Саясат • 22 Қаңтар, 2020

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Юта штатына жұмыс сапарымен барды

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов Юта штатына жұмыс сапары барысында штат Губернаторы Г.Херберт, Бригам Янг университетінің президенті К.Вортен, Ютадағы Дүниежүзілік сауда орталығының директоры М.Хансен, сондай-ақ, жергілікті американдық компаниялардың өкілдерімен кездесті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Юта штатына жұмыс сапарымен барды

Юта штатының Губернаторы Г.Хербертпен кездесуде екіжақты қатынастарды дамыту, сондай-ақ, Юта штатымен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ Иса Мәсіхтің Соңғы Қасиетті Әулиелер шіркеуінің бірінші президентімен кездесулер өткізіліп, оның барысында Елші Е.Қазыханов Қазақстанның дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту, бітімгершілікке, гуманитарлық жобаларды жүзеге асырудағы, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның жасаған жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті. 

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы мормондық қоғамдастық өкілдерін ерекше қызықтырды. Атап айтқанда, американдық тарап шіркеу өкілдерінің 2021 жылы алдағы VII конгреске қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін білдірді.

АҚШ мемлекеттік компанияларымен байланыс орнату мақсатында Ютадағы Дүниежүзілік сауда орталығының директоры М. Хансенмен кездесуде туризм индустриясын дамыту және отандық тауарлардың американдық нарыққа экспортын ілгерілету саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. 

Қазақстандық дипломат Бригам Янг университетіне барып, студенттерге «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары 2020: серіктестіктің жаңа онжылдығы» тақырыбында дәріс оқыды және тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту аясында, сондай-ақ, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге байланысты Елші Е.Қазыханов университет президенті К.Уортенге қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясын және әл-Фарабидің ескерткіш монеталарын сыйлады.

Айта кетейік, Бригам Янг университеті - құрамында 32000 студент оқитын АҚШ-тағы ең ірі діни университеттердің бірі. 2019 жылы аталған университет білім сапасы мен бағасы бойынша Forbes және The Wall Street Journal рейтингтерінде бірінші орынға ие болды.