Руханият • 22 Қаңтар, 2020

Хирург, ғалым, қаламгер

545 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамның қай саласында еңбек етсең де бiлiм-бiлiктiлiгiң мен талантың керек. Ғұлама қаламгер А.С.Пушкиннiң «Географияға да талант керек» дегенi сондықтан болар. Барлық пендеде Алла берген талант бар. Тек соны пендешiлiкпен ескерiп, елей бермейдi. Өмiрден өз жолын таппай адасатыны да сондықтан екен. Бiрақ адам бойындағы сол талантыңыз бiр-ақ пайыз көрiнедi, басқаның барлығы еңбекпен, маңдай термен келеді екен. Сөйтіп, Жаратушы иемiз мұрат-мақсатына жетем дегендердiң пешенесiне тоқсан тоғыз пайыз еңбектi жазыпты. Демек, талмайтын еңбек, үлкен төзiмдiлiк қажет. Арамызда соның екеуiн де ұштастырып жүрген жаны жомарт, қарапайым жандар бар. Солардың бiрi әрi бiрегейi – тараздық дәрігер-хирург Сағындық Ордабеков.

Хирург, ғалым, қаламгер

Ол – жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі, елімізге танымал белгілі практик ғалым. Өз саласында атқарған еңбегi, ғылыми iзденiсi, ауру жан­дарға шипасы ұшан-теңiз. Хи­рургия саласында ашқан жа­ңа­лықтарын Қазақстан, Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, тiптен Аме­рика ғалымдары жақсы бi­ледi. Сондықтан болар, оны 1996 жылы Нью-Йорк академия­сы өзіне мүше етіп қабылдады. Жақын-алыс шетелдерде жария­ланып жатқан ғылыми-прак­ти­калық еңбектері, баяндамалары аз емес. Ғы­лымға қосқан үлестерінің куәсі – патенттері мен тиімді ұсы­ныстары жетерлік. Ол Тараз мемлекеттік М.Х.Дулати атын­дағы университетінің биология кафедрасының және «Бо­лашақ-Тараз» жоғары меди­циналық колледждерінің сту­денттеріне көп жылдар бойы дәріс бере­ді. Оның жетекшілігімен кан­дидаттық, магистрлік диссертация қорғаған жас ғалым дә­рігерлер мен биологтар еліміздің бірнеше жоғары оқу орынында жемісті еңбек етіп жүр. Ол әр­дайым ізденісте жүретін, қо­лынан келген көмекті аямайтын, өз ісіне деген адалдығымен, ас­қан жауапкершілігімен, тәртіп­тілігімен, барлық жұмысты тиянақты орындайтын парасатты абзал жан. Ол еңбек жолын қарапайым дәрігер-хирургтен бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қыз­­меттерін атқарып, әб­ден ысыл­ған, мол тәжірибе жинақ­таған білікті де білімді маман. Бү­гіндері Жамбыл облыстық ауру­ханасының операция жасау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.

Мұны хош деңiз.

Сағындықтың тағы бiр қа­сиетi жан-жақтылығы. Ол – жур­налист, публицист, жазушы. Он­даған көркем шығармалардың, публицистикалық кітаптардың авторы. Жас мамандарға, студенттерге арнап жазған тартымды монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдары қаншама.

Ал журналистiгiне келер бол­сақ, өз алдына бiр әңгiме. Ол Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі. Республикалық бас­қа басылымдарды былай қойған­ның өзiнде, оның еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstanda», ха­лықаралық «Түркiстан», рес­публикалық «Жас Алаш» газет­терінде және де басқа басылымдарда жарияланған тартымды, салмақты, ойлы мақалалары не­ге тұрады?! Қай мәселенi қоз­ғаса да, оқырмандарға құнды қо­ғамдық пiкiрлер туғызуымен, ұлт­жан­дылығымен ерекшеленедi. Қа­тар жүрген әріптестері, замандастары мен тарихи тұғырлы тұлғалар жайлы жазған эсселері қандай әдемі, әсерлі. Кіндік қаны тамған туған жері – құ­діретті Қаратау бойындағы Кө­сегенің Көкжоны туралы, сол аймақтың аңыз-хикаяттары мен тарихы жайлы тамсана қа­лам тербеген дүниелері қан­ша­ма! Қазақтың тарихы мол өлкелеріне (Қарқаралы, Шың­ғыстау, Баянауыл, Көлсай, Қа­расаз, Елтінжал, Келіншектау, Алакөл, Балқаш, Ақтас және т.б.) сапар шегіп, оның қасиетті жерлерінен әсер алған мөлдіреп тұрған жазбалары неткен ғажап, тартымды! Кейде Сағындыққа таң қаламын. Осының бәрiне қалай үлгерiп жүр? Уақытын тиiмдi әрi мақсатты пайдалана бiлгендердiң еңбегi өнiмдi болады деушi едi. Бәлкiм, солай шығар. Қалай айтқанда да оның еңбекқорлығы, ұқыптылығы, ізденімпаздығы, ұлтжандылығы, уақыттың әр сағатын қадірлей білетін парасаттылығы басқа­ларға үлгi. Оның медицинада да, шығармашылықта да өз ор­ны бар, ел-жұрттың алғысына бө­ленген беделі биік, өрелі азамат. Тағдыр сыйы, өмір бақыты деген осы болар, сірә.

Бүгіндері жетпістің тұ­ғы­­рына көтерілген ақжүрек асыл аға­мызды ел таныған ар­дақ­ты дос­тары, әріптестері мен ет жа­қын туыстары әр өңір­ден қо­ңырау шалып, мерей­то­йымен құттықтап, ыстық ықы­­ластарын біл­діруде. Біз де соларға қосылып шын жү­рек­­тен Сағындық Ор­дабек­ұлы­на зор денсаулық, от­ба­сы­­ның амандығын, бала­ла­рының бақытын, еңбегінің баян­дылығын, жасының ұзақ әрі са­палы болғанын тілейміз.

Лайым, Сәкеңнің әлі де алар асулары, игерер белестері, жетер жетістіктері мол болғай!

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,

жазушы-журналист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты

 

АЛМАТЫ