Қазақстан • 22 Қаңтар, 2020

Ана тілі – арым дейтін жастар көп

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 30 жыл толуына орай түрі мен мазмұны үйлесім тапқан көптеген іс-шаралар жүзеге асты.

Ана тілі – арым дейтін жастар көп

Осы орайда бір мәселе айқын деуге болады. Бұл егемен еліміздің тұғыры мемлекеттік тілімен де биік бола түсетіндігі. Ана тілін еркін меңгеруі арқылы жастардың бойында туған жері мен ілін шексіз сүйе білу дағдылары қалыптасады. Оның терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болып қалыптасуды қалайтын жастармен студенттердің басты парызы болмақ.

Осы мақсатта Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиевтің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген байқаулар туған тілдің тұғырын одан әрі асқақтата түскендей әсер қалдырады. Мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтын жастар мен жас мамандар, оқу орындарының студенттері және өзге де жас кәсіп иелері қатысқан басқосулар олардың туған тілге деген құрметі шексіз екенін көрсетіп келеді. Аталған байқауда олар жаңаша ойлау мен жаңғырудың жарқын үлгісін танытып жүр. Мәди бабамыз: «Жастық шақ өткір қылыш жүзі емес пе, Қайрап сап қалың жауға сермегендей» деп жырлап кетті емес пе? Ақтөбелік жастардың туған тілге деген ұмытылысы олардың тұла бойындағы қайнар күш-қуат пен тамырласып тұрғаны да байқаулар кезінде айқын байқалды.

Ана тілдің мәртебесін көтерудің жолдары мен әдістері сан тарау. Соның бірі өзге тілді этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыру екені белгілі. Әрі осы арқылы ұлтаралық татулық пен бірлікті одан әрі тереңдете түсуге жол ашылмақ. Ақтөбе қаласында дәл осылай болып жүргені көңілге риясыз жылы нұр құяды. Өткен жылы құрылғанына 150 жыл толған еліміздің батыс өңіріндегі ірі шаһарда «Қазақ елі – құтты мекенім» тақырыбында өткізілген байқаулар мен конкурстардың да ауқымы өте кең болғаны қандай ғанибет. Ең бастысы бұл бастамаларда өңірді мекендейтін өзге этнос өкілдері жастары мемлекеттік тілді тәп-тәуір меңгергендерін көрсетіп берді. Аталған байқауларда жүлдегер болғандардың көптігі соншалық оны тізіп айтып беруге он саусақ жетпейді. Бәрін қосқанда қос парақты тұтастай толтырғанына да ризашылығымыз мол.

Олар ана тіліміздің құдіретін паш етіп, елдік пен бірліктің жарқын өнегесін танытты. Сонымен бірге «Қазақ елі –құтты мекенім» тақырыбында өткізілген байқау оған қатысушылардың бәріне үлкен серпіліс пен қуаныш сыйлады. Оның өте қызғылықты, тартымды әрі тартысты өткені соншалық – жүлдегерлерді анықтау әділқазылар алқасына да оңай тиген жоқ. Мемлекеттік мәні бар осындай іс-шараларға өзге тілді ұлт өкілдері жастары жанашырлық ниет білдіріп, жаппай қатысқаны бәрімізді қуантты дейді Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиев.  

Бір сөзбен айтқанда Ақтөбеде мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі оны өмірі мен қызметінің бір бөлшегі деп санайтын жастар қатары жыл санап көбейіп келеді.