Руханият • 23 Қаңтар, 2020

Ұятсыздық аздырар адам баласын

1686 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егер ұялмасаң, білгеніңді істей бер!». Бұл әуелгі Адам (ғ.с) әрі соңғы ақы­реттік Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға дейін өзгеріссіз жеткен бірқатар ұла­ғаттар ішіндегі адамды кілт тоқтататын ерекше оқшау хадис. «Асыл сөзге өлім жоқ» демекші, құны ес жидыртатын өсиет. Білгенін істеу деген – хайуан тірлік. Ал одан жоғары тұру – адамилық. Адам ойында бір ғана өті­рік пен санада сәл қиянат болса, кеудедегі жүректің кірленуіне жетіп арты­лады. Ал қол ұрлыққа, аяқ арамға жүгіре берсе, онда бойдан ұят кет­ті деген сөз. Жалпы, ұят деген не, оны кім қалай пайымдап жүр, па­йы­зы қанша?

Ұятсыздық аздырар адам баласын

Қазақтың кеңдігінде абырой, ар-намыс, қадір-қасиет ұяттың туыс­та­ры. Алайда, ұят күннің көзінен кө­лең­­ке іздеген Күнікей қыздай, адам таби­­ғатына өлшеусіз жасырынған қы­сымды күш екенін көбісі біле бер­мей­ді. Ол әркімге әрқалай емес, барша адам­­зат­қа бірдей егілген табиғи екпе. Рух­ты таза ұстайтын иманмен тамырлас тұқым. Адамилықтың қазығы, адам­гер­­шіліктің атасы, ізгіліктің ана­сы.

Бір адамды ұяттылыққа шақырып отырған сахабаны Мұхаммед (с.ғ.с) пай­ғамбар тоқтатып «Ұят сөзбен сің­діре­тін дүние емес, ол иманнан» дегені бар. Ал «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұят. Ұят пен иман тығыз байланысты» деген хадисте мұсылманның болмысы жатыр. Бұдан бой мен ауыз қуысты таза ұстау, некелесу, ұят сақтау тәрізді жан мен тән тазалығы пайғамбарлар дәстүрі болып қалыптасқан.

«Әдептілік, арлылық пен махаб­бат – қабірден әрі өткендегі үш жол­да­сың» дегенді білген аталарымыз ар-ұятпен туып, абыроймен дүние сал­ған тәуірлеріміз. Олар пұлға арын сатқан, бұлданған, кекірейген, түрлі-түсті антұрғаннан сабақ ала білген ақыл­ды­лар. Ұятсызбен ұстаспаған, оны тың­дап, тілін тәрбиелеген, оған қарап қы­лығын түзеген. Алдына атойлап келген жөнсізді жұмсақ тілімен жөнге келтірген, әдепсізді әдемі сөзімен шығарып салған.

Адамның түйсік қызметін жүйе­леу­ші әдеп. Ұят осы әдептің бір мүшесі. Ол санаға шек, тілге тиек, жү­ріске тоқтам. Үш түрлі ұят, яғни Ал­ладан, адамнан, өзінен ұялу бар. Ұят­тың Ұлы Иесі Жаратушыдан адам­ның ұялуы тиісті. Жаны мұрын ұшына жеткенде, саудасы тығырыққа тірел­генде, отбасы қиындыққа ұшыра­ған­­да, оған алақанын тосып, екі қолын ұялмастан жаяды, жылана сұ­райды. Ал Алланың бұйрықтары мен ты­йымына келгенде, бойын не ойын ұсынбақ түгілі, ұмытып кетеді. Міне, осы тұста адамның ұяты өлшенеді. Алладан ұялу – Жаратқанға құрмет, Алланың назарын әркез сезіну, оның алдында абыройын сақтау деген мән. Алайда, бұл мән екінің бірінен табыла бермейді. Ал адамдардан ұялу – өзгеге құрмет. Өзінен ұялу – өзін сыйлағаны, ұятымен үндескені. Мәселен, өмірде «Өзін танығысы келген адам жалғыз қалғандағы ахуалына қарасын» деген ғұламалар бар. Тіптен «Адамдардан ұялғанша, өзіңнен өзің ұял», «Ұяты жоққа дәріс жоқ» дейді.

Өткен заманнан үш жақсы бар. Олар: «Ердің ұяты жақсы, әйелдің ұяты одан жақсы», «Әр адамның әділ болғаны жақсы, басшының әділдігі одан да жақсы», «Қарттың тәубелілігі жақсы, жастардың тәубелі болуы тіптен жақсы».

Әлбетте адамды «Бетсіз» деп жү­зі­­нен, «Ұяты бар» деп, ісінен тани­тын халықтың көзі турашыл. Бір ой­шылдың «Ұятсыз адам иттен де жа­­ман» дегенін оқып, иттен ұят ізде­ге­­ніне таңғалдым. Алайда, қазан­ның қақпағын аңдушыда мынадай бір әдеп бар екен. Алабөтен жерге барып, нәжісін шығарады да, топы­рақ­ты бұрқырата отырып, төрт аяғы­мен көмеді, сосын орнынан жылжиды екен.

Әр үйдің қос әулиесіне ша­ңырақ­тың босағасы шаттанып, қуаныштан шалқиды екен. Өкініштісі, бүгінде олар­дың көздері кетсе, ұрпағы мұра­ға балқитын болды. Әке мен ана­ның өмір бойы тірнектеп жинаған дүниесіне таласып, белдері бүгіліп өздері жинағандай, бет жыртысып, ақырында ағайын мен ағайын, абысын мен абысын, бала мен баланың аражігі ашылып, бірін-бірі соттың алдына сүйрелеу көбейді. Осы біз бауырымызды шеттетіп, ағайындықтан ажырап, ұятсыз болған жоқпыз ба?

Мұсылман ұлылығына көсем бол­ған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам­ба­рымыз «Ұят кетсе, екіншісі де кетеді» деп, ұят пен иманды егіздесе, ұлтының кемең­герлігіне дана болған Абай атамыз «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деп мақұлдайды. Ал қазақ­тың қарапайым рухани шекарасы бір ғана «Ұят боладысы». Ендеше, ұяты бардың иманы тірі, ұяты жоқтың иманы өлі. Ұяттылық беттің оты, ұят­сыз­дық рухтың өшкен шоғы!

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы имам