Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Қылқаламның ұшындағы Бурабай

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейінде халықаралық  суретшілердің «Бурабай аңыздары» атты көркемсурет көрмесі өткізілді.

Қылқаламның ұшындағы Бурабай

Бурабай баурайында өткен «Qazaqstan. A la Prima» халықаралық суретшілер форумы аясында шетел суретшілері салған өнер туындылары көрмеге жиналған көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге әлемнің 10 мемлекетінің ең мықты қылқалам шеберлерінің еңбектері қойылған. Барлық суреттерде көрсе көздің жауын алатын Бурабай өлкесін бейнелеген. Форум   аясында салынған құнды туындылар бұл күні Әдебиет және өнер музейінің алтын қорында сақталған.

–Өткен жылы Бурабайда өткен суретшілер форумында салынған  суреттердің барлығын облыс басшылығы біздің музейге сыйлаған. Міне, сол суреттерден қала тұрғындарына арнап осындай көрме ұйымдастырдық. Бұл жерде әлемнің 10 мықты суретшісінің 40-қа тарта өнер  туындылары қойылған, дейді облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов.

Туған жердің тамаша бейнесі ақмолалықтар үшін таңсық емес, әйтсе де шебер қолмен мөлдіретіп салынған суреттер көрген жанның көкірегіне бір жылы сәуле құяды екен.

–Бұл суретшілердің барлығы мықты. Өз бағытын қапысыз қалыптастырған қылқалам шеберлері. Суреттердің салынуы бөлек, композициясы да әр түрлі. Бірақ, бір қуантарлығы әр суретші біздің  өлкеден керемет шабыт алып, осындай тамаша өнер туындысын салып шықты. Олар қарапайым қылқаламның күшімен-ақ осы жердің байлығын, сұлулығын барынша ашып сипаттаған. Суреттердің өзі сөйлеп тұр, дейді облыстық суретшілер одағының төрағасы Юрий Попов.

Әдебиет және өнер музейі өңірдегі танымал суретшілермен қатар, танымал қолөнер шеберлерінің, мүсіншілер және фотографтардың көрмелерін  дүркін-дүркін өткізіп, қала тұрғындарының рухани өміріне мол үлес қосып келеді.