«Мына түйелер Баянауылда, біздің жайлауымыздың жанында бір айдан бері жүр. Малдар Қазақстанның батысы жағынан келген деген сөздер шығып жатыр. Расымен, солай болар. Себебі біздің өңірде түйе малы атымен жоқ. Жігіттер, обал ғой деп, шөбін беріп жатыр. Түйелердің «О» деген таңбасы бар. Жоғалтқан біреу бар ғой, не болса да», делінген WhatsApp арқылы келген дыбыстық хабарламада.
2014 жылдың қарашасында Қособа ауылының тұрғыны Қатірен Байниязовтың жайылымда жүрген түйелері жоғалды. Атпен, мотоциклмен, көлікпен іздеді. Қособа мен Тайпақтың арасын былай қойғанда, Ақтөбенің Қобдасын, тіпті Атырау мен Ақтауға дейін барды. Аяғы жетпеген жерге хабар салды. Ізім-ғайым жоқ. Павлодардағы түйелер жайлы естігенде, «Менің түйелерім болып жүрмесін!» деп ойлағаны да жасырын емес.
– Жеті атамыздан бері түйе бағамыз. Ол жануардың бір қасиеті – өзінің жайылымынан көп ұзамайды. Жоғалғанынан-ақ қолды болды-ау деп ойладым. Хабарды ести салысымен Баянауылдағы жігіттерге хабарластым. Ол жаққа 14 бас барып тұр екен. Қособа мен Павлодардың арасы қайда? (Жымпитыдан 2235 шақырым – автор) Шамасы, түйелер ұрланып, кейін өздері солтүстік асып кетіп тұр.
Барлық түйе менікі деуден аулақпын. Әкем «Біреудің ала жібін аттама!» деп үйреткен. Артық олжадан дәметпеймін, маған өзімнің малым бұйырса болды, – дейді Қатірен ағай.
Баянауылдағы түйелер туралы хабардың растығын өз құлағымызбен білмек болып, нөмірін тауып, жоғарыдағы хабарды таратқан адамның өзімен байланысқа шықтық. Иесіз малды көріп, елді құлақтандырған мұсылман Айтмұхамед Молшин деген азамат екен.
– Түйелердің шаруашылығымыздың маңында жүргеніне бір айдай болды. Иесіз мал болмайды. Бұл түйелердің иесі бар, іздеп жатқан шығар деп ойладық. Өзіміз де мал өсіріп отырған шаруамыз, жоғалтқанның зардабын білеміз. Содан біреудің бейнеттеніп асыраған малы ғой, біреулер иемденіп кетер деп ойлап, қасымыздағы жігіттердің қожалығына тұрақтаттық. Полицияға хабар бердік, өз күшімізбен әлеуметтік желі арқылы да жар салудамыз. Түйелер қазір Павлодар облысы Баянауыл ауданының С.Торайғыров ауылына қарасты Майқайың елді мекенінің маңында тұр, – деді бізге «СарыжайлауCAPITAL» шаруа қожалығының басшысы Айтмұхамед Молшин.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы