Қазақстанға, қала берді бұрынғы Одақ көлемінде танымал медицина ғылымының докторлары, осы саланың ғалым, мамандары Ишанбай Қарақұлов пен Естөре Оразақов халқымыздың ардақты перзентінің есімін есте қалдыру туралы билік орындарына ұсыныстар жасаған. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже шыға қоймады. Әйтеуір Меңдіқарадағы туберкулезді емдейтін санаторийге тұңғыш дәрігердің есімі берілген. Мұхамеджан жайында Марат Сисекенов деген алматылық дәрігер шағын кітап жазған. Мұхамеджанның туған жері – Введен ауылында оған көше аты берілді. Осымен тәмам.
Мұхаң қандай адам еді? Шынында да, бұл кісіні біз, қазақтар ғана біліп, қалың орыс-орманның одан хабары аздау болып келгенінен бе, қостанайлықтар оны жиі есіне ала бермейді. Көп жылдар Ленин атында болып келген облыстық аурухананың бүгінгі даңқы жер жарады. Осы аурухананың тұңғыш дәрігері Қарабаев болған еді. Оны біреу біледі, біреу білмейді.
1888 жылдың бас кезінде Қазан университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін Мұхамеджан Қостанайға келіп, қалалық қызметке орналасады. Сол кезде мыңдаған халқы бар Қостанай қаласында небәрі төрт орындық кішкентай ғана емхана болған. Басқа жерде емдеу орны болмағандықтан бұл жерге Қостанайдан ғана емес, бүкіл Николаев уезінің халқы қаптап келіп қаралатын.
Айтпақшы, Мұхамеджан бастапқы кезде Орынбор қаласында жұмыс істейді. Осында ұлты татар генерал Бикчуриннің Қадиша деген қызымен танысып, соған үйленеді. Қадишамен бірге Қостанайға оралады. Сәнді киінген, басында аппақ телпегі бар, нәп-нәзік, сымбатты әйелін Мұхаңның кәдімгі мәдениетті, тәрбиелі жігіт ретінде пәуескеден қолымен қолтығынан сүйемелдеп түсіріп жатқан сәтін Кәрім ақсақал жүрегімізді толқытып, сүйсініп суреттеп айтып еді. Кішкентай сәбиі дүниеге келіп, шетінеп кетеді. Бұған ел ішіндегі тұрмыстық жағдайдың қиындығы, айтарлықтай күтімнің жоқтығы әсер еткендей болады. Қалада, жылы жерде, ақсүйектердің жылы ұясында, тоқ ортада, ерекше назарда өскен Қадиша Мұхамеджанды Орынборға қайтуға үгіттейді. Бұған күйеуі көнбегесін өзі кетеді. Ешкімге тұрмысқа шықпай, кейін Қарабаев қартайып, өмірден өтер шағында қасында болып, күтім жасап, оны соңғы сапарға шығарып салады. Не деген шынайы сүйіспеншілік, не деген таза, ғажайып махаббат десеңізші! Кәрім атамыздың Қадиша мен Мұхамеджанның шерге, сағынышқа толы өмірі жайлы айтқан сол әңгімесі аңыз секілді болып құлағымызға сіңіп қалыпты. Бұны біз алдағы уақытта кеңірек зерттеп, қызықты бір әңгіме жазсақ па деген ойдамыз.
Ол тұңғыш қазақ дәрігері ғана емес, Қостанай өңіріндегі бірден-бір жоғары білімді дәрігер еді. Қостанай қаласының алғашқы тұрғындарының да бірі болған. Осы оқиғаның өзі оған аса құрмет, ізетпен қарауды орайлап тұр ғой. Ендеше Мұхамеджан Қарабаевқа Қостанай қаласынан көрнекті бір көшенің атын берген жөн.
