Экономика • 23 Қаңтар, 2020

СНПС келісімді орындамай отыр

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – Ақтөбе облысы аумағындағы ең ірі кәсіпорынның бірі. Оның үлесіне өңірде өндірілетін мұнай мен көмірсутегі шикізатының 70 және сұйық отын мен газдың 90 пайызы тиесілі.

СНПС келісімді орындамай отыр

Корпорация мен оның құры­лымдық бөлім­шелерінде 6 200-ден астам қыз­меткер жұмыс істейді. Соң­ғы бес жыл ішінде аталған ак­ционер­лік қоғамнан 500 миллиард тең­генің көлемінде инвестиция тартылған. Әйтсе де соңғы кез­де аталған алып өн­дірістік ұжым бұ­рынғы жүрдек жүрісінен жаңы­лып қалғандай...

Стратегиялық маңызы бар шикі­зат өнімдерін өндіретін ірі кә­сіп­орынның алдағы уақытта ше­­ші­луге тиісті мәселелері ауқым­ды болуы табиғи жайт. Корпорация былтыр инвестиция тарту мөлшерін кемітіп жіберген. Сонымен бірге еңбек өнімділігінің қарқыны да алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен­деп кеткені бай­қалады. Бұл өз кезегінде ескіре бас­таған құрал-жабдықтарды қайта жаң­ғырту қажеттілігін көрсетеді. Сон­д­а еңбек өнімділігін екі-үш есеге дейін көтеруге мүмкіндік ашылмақ.

Сонымен бірге «СНПС-Ақтөбе­мұнайгаздың» соңғы уақыт­та еңбекті ұйымдастыру мен жұмысшыларға атқарып жүрген ауқымды еңбектеріне лайықты еңбекақы төлеу ісін де ширық­тыра алмай жүргені байқалады. Айталық, Ақтөбе об­лысы әкімінің орынбасары Қай­рат Бекеновтің мәлімдеуіне қара­ғанда, қазіргі кезде корпора­ция қожайындарының өз жұмыс­шыларына төлеп жүрген орташа еңбекақысының мөлшері республика бойынша мұнай саласы қызметкерлерінің орташа жа­л­а­қы­сымен салыстырғанда  үш-төрт есеге аз екен. Бұл төмен статис­тика екеніне ешкім таласпайды.

«СНПС» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илинь Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуі кезінде күрделі жағдайдың өткен жылы кәсіпорында уақытша орын алған кідірістер мен кедергілерге байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, жұмысшыларға толымды еңбекақы төлеу мәселесі алдағы кезде толығымен шешімін таппақ.

Тағы бір атап өтерлік жайт, бұған дейін жасалған өзара келі­сім­дерге сәйкес шетелдік компания қызметке жергілікті мамандар мен жұмысшыларды тартуға тиіс. Әйтсе де келісім талаптары орындалмай келеді. Есесіне соң­ғы жиырма жылдың ішінде ком­пания басшылары шетелдік жұ­мыс­шыларды қызметке ұдайы тартып келген. Сондай-ақ осы аралықта кәсіпорын жанынан қазақстандық мамандарды оқыту мен жаңа кәсіпке бейімдеу ісінде үстірттік пен олқылыққа жол берілген.

Бұл арада басты әңгіме, инженер-техник кадрларға байланыс­ты емес, III және IV санаттағы қара­пайым жұмысшыларға қатысты өрістеп отыр. Шетелдік компания басшылары тарапынан мұндай жағдай қайталана берсе, оның соңы жұмысшылар наразылығына ұласуы да мүмкін.

 

АҚТӨБЕ