Айтекең арқасы қозғанда алдында арыстан тұр ма, аю тұр ма қарамайды, сыңар мүйізімен бір-ақ шайқайды. Оның бұл мінезін білетін әріптестері «хайлайлымның» кәрі жынын қоздырмай, абайлап айтысады. Егер шамына тиіп, шабына шоқ түсірсеңіз, екі иығын жұлып жеп, қара жерді қос аяқтап тепкілеп, боз жусанның көкшіл түсіндей қияқ мұрты едірейіп, қолындағы домбырасын қарағай найза сияқты ырғып-ырғап жіберіп, екі иығы алма-кезек селкілдеп, бел омыртқасы бұлғаңдап жүре береді.
* * *
1999 жылдың көктемінде елорда төрінде аламан айтыс өтті. Осы сөз сайысында домбырасын бұлғақтатып отырған Бұлғақов көкке бір, көпке бір қарап алды да:
Өркендеуге келгенде мешелдеуміз,
Еліктеуге келгенде есерлеуміз,
Сирақ жасап бүйректен шығаратын,
Шетімізден шатпақ тіл шешендерміз,
– деп бір қайырды да, иығын қиқаң-қиқаң еткізіп:
Астанаң да Еуразия,
Баспанаң да Еуразия,
Ажарың да Еуразия,
Базарың да Еуразия,
Университетің де Еуразия,
Шаш ал десе, бас алған,
Бұ не деген безобразия,
– демесі бар ма. Осы сөз көпке дейін халық арасында айтылып жүрді. Әлі есімде, айтыс тамашалап отырған Шерағаң (Шерхан Мұзтаза) мұрты шаншылып, екі езуі жайынның желбезегіндей жайылып күліп еді жарықтық.
* * *
Жуықта анау-мынау шаруасы болып бас қалаға Айтақын келген екен, аз-кем әңгіме өрбіттік. Сондағы қойған сұрағымыз: «Айтеке, хайлайлымды қайдан үйреніп жүрсіз?».
– Айтыстың тиегі ағытылған жылдары, – дейді Айтакең. – Айтысқым келіп аласұрдым. Ауылдың алаөкпе ақындарымен сайысып көрсем болатын түрі бар. Бірақ әнге салсам ырғағы ұнамайды. Қысқасын айтқанда, мінез-құлқыма сай келетін, сахнада жарқырап ашылатын ырғақты ән керек. Сонау бала кезімде әнші Ғарифолла Құрманғалиев радиодан көп айтатын халық әні есіме түсе кеткені. Былай басталатын:
Өлеңімнің басы еді
быжық-шыжық,
Быжық-шыжық дегенім майлы шыжық...
Осы әнді беташар етіп алдым. Одан кейін Жаркент ауданының Ақжазық ауылында Сәрсенхан дейтін музыка пәнінен сабақ беретін ұстаз бар-тын. Сол кісі бір әнді айтып келіп, қайырмасында:
Әне, бұлбұл тамаша,
Міне, бұлбұл тамаша,
Жайнашы құрбым жаңаша,
Жаңаша, жаңаша...
– деп аяқтайтын. Осыны өзімше жетілдіріп қайырма жасап алдым. Оған «хайлайлымды» қостым. Сөйтіп құрап-жамап алған дүниемді айнаның алдына жайғасып алып сарнаттым. Екі-үш күн өзіммен өзім айтысып иі қанды-ау дегенде талантты айтыскер, марқұм Жандарбек Бегімбетевке сынатуға бардым. Алдына отыра қалып сартылдатып айтып бердім. Жәкең: «сені ашатын ән осы», деді. Содан бері ширек ғасыр «хайлайлымдатып» келем.
* * *
Айтақын Бұлғақов – 1960 жылдың 19-шы қаңтарында Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Жарықтық әкесі Мұқамәди көзінде оты бар осы ұлдан үміт күтіп, тек оң тізесіне отырғызып өсірген екен.
– Расын айтсам, – дейді Айтакең. – Орта мектепте сабақты мандытып оқымадым. Бірақ әке-шешем қара өлеңнің қайығы еді. Шешем Күлшария ауылдың жиын-тойында көп-көрім айтысатын. Мектеп бітірген соң ауылдағы халық театрында жұмыс істедім. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасында Қозының рөлін сомдадым... 1979 жылы аудандық газетке алғаш рет өлеңім басылды. Сондағы қуанышымды көрсеңіз... Кейін облыстық телерадиода қызмет атқардым. Әбден марқаланып барып, яғни 1996 жылы Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы институтқа оқуға түстім.
Жалпы, бұл пәниден ұққаным баршылық. Атам қазақ бұл дүниені «бес күн жалған» деген ғой. Білген жанға бұдан өткен пәлсапа жоқ. Сол жалған өмірдің жарығында біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей, қоңыр тіршілік кешіп келемін.
* * *
А.Бұлғақов қазір Алматы облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Қазақ айтыс өнерінде өзіндік ізі бар. «Ақындар жыры – Ақ орда», «Тәуелсіздік – тағдырым», «Нұр Отан» ХДП – 10 жыл», «Тіл туралы заңының қабылданғанына – 20 жыл» атты жыр сайыстарының жеңімпазы.
– Социализм дәуірінде айтыс көп болмайтын, – дейді Айтакең. – Біздің ауылда көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Жетекшісі – Әсет Керімбаев. Осы кісі қыз бен жігіттің айтысын жазып, онысын Жайлаухан деген қызбен бірге маған орындатты. Менің тұмшаланып жатқан айтысқа аңсарымды ашқан оқиға осы.
Бірде Әсекең мені үйіне ертіп апарып көлденең сұрақ қойды. Мен оған қолыма домбыра алдым да, өлеңмен жауап бердім. Ол орнынан атып тұрды. «Ойбай, сен суырып салады екенсің ғой». Осы тебінмен Қалқа Жапсарбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық айтысқа қатыстым. Бас жүлде бұйырды.
Аттай шауып өткен күндердің қайсы бірін айтайын. Халықтық ықылас-қошеметінің арқасында сері де атандық, сергелдеңге де түстік. Қазір тағдыр қосқан қосағым мектеп қабырғасында жүріп танысқан бала махаббатым. Қазір сол дана махаббатқа ұласты. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» демей ме, қазақ!
* * *
Қазақ айтысында табы қалған «хайлайлымды» кейін тұмсығынан сыпырып, тәрбиелеген шәкірті Балғынбек Имашев айтты. Айтақынның туған ұлы Жандарбек Бұлғақов аса қуатты, бұла ақынның біріне айналды. Он бес жасында үлкендермен қатар республикалық жыр додасына түскен бұл бала әке жолын қуған ұл болды. Бұлғақовтың бір басына бұдан артық не керек.