқандығы деп айтар едім. Осы ой тағы бір ойға жетелейді. Жалпы, біз ендігі арада мемлекеттік істегі өз қызметімізді де жеке басымызды да Абайға қарап түзеуге тиістіміз. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу ісінің де басты нысаны Абай болуы керек!

Тағы бір өзекті мәселе – заң үстем­дігін қамтамасыз ету Прези­дент мақаласында әбден орын­ды айтылды деуге болады. Біз ендігі арада өз Ата Заңымызға сай құқық­тық және демократиялық мемлекетті толық орнықтырамыз десек, қазақтың ағайын­­шылығынан бұрын Заң қағи­да­лары басым тұруға тиісті. Жасы­ратыны жоқ, қазіргі жастар адалдық пен әділдікке, соның ішінде Заңның үстем­дік құруын қалайды. Осы үшеуі, адалдық, әділдік, Заң үстемдігі бо­лма­ғаннан кейін жастарымыздың жігері құм болып, түңіліп кетеді, шет ел асып жатады. Кейбіреулері күн көрістері үшін азғындық жолға да түседі. «Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады», деген Абайдың он төртінші қара сөзінде айтылған осы бір ғақлияның да маңыздылығын ескергеніміз абзал.

«Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет», деген Президент тұжырымы сол Абай айтқан «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ...» сияқты бес дұшпанның қазақ қоғамына әлі де қауіпті екендігін аңдатады. Жасыратыны жоқ, әлі де болса қазақ қоғамы сол Абай айтқан бес дұшпанның арбауынан толық арыла да қойған жоқ.

«Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді», деген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бір па­йымды сөзін жалпы адамзат баласының адами құндылықтарының тәрбиесіне қарай ойысары анық. Біз ендігі арада Абайды «Адамзаттың Абайы» деп әуелі өзіміз танып барып, өзге әлемге танытуға міндеттіміз!

Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек», дейді. Және де «Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмыт­пайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақ­станның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», деп айтқаны да мәңгілік ел боламын деген ел ұрпақтарының мәңгілік мұраты болса керек.

 

Жабал Ерғалиев,

 жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