Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

«Өрлеу» мамандары еріктілер жұмысын бастады

639 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Волонтерлер жылы институт тренерлері үшін латын графикасына қатысты тақырыппен байланысты басталды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы филиалының аға оқытушылары Жанар Ибраева, Ақбота Қоңырова ерікті ретінде №126 мамандандырылған лицей мұғалімдеріне латын графикасына көшудің мәселелеріне қатысты пікірталас алаңын ұйымдастырды. Өрлеулік волонтерлер ұйымдастырған алғашқы пікірталас алаңына лицей директоры Мырзахан Төлендиев бастаған мектеп ұжымы қатысты.

«Өрлеу» мамандары еріктілер жұмысын бастады

Латын әліпбиіне қатысты сан-түрлі сауалдар мен өзекті мәселелерді ой-талқысынан өткізіп, ұлт тілі үшін латын графикасының қаншалықты маңыздылығын насихаттау мақсатында келген Институттың ерікті өкілдері ұтымды пікір, тиімді ұсыныстарымен бөлісті. Филология ғылымдарының кандидаты, Институт тренері Ақбота Қоңырова дүние жүзінде 6,5 мыңға жуық тіл бар, соның ішінде небары 200-дей тілдің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие екендігін атап өтті. Сонымен қатар Ақбота Тұрағұлқызы Ана тіліміздің мемлекеттік тіл екендігін мақтан тұта отырып, оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін жолда табандылық танытуға шақырды.

Пікірталас алаңына қатысушылар тарапынан әртүрлі пікірлер айтылып, сауалдар қойылды. «Латын графикасына көшудің қажеті жоқ, ол оқушының білім алуына тежеу болады, тарихымызда қанша рет қаріп ауысты...» деген пікірлер соңы, «Латын қарпі бізге жат емес. Латын графикасы еліміздің әлемдік білім кеңістігінде заман талабына сай дамуына жол ашады» деген ұсыныс-пікірлермен жалғасын тауып, лицей директоры институт басшылығы мен еріктілерге алғыс білдіріп, ізгі бастамаға сәттілік тіледі.

Институт тренерлері латын графикасы бойынша еріктілер жұмысын Алматы қаласындағы мектептерде одан әрі жалғастыратын болады.