Экономика • 23 Қаңтар, 2020

Құс еті нарығы жуық арада қалай дамиды?

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақын арада қазақстандық өндірушілер құс еті бойынша ішкі нарықтағы қажеттілікті толығымен қанағаттандыра алады. Бұл туралы елордада өткен «Қазақстандағы құс еті нарығының дамуы» атты баспасөз мәслихатында «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев айтты.

Құс еті нарығы жуық арада қалай дамиды?

Жиында белгілі болғандай, 2019 жылы Қазақстанда шамамен 220 000 тонна құс еті өндірілген. Бұл нарықтағы сұраныстың тек 60 пайызын жабады. Қалған қажетті мөлшер Ресей, АҚШ және Украина елдерінен әкелініп жатыр. Осыдан соң өткен жылы импорт шамамен 160 000 тоннаны құрады. Бұл дегеніміз отандық өндірушілер үшін өндіріс көлемін ұлғайтып, нарықтың қажеттілігін толығымен қанағаттандыруда үлкен перспективалар барын аңғартады.

Мал шаруашылығы саласындағы сарапшы Серік Толықпаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтейді. Сондай-ақ Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері сияқты жақын аймақтарға айтарлықтай көлемде өнімді экспорттай алады.

Еліміздегі құс шаруашылығы саласындағы көшбасшылардың бірі «Aitas KZ» компаниясы жергілікті өндірушілер арасында 20 пайыздық үлеске ие. 2019 жылы Макинск және Өскемен құс фабрикаларында құс етінің өндірісі шамамен 60 000 тоннаны құраған. Алдағы 3-4 жылда компания өндірісті 150 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Өткен жылы қабылданған ұзақ мерзімді стратегияға сәйкес, 2030 жылға қарай компания жылына 900 000 тонна өнім өндіріп, оның 600 000 тоннасын эспорттауды көздейді.