Руханият • 21 Қаңтар, 2020

Қазақы ас: дәстүр мен дәм

1065 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық дәстүр мен жергілікті ерекшелік қарқынды күшейіп, қандай да бір ел туралы пікір қалыптастыруда қай кезде де ұлттық тағам ерекше маңызға ие. Сондықтан да болар, бүгінде сан алуан мәзірдегі тағамның түр-түрі заманауи мәдениеттің қызғылықты үрдістерінің біріне айналып үлгерді. Осы орайда әзірленуі былай тұрсын, атауының өзі ұмыт қала жаздаған кәделі әрі орны бөлек ұлттық тағамдарымыз туралы ас мәзірі жинақталып, қалың оқырманға жол тартуы көңіл қуантарлық іс болды.

Қазақы ас: дәстүр мен дәм

Елордада тұсаукесері өт­кен «Қазақы ас: дәстүр мен дәм» кітабы тағамтану са­ла­сының мамандары мен тех­нологтарға, этнографтарға, со­нымен қатар жалпы ұлттық та­ғамға қызығушылық таныт­қан оқырман қауымға арналып отыр. Аталған кітапта қазақ та­ғамдары туралы ға­сыр­лар бойғы қоршаған ор­таға бейімделу тә­жірибесі жи­нақталып, салт-дәс­түр ерек­шелігі ретінде кө­рініс тап­қан. Өңірлерге зерт­­теу экс­пе­ди­циясын жө­нел­­те отырып, ұмытылуға шақ қалған, әйтсе де әлі де қол­даныстан түс­пеген 200-ден ас­там тағам тура­лы мәлімет ел ауы­зынан жазып алынған.

Кітап авторы – этнограф, Ұлт­тық музейдің «Халық қа­зынасы» ғылыми-зерттеу инс­титутының материалдық емес мұраларының жетекшісі әрі QazaqGeography, рес­пуб­­ли­калық қоғамдық бір­лес­тігінің мүшесі Әйгерім Мұса­ғажинова, ал фотосуретке тү­сірген – Динара Жүнісова. Сондай-ақ кітаптың жарық кө­руіне септігін тигізген әрі экс­педициялық жұмыстарды өткізуге, кітаптың басылып шы­ғуына Integra construction kz ЖШС, «ERG Көмек» қо­ры, сонымен бірге Рашид Кү­зем­баев, Диас Сүлейменов, Бо­лат Смағұлов, Жарас Ізғұ­лов, Жарқынбек Бекбауов, Абай Жүнісов сынды азаматтар үл­кен ықпал еткен.

– Әйгерім өзінің командасымен бірге Қазақстанның ай­мақ­тарын түгел аралап шықты. Қазақ асханасы десе көз ал­дымызға ет пен қуырдақты ғана елестетеміз. Осы тұрғыда бай мәдениетімізді ұлттық та­ғамдарымыз арқылы көрсетуге тамаша мүмкіндік туды. Ке­зінде аталған жобаның бас­тамашысы болған «Қазақ Туризм» ұлттық компания­сына алғысымыз зор. Осы жол­да жобаны қолдап, қа­зақ мә­дениетінің насихаты­на бейжай қарамайтын бір­қатар жанашыр азаматпен таныстық, – деген QazaqGeography респуб­ли­­­ка­лық қоғамдық бірлес­ті­­гі­нің төрағасы Жанна Мұ­хамеджанқызы жарты жыл­дан астам уақыт іске асы­рылған экспедиция мен кі­тапты даярлау жұмыстарына атсалысқан жандарға алғыс білдірді.

– Бұл жеке бір адамның ғана емес, үлкен ұжымның ын­тымағымен іске асырылған дүние. Қазіргі күні ұлттық та­ғамдарымызды танымал ету – басты міндет. Күнделікті күй­беңмен жүргенде де қара­пайым әдетке айналдырып, тағамның маңызды ұлттық құндылық екеніне назар аударуымыз тиіс. Біз тек алғашқы сатысын ғана іске асырдық, оны әрі қарай дамытып, кеңінен тарату келешектің ен­шісінде, – деген этнограф, кітап авторы Әйгерім Мұса­ғажинова халықаралық дең­гейде танымал болуы үшін ұлттық дастарқанымыздың әлеуеті зор деп санайтынын жет­кізді. Оның айтуынша, Сол­түстік өңір мен Маңғыстау айма­ғында тағамның өзін ғана емес, пайдалы қасиет­те­рін ұзақ мерзімге сақ­тай­тын әрі ас әзірлеуге қа­тыс­ты әдістер сақталған көрі­неді. Мәселен, Солтүстік Қазақ­­­стан аймағынан жеткен «Өк­пе сүт» тағамы ерекше ғұрыптық мәнге ие. Реніш сақ­таған ағайын-туыстың ара­сын жақындастырып, татуластыру үшін, иә қандай да бір өкпе-назды тарқату мақ­сатында жасы үлкен әйел адам әзірлейтін болған. Ақ­сақалы бар үлкен әулет береке-бірлікті нығайту үшін тоңтеріс жүрген ағайынды шақырып, осы тағамды алдына тартқан. Тағамды әзірлеу өте қарапайым, ол үшін өкпені өңешімен алып, өңеш арқылы өкпені сүтпен толтырады. Өңеш­ті байлап, баяу отта бір сағаттай пісіреді. Жал­пы, дәс­түрлі ас-ауқат халық өмі­­рінде маңызды орын алғаны соншалық, қонаққа көр­сетілер сый құрметтің ба­сы ғана емес, ауызбіршілік пен береке-бір­ліктің белгісі саналған. «Қо­лынан дәм тату», «дәм тұзы жарасып», «дәмнен үлкен емес» деген сын­ды тіркестер ар­қылы салт-жоралармен тығыз астасып жатқанын бай­қаймыз. «Ба­лалық шақтағы ең аяулы естеліктеріміз туған үйдің қа­­бырғасында әзірленген тағам­ның дәмімен байланыс­ты екені рас. Ұсынылған альбом қимас шақтарға қайта ора­луға, енді біреулерге тағам әзір­леу ісінде жаңаша ой салады деген сенімдеміз», дейді кітап авторы Әйгерім Мұса­ғажинова.