Руханият • 22 Қаңтар, 2020

Көкшетауда волонтерлік қозғалыстың орталығы ашылды

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы Қазақстан Халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жанынан волонтерлік қозғалыстың орталығы ашылды. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері кіріп отыр.   

Көкшетауда волонтерлік қозғалыстың орталығы ашылды

Алдымен ашық есік күні өткізілді. Тұңғыш шарада алға қойған мақсат-мұрат кеңінен қамтылып айтылып, іс-қимылдың бағытын бағдарлайтын тұжырымдама таныстырылды. Еріктілер қозғалысының жауапты маманы Динара Кәкпенованың айтуынша, кез-келген жас волонтер атана алады. Ол үшін әр жастың көкірегінде қоғамды ізгілендіруге деген ниет пен талап болса болғаны. Ал, тіркелу онлайн өтініш арқылы іске асырылады. 

–Оның мерзімі шексіз. Еріктілер бізге кез-келген кіре алады. Қайырымдылық көптік етпейді ғой. Әлде бір жәрдемді қажет ететін жандардың жанынан табылып, қолғанат бола алсақ, тіпті тамаша емес пе?! Орталық жаңа ашылып жатыр, сондықтан, қайырымды жандардың көбейетіндігіне сеніміміз кәміл, дейді Динара Кәкпенова.

Еріктілер қозғалысының ашық есік күніне келген қатысушылардың арасында «Жас Отан» жастар қанатының өңірлік мамандары да болды. Олар да өз кезегінде «Еріктілер жылына» орай ұйымдастырылып жатқан жақсы істердің барысымен бөлісті. Енді жастар ісін қолға алып отырған білікті мамандар облыстық филиал жанынан үш айлық еріктілер мектебін ашпақ.

Волонтерлік қозғалыс  жұмысының нәтижесі өңірдегі еріктілердің санын көбейтумен бағаланады. Әрі өскелең ұрпақ арасында жастарды жақсылыққа баулу, жүрек жылуымен бөлісу сезімдерін қалыптастырмақ.