М.Қарабаевтың өмір деректері қызықты да тәлімді. Ол елді жаяу аралап, қызмет көрсеткен. Түрлі қауіпті жұқпалы ауруларды емдеп жазған. Республикалық мұражайда Қарабаевтың өз қолымен толтырған, дәрігерлік диагноз қойған қағаздары сақтаулы. Ол кезінде Якутияда алапес ауруы тарағанда өкіметтің шақыруымен қауіпті аймаққа аттанып, сол жақта үш-төрт жылдай кідіріп қалады, солтүстіктің науқастанған халқының денсаулығын түзеуге атсалысады. Оның есімі сол жақта үлкен құрметке бөленеді. Сонда жүргенде якут әйеліне үйленіп, балалы-шағалы болады. Елге отбасымен қайтуға бет алғанда дәрменсіз күйге түседі. Жергілікті халықтың дәстүрі бойынша бұған рұқсат етілмейді екен. Содан якут туыстарын әзер көндіріп, әйелін тастап, одан туған екі баласы – Есіман мен Тамараны еліне ала келеді. Қостанай облысында, Алматыда, Талдықорғанда, Көкшетауда бүгінде немерелері, жиендері мен шөберелері өмір сүруде. Ертеде біз барғанда Мұхамеджанның туған келіні бала-шағаларымен Введенде тұратын еді, қазір немересі осында қоныс тепкен.
Кеңес өкіметі орнағанда жан аямай қызмет атқарып, денсаулық сақтау саласында өле-өлгенше қызмет етті. Белгілі мемлекет қайраткері Әліби Жангелдиннің көмегімен оған республикада тұңғыш рет дербес зейнетақы тағайындалды. Ол ақтық демі біткенше халықты емдеумен шұғылданды. Боровской кентінде Мұхаң қызмет атқарған емхана ғимараты әлі күнге дейін сақтаулы. Соның қабырғасына ескерткіш тақта қойылған. Оның тұрған үйі де бар.
Введендегілер Қарабаев қабірінің қай жерде екенін біле қоймайды. Мұның жөні де бар. Көп жылдар бойы оның бейіті кірпіш зауытындағы Тобыл өзенінің жарқабағындағы ескі қорымда деп есептеліп келді. Оған белгі де орнатылды. Бір жылдары зауытқа кірпіш жаятын алаң керек болып, оған жер таңдалғанда әлгі қорым жатқан орын лайық деген шешім шығарылады. Кеңес өкіметінің кезі. Мұнда ата-бабаларымыз жатыр дегенге жергілікті басшылар құлақ аспай қояды. Тіпті басқа қайран қалмаған соң ауыл ақсақалы Кәрім Дәулетов қулыққа басып, бұл жерде Мұхамеджан Қарабаев жатыр деген шағыммен аудан, облысқа барып, сөзін әрең өткізген. Жартылай қопарылып қалған қорымдағы жұмыс тоқталған.
Енді бір жылдары Тобыл өзенінің жарқабағы құлай-құлай келіп, Қарабаевтың бейітін өзенге ағызып жіберуге шақ қалды. Тағы да Кәрім Дәулетов дабыл қағып, бейітті табиғат апатынан сақтаудың басқадай амалы болмай, оны өзге қорымға көшіруге тура келген. Содан Қарабаевтың мүрдесі жаңа бір зиратқа жеткізілген болатын. Алайда, бұл көшірілген сүйек Мұхамеджандікі емес, әкесі Қарабайдікі болатын. Ал Мұхамеджанның нақты жерленген жері ұзақ жылдан адам аяғы баспаған ескі зиратта еді.
Біз сол ескі зираттан осында 1928 жылы жерленген қазақтың тұңғыш кәсіби дәрігері Мұхамеджан Қарабаевтың қабірін іздедік. Бұл қорымды адам аяқ алып жүргісіз қалың жыныс басып кеткен. Кезінде қабірдің орнын білетін, Мұхаңды өз қолымен қойған, жүзге тақап көз жұмған Кәрім атадан біраз жайларды естіп, қанық болғанбыз. Оның айтуынша, белгі тасы әлдеқашан құрып біткен. Мұхамеджанның бауыры Дәулеттің есімі жазылған бір белгі бар, соны тапсаңдар, оның ар жағында аталарың жатыр деген. Айтқанындай солай болып шықты. Бір сағаттан артық уақыт аралап жүріп, ит тұмсығы өтпейтін қалың бұталардың ішінен таптық.
Мұхамеджан бүкіл қазақ халқына қызмет еткен, ел тарихында қолтаңбасын қалдырған азамат. Алдымен басын көркейту керек. Қорым Меңдіқараның Буденный кентіне барар жолда, Тобылдың оң жағында орналасқан. Көп жылдардан бері мұнда адам қойылмағандықтан жол бітеліп, шөп, шілік басып кеткен. Асфальттан қорымға дейінгі жолды әйтеуір көлік жүретіндей дұрыстап, табан ізі көрінетіндей етсе жетіп жатыр. Қорым ішін де тазартып, Қарабаевтың бейітіне дейін аршылуы керек. Жолға көрсеткіш қойса да артық емес. Халықтың даңқты перзентінің құрметіне ел болып үлес қосу бәріміздің парызымыз. Осы игілікті істерді жүзеге асыру жайлы сол уақыттағы Меңдіқара ауданының басшыларына айтқан болатынбыз. Бұл 2002 жылдың жазында болған. Ертеректе «Халық кеңесі» газетінде, ал кейін 2005 жылы маусым айында «Ана тілі» газетіне Мұхамеджан атамызды есте қалдыру жөнінде мақала жазып, орынды мәселе көтергенбіз. Өкінішке қарай көрер көз, естір құлақ болмады.
Мұхамеджан 1889 жылы Ыбырай Алтынсарин ауырып қалды дегенде айлап қасында отырып емдеген. Ол жөнінде Алтынсарин достарының естелік хаттарында айтылады. Ыбырай атамыз осы Мұхамеджаннан үміттеніп, оны Троицкіге оқуға алдыртқан. Қазанда кітабын бастырарда Ыбыекең Мұхамеджанды корректор етті. Алтынсарин халықтың оқу-білім алуына қандай адал қызмет етсе, Мұхамеджан Қарабаев та халықтың денсаулығын сақтау ісіне соншалықты жанын салған.
Мұхаң Ырғызда да дәрігер болып жұмыс істеген. Сол Ырғызда қазақтың тұңғыш дәрігерінің есімі аса құрметпен аталады екен. Мұхамеджанның мұражайы да бар. Онда Алаш ардақтысына қатысты құнды-құнды құжаттар жиналыпты. Саха (Якутия) елінде де атам заманғы қызметі үшін халық Қарабаевты есінде сақтап қалыпты. Ана бір жылдары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қарымды қаламгер Қалаубек Тұрсынқұлов сол жаққа қазақ жазушыларын бастап барғанда Мұхамеджанның Якутиядағы қызметі жөнінде тебірене жазады. Жазушы «Поляр шеңберінің ар жағында» атты қалың кітабында якуттардың Мұхаңды қалай бағалайтынын тамашалап әңгімелейді. Басқа жұрт басына көтерген атақты дәрігеріміз өз мекенінде, Отанында қадірсіз болуы қалай?
Басқаның жөні бір бөлек, Мұхамеджан Қарабаевтың жөні бір бөлек. Ол жай адам емес. Үш ғасыр бойы жұрт есінен кетпей келе жатқан асыл бейне емес пе?! Оның еңбегі ұшан-теңіз. Ал осындай адамды біз бағалай алмай келеміз.
