Экономика • 22 Қаңтар, 2020

Ақбас сиырдан артығы жоқ

2323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ендігі арада ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек. Мемлекет басшылығы жүктеп отырған міндет – осы. Қалай, қайтіп?.. Ең алдымен, төрт түлік малдың тұқымын асылдандыру парыз. Соңғы жылдары тұқымы азып кеткен жергілікті малдың жілігі татымайтыны ақиқат. Қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр.

Ақбас сиырдан артығы жоқ

Ізін індетсек, өткен ғасырдың оты­зын­шы жылдары К.Акопян, П.Ку­лишов тәрізді ірі ғалымдар қазақ пен қалмақтың сиырларын ағылшынның герефорд тұқымымен будандастырып, жаңа мал түрін шығарса керек. Осы бір ілкімді істің нәтижесінде елуінші жылдардың бел ортасында қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры сайын даланың сәнін келтіре бастады. Бұқаларының тірідей салмағы тоннаға жуық. Тіпті ғажап емес пе?! Қазір ауыл-аймаққа тұқымы азған қара малды ғана көзі көріп отырған ағайынға айтсаңыз, сенбес те еді.

Алдымен жергілікті тұқым жай­лы бірер ауыз сөз сабақталық. Тұқы­мы азғаннан кейін бұл малдың бере­кесі­нен бейнеті басым болып кетті. Бұрынғы мал тұқымын асылдандыру ісін қожыратып жіберіп едік, бұқаң торпақ, торпағың бұзау тәрізді болып қалды. Енді есептеп көрелік, бәкене бойлы барболғырлар пышақ көтеруге жара­ғанша екі рет қыстатылады. Со­ның өзінде екі центнерден әрең асады. Ал екі қыста қаншама жем-шөп жей­ді? Мал баққан қазақ өз еңбегін, қол еңбегін ақшаға шағып, есептей бермейді ғой. Әйтеуір, қорасы қаңы­рап бос тұрмаса болды. Қысқы бейнет өз алдына, жаз бойы екі-үш қараның соңында жүруі керек. Бақташыға төлейтін азын-аулақ ақысы тағы бар. Сонда пайдасы қайсысы?!

Мал шаруашылығын діттеген межеге жеткізудің жалғыз жолы – тұқымын асылдандыру. Айталық «мәрмәр» деп саналатын ақбас сиыр­дың еті мен майының мөлшері 55-65 пайыздан кем түспейді, дәм­ді әрі жұмсақ. 18 айға дейін жем­деліп бор­дақыланса, 4 центнерден асып тү­сетіндігі даусыз. Мал маман­дары­ның есептеуіне қарағанда, осы 18 айдың ішінде біз айтып отырған тірідей салмақ дәрежесіне жетуі керек. Одан асса артық бейнет, қосалқы шығын деген сөз. Ал ақбас сиырдың төлі жет­пек түгілі асып та кетеді.

Ендігі бір ерекшелігі, ақбас сиыр­дың қазақ даласының табиғатына әб­ден төселуі. Солтүстіктің түкірігің жер­­­ге мұз болып түсетін қақаған қы­сы­­ның атан түйені алып жығатын аязы­­нан қорықпайды. Қар үстінде де төл­­дей береді. Өзге асыл тұқымды­лар­ға қа­рағанда ұтымдысы, өз аяғы­мен жа­йы­лады. Ал басқа асыл тұ­қым­­­ды қара малды қысы-жазы қамап бағу керек. Ірі шаруашылықтар бұл мін­деттен аса көп қысылмаса, ша­ғын қ­о­жалықтар үшін қарбаласы мол, қиын шаруа. Қара мал қысы-жазы қолға қараса, жем-шөбін тауып беру қиямет. Міне, сондықтан да ақ­бас­тан артығы жоқ. Ел ішінде мал тұқы­мын асыл­дандыруға бағыт алып отырған жақ­сы мысалдар да аз емес. Ерей­мен­нің етегі төрт түлік малды тегіс өсі­руге аса қолайлы. Отты, құй­­қалы өңір­де Тор­ғай ауылы бар. Шоқ жұл­дыз­дай ғана, елуден астам түті­ні бар елді мекен. Бір ғажабы, ауыл қо­т­анында тұ­рып-ақ жанарың жете­тін жерді шолып шығуға болады. Өйткені төрт құбылаң тегіс айнадай ашық алаң. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл өлкенің шөбі шүйгін әрі малға жұғымды. Таулы-тасты өлке егін егуге қолайсыз болғанымен, мал өсіруге таптырмайтын-ақ жер.

– Осындай жерде түтін түтетіп отыр­ған соң ауылдың ырыздығы – мал өсірмеу әсте мүмкін емес, – дей­ді шаруа қожалығының басшысы Қанат Қанжығалы, – біздің ойымыз­ша, ісіміз табысты болуы үшін мал шаруа­шы­лығын асылдандыруға бір­жола бет бұруымыз керек. Асыл тұқым­ды мал өнімді де жақсы береді. Қазір ­жүзге жуық ақбас сиыр мен төрт жүздей қой бағып отырмыз. Ал­дағы уақытта қой тұқымын да асыл­дан­дырғымыз келеді. Ол үшін суық­қа шыдамды, әбден қыс дендеп түскен­ше өз аяғымен жайыла беретін қазақтың құйрықты қошқарларын алып, отарға қостық.

Мал бағумен бүйірі шыққан қауым­ның айтуына қарағанда, мал шаруашылығы табысты салаға айналуы үшін жем-шөбін өзің дайын­дауың керек. Егер жем-шөпті сатып алып ба­ға­тын болсаң, табысың то­лымды бола қой­майды. Шаруа қожа­лы­ғының егін еге­тін аз ғана жері бар екен. Міне, осы егі­стік алқап­тарын тиімді пайдала­нып, мал азы­ғын өсіруді жоспарлап қо­йып­ты. Көздеген межеге жететін қау­­мет­тері де бар. Трактор, комбайн тәріз­ді ауыл шаруашылығы техникалары көк­темгі науқандық жұмыстарға әзір тұр.

– Былтыр 250 гектар жерге арпа ек­тік, – дейді Қанат Қанжығалы, – ал­ған өнімді шашау шығармай, өзіміз бағып отырған малдың азығына жұм­садық. Ешкімге алақан жайып жүр­мейтіндей болуы үшін, күзде 500 гек­т­ар жерді жыртып, өңдеп қойдық. Ерей­­меннің етегі құнарсыздау болған­дық­­тан, ты­ңайтқыштан тарылған жоқпыз.

Әрине мал өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Қайткен күнде де моншақтап төккен маңдай терің ырыс болып оралатын адал кәсіп. Сол кәсіпті бүгінгі талапқа сай дөңгелету мал тұқымын асылдандыруға тікелей байланысты дейді күнделікті тәжірибесінен іс­тің жайын түйсініп отырған малсақ қауым. Әрине тегі асылдың таразы ба­сын тартатыны анық қой?!

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы