Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балалардың тісін тегін емдейді

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы облыстық стоматологиялық емханада физикалық қажеттіліктері, психоневрологиялық ерекшеліктері мен аллергомәртебесі ауырлаған балаларды емдеуге арналған жеке бөлім ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балалардың тісін тегін емдейді

Аталған санаттағы балалардың ата-аналары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін тістерді наркоздың көмегімен тек ақылы түрде емдетіп келген болатын. Енді олар бұл қызметті тегін алу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Жалпы наркозбен тістерді тегін емдеуге жолдаманы тіркелген жерлері бойынша емханада алуға болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды дәрігерлер әрбір аптаның екі күнінде қабылдайды.

– Бұған дейін мемлекеттік тапсырыс көлемінде қарастырылмағандықтан наркозбен тістерді тегін емдей алмадық. Біз тек тістерді жұлатынбыз. Ешбір ата-ананың баланы тіссіз қалдырғысы келмейтіні белгілі. Сондықтан, бұл өте маңызды мәселе. Ал психоневрологиялық диагнозы бар балалардың тістерін толық наркозсыз емдеу мүмкін емес. Олар дәрігердің «Аузыңды аш» немесе «Түкіріп таста», деген сияқты нұсқауларын белгілі себептермен орындай алмайды. Қазір МӘМС аясында наркозбен емдеуді қаржыландыру мүмкіндігі бар және бұл мәселе түбегейлі шешілген, дейді облыстық стоматологиялық клиниканың бас дәрігері Марат Тайшиков.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеуге арналған бөлімде қажетті деген барлық жабдық бар: екі стоматологиялық бөлме, операциялық бөлме, наркоздан кейін науқастарды ояту палатасы және облыстың басқа қалалары мен аудандарынан келген балалар мен ата-аналарға арналған палаталар жұмыс істейді. Мұндағы медициналық қызметтің бәрі тегін.