Введенка орта мектебінде, қазіргі Мұхаң атындағы облыстық оңалту орталығында Қарабаевқа арналған мұражай бұрышы бар. Одан басқа дәнеңе жоқ. Ал Введен деген атау бізге сонша құнды ма? Бұл – алдымен Мұхамеджан Қарабаевтың туған жері. Карабайка деп аталатын өзен иірімі де бар. Қарабай көңінің қасына переселендердің ауылы 1911 жылы орын теуіпті. Осы жерде бертінге дейін әспеттелген революционер Летунов та туыпты. Көп жылдар оның есімімен кеңшар аталды. Бізге тағы бір қадірлі адам Алаш жастарының бірінші жетекшісі, Орынбордағы алғашқы халық-ағарту институтының директоры болған, Ахаң мен Жақаңның сенімді серігі Мұхтар Бабақайұлы Мұрзин де осы жерде дүниеге келген. Ол Мұхамеджан Қарабаевтың күйеу баласы болатын. 1945 жылы Шымкентте түрмеде өлтірілді. Қандай аяулы адам болған десеңізші. Біздің айтайын дегеніміз, Введеннің атын өзгертіп, оны Мұхамеджан Қарабаевтың есімімен атаған жөн. Немесе Қарабай ауылы-ақ болсын.
Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жастайынан біліп өсті. Ол аш, жалаңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы императорлық университеттің медицина факультетіне түсті. Бар ынтасын салып оқыды. Оған қатысты деректерді ақтарып отырып, таңданарлық жайларға куә боласың. Ол ел ішіндегі сүзек, оба сияқты жұқпалы ауруларды жаяулап жүріп емдеген, тіпті алғашқы жылы жалақы ала алмай, адамдарды тегін қараған. Профессор Ишанбай Қарақұловтың айтуына қарағанда, 1895 жылы қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, оны жүзеге асыруға ұйтқы болған. Бір шеті Якутия, Орта Колымаға дейін барып, Санкт-Петербург қаласында, жоғарыда айтылған Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысады.
Ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігінің қазақтың тұңғыш дәрігеріне көңіл бөлмеуі қынжылтады. Маңдайалды медицина қызметкерлерін марапаттау үшін Мұхамеджан Қарабаев медалін баяғыда тағайындауға болады ғой. Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина университетіне, республикалық емдеу мекемелерінің біріне Мұхамеджанның есімін беріп, оның атынан студенттерге неге стипендия тағайындамасқа? Мұхаңның аш, арық бауырларымызды емдеп жатқан ескі суреттерді көргенде төбе құйқаң шымырлайды, ұлтына бүйрегі бұрып, шыбын жанын шүберекке түйіп, жұқпалы аурулардан қорықпай, қалың елді аралап, алапатқа қарсы күресуі асқан ерлік қой. Осы жайлы неге кітап жазбасқа, неге телехабар, не көркем фильм түсірмеске? Біз өзгелер дегенде елпілдеп, дымымыз қалмайды, ал өзіміздің текті, жарқын тұлғаларымыз дегенде кежегеміз кейін тартып, тартыншақтанып, неше түрлі сылтау айтып, бойымызды аулақ салып тұратынымыз неліктен? Осы уақытқа дейін елемей келген Мұхамеджан Қарабаевты республикалық деңгейге көтеріп, есімін елге жарқыратып көрсететін мезгіл жетті.
Тарихымызды саралап, олқы тұстарымызды анықтап, ақтаңдақ беттерімізді ашып, көпке жария етудеміз. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында қыруар игі шаралар орындалды. Алайда, атқаратын шаруалар әлі де шаш-етектен. Солардың қатарында Мұхамеджан Қарабаевтың есімін мәңгілік есте қалдыру, оның ел алдындағы сіңірген жанқиярлық еңбегін мемлекеттік деңгейде құрметтеу, ардақты Алаш азаматын түркі дүниесіне, әлем жұртшылығына таныстырып, насихаттау міндеті тұр. Бұл қазақтың тұңғыш дәрігеріне жасалған тағзым болар еді.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
НҰР-СҰЛТАН