Саясат • 23 Қаңтар, 2020

Жауапкершілікке тарту ұсынылды

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру барысының көңіл көншітпейтіні туралы қорытындыға келді.

Жауапкершілікке тарту ұсынылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атап өткеніндей, «Еңбек» бағдар­ла­ма­сы 2017 жылдан бері іске асы­ры­­лып келеді. Осы уақыт ішінде 1,3 млн азамат бағдарламаның қатысу­шы­­сы болды, олардың – 40 % жас­тар.

«Үш жылда кәсіпкерлікті дамы­туға 186 млрд теңге бағытталып, 39 мың несие берілді. Несие алушы­лардың 63 % – өз ісін жаңадан ашқан адамдар. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде субсидия беру арқылы 414 мың жұмыс орыны құрылды»,  деді министр.   

Жақсы нәтижелердің болға­нына қарамастан, «Еңбек» бағдар­ла­масын іске асыру барысында көп­теген келеңсіздіктер, оның ішінде жемқорлық сипаттағы заңбұзу­шылықтар да орын алған. Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы қолға алынған 3 жыл ішінде 88 жемқорлық қылмыс тіркеліп, сотқа 56 қылмыстық іс жіберілген.

«Сонымен бірге 6 миллиардқа жуық теңге нарықта сұранысқа ие емес мамандықтарға оқытуға жұм­сал­ған. Бағдарлама аясында оқыған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мы­ңы мамандығы бойынша жұмыс­қа орналасқан. Кәсіпкер ретінде тір­келмеген және салықтық төлемдер бойынша қарызы бар азаматтарға 1,3 млрд теңге болатын несие бөлудің 750 дерегі анықталды», деді Бақытгүл Хаменова.     

Отырыс соңында Кеңес мүшелері мақсатты индикаторлар мен мем­ле­кеттік бағдарлама аясындағы мін­дет­терге еңбек нарығындағы ағым­дағы жағдайларды бұрмалау арқы­лы қол жеткізіліп отырғаны туралы ортақ қорытындыға келді. Тал­дау жұмыстарының нәтижесі осы мем­лекеттік бағдарламаны іске асыру бары­сында орын алған сыбайлас жем­қорлықтың негізгі себептері, уәкі­летті органдар мен лауазымды тұлға­лар­дың ұйымдастырушылық қызме­тінің төмендігінен,  норма­тив­тік құқықтық актілерде жемқор­лыққа жол беруге мүмкіндік беретін та­лап­тардың болуынан және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лігі басшылығы тарапынан тиіс­ті ведомстволық бақылаудың бол­мауынан орын алғанын көрсеткен.

Кеңес «Еңбек» бағдарла­масын жүзеге асыру бойынша келеңсіздіктерді жою мен жұмысты жақсартуға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігіне бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, бағдарлама аясында жастардың тәжірибе алу мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту ұсынылды. Партиялықтар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ерекше көңіл бөліп, олар үшін грант бөлу ережесін қайта қарауға баса назар аударды.   

«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттардың көлемі 200 АЕК-ке дейін ұлғайды. Табысы аз отба­сы­лардың осы санатқа жататыны мәлім. Алайда, грантпен алынатын сома отбасының жалпы табысын санау кезінде есепке алынатындықтан, АӘК алушылар гранттан бас тартуда. Осыған орай, отбасының жалпы табысын санағанда бизнесін жол­ға қойып алғанға дейін грант со­ма­­сын кіріс ретінде есептемеу ке­рек, сонда олар АӘК-тен айыры­лып қалмайды», деді Омархан
Өксікбаев.

Сонымен қатар Кеңес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановты, Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны, Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалым­жан Балтаевты және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Халықты жұмыспен қам­ту департаментінің директоры Ерболат Әбілхатинді партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.