Қоғам • 22 Қаңтар, 2020

Балалық шақтың көрмесі

500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Суретші-график, көркемдеуші Күләш Төребаеваның есімі бүгінде алыс-жақын шетелдерге мәлім. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасында студенттерге тәлім беріп жүрген шығармашыл тұлға сурет салуға бала кезінен ынтық болғанын айтады.

Балалық шақтың көрмесі

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графикалық өнер факультетін, С.Г.Строганов атындағы Мәскеу мемлекеттік көркем-өнеркәсіп академиясын бітірген кәсіби маман бейнелеу өнерінің В.И. Антощенко-Оленев сынды шеберлерінен тәлім алған.

Жақында Мемлекеттік Орталық музейде өткен «Балалық шақтың сәттері» тақырыбына арналған көрмеде Күләш Төребаеваның әртүрлі жанрдағы «Әжем  айтты», «Үлкен әже», «Наурыз. Қонақта», т.б. суреттер топтасы қойылды. Күләш Төребаеваның шығармашылығында этнографиялық тақырыптардың орны бөлек. Суретшінің жұмыстары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған конкурстық шығармалар» және «Мерейтой палитрасы» жинағына енген. К.Төребаева шығармашылығының тағы бір қыры қабырғаларды суреттеу, витраждар жасау, ұлттық кәдесыйларды әзірлеумен айшықталады. Суретшінің сондай-ақ заманауи бағыттағы шеберлік-сабақтары үлкен сұранысқа ие.

1

Көрменің тағы бір ерекшелігі мұнда Күләш Төребаеваның қызы Жаннаның туындылары өнер залынан орын алды. Балалық шағынан шығармашылық ортада өскен жас дарын иесінің айналаға деген нәзік әрі көркем талғамы анасынан дарыған. Т.Жүргенов атындағы «Графикалық дизайн» факультетінде білім алған Жанна өнерге ынталы жандарды «Арапованың дизайн-студиясында» сурет әлемінің ерекшеліктерін меңгеруге баулыса, қазіргі кезде шығармашылығын Түркияда жалғастыруда. Кескіндеме, графика, витраж және қабырға суреттерін салумен айналысатын суретші қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы.

Бүгінде еңбектері елімізбен қатар Ресей, Түркия, Израиль және АҚШ-тың жеке коллекцияларында орналасқан суретшілердің шығармашылығына арналған көрмені кәсіби мамандар жоғары бағаласа, бояулар әлеміндегі әдемі көріністі  қала тұрғындары асқан сүйіспеншілікпен қабылдады.