Қоғам • 22 Қаңтар, 2020

Қатыгездік қайдан шығады?!

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жеті қазынаның қасиеті жетесіне жетпеген жұрт оңдысын ойыншыққа айналдырып, оңай олжаға кенелмек. Бірақ оның ар жағында не жатқанын бажайлап түсіне бермейтіні өзекті өртер өкініш.

Қатыгездік қайдан шығады?!

Қалаға кіре бергенде қам­шылар жақ беттен дүрліккен топ көзге ілікті. Арқан бойы жақындағанда аңғардық. Ит төбелестіріп жатыр екен. Соң­ғы кезде сәнге айналған осындай бір оспадар тіршілік белең алып тұр. 

Бұл жолғысы кәдімгі қа­зақ­тың төбеті мен питбуль. Екеуі де қанжоса. Әсіресе төбет. Күшік кезінде кесілген оң жақ құлағының түбі жал­бырап жатыр. Даладай омы­ра­уы мен жұмырлана біт­кен жон арқасы қызыл қан­ға шыланған. Питбуліңіз тө­бет­­тен әлдеқайда қораштау кө­рін­генімен, қорқуды біл­мей­тін, айқас үстінде анық ажа­­лы жетіп тұрса да мысық­табандап шегінбейтін бір сұ­рапыл. Оған қарағанда, қа­зақы төбет иманжүзділеу. Кө­мейінен гүрілдеп шыққан ызалы ырыл сәл сейілгенде шо­лақ құйрығын бұлғап-бұл­ғап қояды. Онысы пәкене питбульді бітімге шақырғаны. Бірақ қан көріп құтырған ит қайдан тоқтай қойсын.

Айқұлақтана аттандаған, жерді тітірентіп айғайға бас­қан қалың топтың қақ жартысы жасөспірімдер мен балалар. Иелерінің айтағына еріп, бірін-бірі албастыдай басқысы келіп, жырта қарыс азуларын ақ алмастай жалаңдатып жүр­ген қос иттің қанын қыз­дырғысы келіп қапталдаса ұм­тылады.

Қазақ төбетіңнің иесі қоң­қақ мұрынды, гүжбан кав­каздық біреу екен. Итпен бір­ге өзі төбелесетіндей өңмең­­дей­­ді. Әлден уақытта пит­буль тө­беттің аузына ілік­кен. Мана­дан бері сілікпесі шы­ғып, әб­ден ызаланған қазақы төбет бір-ақ қысты. Тіпті, аузымда кет­ті-ау деген жоқ.

Иті жеңгеннің желігі де аз емес екен. Кавказдық гүж­бан да мәз-мейрам. Тө­бетін мақтап тұр. Өзінің емес, әрине, қазақ­тың төбеті. Момын, мал бағу үшін жа­рал­ған жан иесі. Тек соң­ғы кез­де оңай олжаға ке­нел­гісі кел­гендер осындай тө­белеске салып жүр. Әрине ай­қасуын айқасады. Сол айқас ақ, адал иесін қорғау үшін, әйтпесе, иесінің малын қорғау үшін болса бір жөн ғой.

Ақ қардың үстінде айғыз-айғыз қан жатыр. Иелері үшін жан алып, жан беріскен қос иттің қаны. Қызыл қанмен суарылған ақ қарды күтір-күтір басып бала біткен бақ-шақ. Олар да жаңа ғана со­лықтай шаршап, қаржыса қар­масқан иттерден бетер өңеш­­тейді. Осындай құ­быжық құ­былысты көріп өс­кен бала санасы не болар екен?!

 

Ақмола облысы