Қоғам • 23 Қаңтар, 2020

Өсімдік шаруашылығына ерікті сақтандыру енгізілді

826 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру туралы норма іске асырыла бастады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры оның операторы ретінде қосымша қызмет атқарады.

Өсімдік шаруашылығына ерікті сақтандыру енгізілді

2004 жылдан бері өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Дәнді, майлы дақылдарды, қант қызылшасын және мақта өндірушілер егістіктерді белгіленген сақтандыру тарифтері мен шығын нормативтері бойынша сақтандыруға міндетті болып келген еді.

Сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру қоғамдары агент арқылы сақтандыру төлемдерінің бір бөлігін өтеу түрінде мемлекеттік қолдауға ие болып келген болатын.

Бұл жүйенің тиімсіздігіне байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» заңның күшін жоюға және «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңды сақтандыру мәселелеріне қатысты нормалармен толықтырып, заңнамаға түзетулер енгізу бастамасын көтерді. 2019 жылдың 28 қазанында тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойды.

Қазіргі уақытта Агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық тәуекелдерді сақтандыруды, сақтандыру сыйақыларын субсидиялауды және цифрлық технологияларды қолдануды қарастыратын ерікті агросақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады.

Бұл өзгерістер тиімді жүйені құруға мүмкіндік береді. Оның негізгі мақсаты өндірісті тәуекелдерден қорғау арқылы саланы қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру.

Айта кету керек, «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» заңның нормалары тиісті міндеттемелер орындалғанға дейін қолданылады.

2019 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тоғыз компанияға жалпы сомасы 150 млн теңге болатын сақтандыру төлемдерінің бір бөлігін қайтарды.