Абай • 23 Қаңтар, 2020

Ұлы Абай мұрасы Кереку елінде

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Ертіс» мультимедиалық музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Абай мұрасы» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлы Абай мұрасы Кереку елінде

Аталған көрмені тамашалаған Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері Хакім Абайдың шығармашылығы, өскен ортасы, өмір сүрген заманы туралы мәліметтер алып, Ұлы ақын өмірінен сыр шертетін аса бағалы ақпараттарға қанықты.

Көрермендер назарына 1885 жылы Тарихи өлкетану музейіне Абай Құнанбайұлының өз қолымен табыстаған аса құнды жәдігерлер ұсынылды. Абай алақанының табы қалған этнографиялық бұйымдар мен тұрмыстық заттардан бөлек қызығушылық білдірген қонақтар Абай музейінің қорындағы Абай Құнанбайұлына қатысты фотосуреттер мен архивтік құжаттар және қолжазбалармен, абайтану ғылымын дамыту бағытында жарық көрген музейдің баспа өнімдерімен танысты.

1

Сонымен қатар бұл көшпелі көрмеге Абай музейінің қорындағы аса бағалы картиналардың бірі Ж.Шәрденовтың «Жас Абай» туындысы алғаш рет қойылып отыр.

Аталған көрме киелі Кереку, қасиетті Баянауыл өлкесінің тұрғындары мен қонақтары үшін 22 қаңтардан 12 ақпанға дейін жұмыс істейді.