Егер біз қазіргі заманды адамзат тарихындағы жаңа бір кезең деп қарастырсақ, әрине мемлекетімізді жаңа белестерге жеткізе алатын, жаңаша ойланатын жастарды мемлекеттік қызметке тарту қажеттігі туындайды.
Сондықтан Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасының ең басты артықшылығы – Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұтымды трансформациялау. Яғни, мемлекеттік қызмет қазіргі заманның сын-тегеуріндерді ескеріп, инновациялық амалдарды қолдана отырып, елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына енуін жүзеге асыруы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі алғыр жастардың басын біріктіру – биік мақсатқа жету жолындағы алғашқы баспалдақ.
Іріктеу процесі күрделі болғанына қарамастан, қызықты өтті деп ойлаймын. Алғашқы екі кезең цифрлы және вербалдық тестілерден құралған. Ондағы басты мақсат – адамдарың қысқа уақыт ішінде тапсырманы түсініп, берілген цифрлы және басқа ақпаратты талдай алуын анықтау. Үшінші кезең үш негізгі элементтен тұрды: жобаны таныстыру, эссе жазу және әлеуетті бағалау. Менің жобамда Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселелеріне арналған шешімдер қарастырылған. Эссе жазу барысында үміткерлердің аналитикалық дағдылары бағаланды.
Әлеуетті бағалау біздің қаншалықты командамен жұмыс істей алуымыз, берілген тапсырмаға соны шешімдер таба алуымыз сияқты қасиеттерімізді көрсетті. Мен үшін ең қызық кезең – эксперттік комиссиямен әңгімелесу. Сол кезеңде мен идеяларыммен егжей-тегжейлі бөлісіп, су қауіпсіздігі мәселелерін шешу бойынша пікіріммен бөлісуге мүмкіндік алдым.
Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасы Мемлекет басшысының бізге артқан сенімі деп білемін. Мен үшін мұндай сенім – өте жоғары жауапкершілік. Сол себепті, алған білімімді ел игілігіне жаратып, өз пайдамды тигізе әкеле аламын деген үміттемін. Еліміздің экологиясын жақсартуға өз үлесімді қоса алатыныма сенемін.
Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА,
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі