Руханият • 24 Қаңтар, 2020

Ақыл-ойдың бренді

491 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбектің негізгі идеясы – «Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігін көрсету», Абайды терең танып, шығармашылық мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау және Қазақстанның бренді, символы ретінде жұртшылыққа кеңінен таныстыру.

Ақыл-ойдың бренді

Президент көп жыл дипломатия­лық қызметте болғандықтан әлемдік дең­гейдегі көптеген тұлғаны назардан тыс қалдырмады. Ғылымды, мәде­ниет пен әдебиетті дамытуға зор үлес қосқан, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ғұламалар еңбегі қандай рөл атқар­са, Абай еңбектері де сол сияқты, ол ғалам­дық құндылыққа айналатын алып тұлға деген сенім алға тартылады. «Мысалы, Қытайда Лао-цзы мен Кон­фу­ций, Ресейде Достоевский мен Толс­той, Францияда Вольтер мен Руссо. Ал қазақ­тардың мәдениетін, дәстүрін, бітім-болмысын Абай арқылы танытуға болады», дейді Қ. Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай шығармаларын мұқият оқуға ша­қырады, себебі оның «түрлі үде­рістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса маңызды. Қазақ­стандықтардың үйінде Абайдың кітаптары және М.Әуезовтің «Абай жолы» романы болуы тиіс дейді. Төрінде Абайы тұрған қазақ рухани өсіп-өркендейді, өркениеттен артта қалмайды деген ойды санаға ұялатады. Абай шығармаларына мән берсек, ақынның ғылым мен білімге ерекше назар аударғанын аңғарамыз. Әлемнің өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлық­тай әсер еткені тағы аян. Ол Батыс пен Шығыстың мәдениетін шебер ұштастыра білді. Сон­дықтан да Абай өзге тілдерді үй­ренуге шақырады.

Абайдың бұл көзқарасы қазіргі заман талабына сайма-сай. «Әр­біреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді. Басқа елдермен бәсекелес болу үшін, дамыған елдер қатарынан қалмау үшін қай салада болсын көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеру маңызды. Сондықтан да біз алдыңғы қатардағы елдердің құ­рамына кірудің бір шарты ағыл­шын тілін білу деп санаймыз. Мақала авторы айтқандай, «өзімізден озық тұр­ған жұртпен деңгейлес болу үшін оның тілін меңгерудің маңызы зор, ағыл­шын тілін үйренуге басымдық беру қажет. Жас­тары­мыз неғұрлым көп тілді мең­герсе, соғұрлым мүм­кіндігі кеңейеді».

Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Өйткені бірнеше тілде еркін сөйлейтін, жаза білетін маман ғана бәсекеге қабілетті тұлғаға айна­латыны сөзсіз. Өзге тілдерді біле­тін адамның танымы кеңейіп, басқа халық­тың мәдениетін, тарихын, дәстүрін үйренеді, рухани болмысы байиды.

Қазақ халқының жан дүниесі, рухани негізі болатын ана тіліміз Елбасы айтқандай «Мәңгілік елімізбен бірге Мәң­гілік тіл болды. Бұл мәселені дау­дың тақырыбы емес, ұлттың ұйыт­қысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мем­­лекеттің барлық жүйесінде қол­данылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшы­лауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет». Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек» деді. Демек бұдан шығар қорытынды – «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» болуы тиіс.

Абай шығармашылығына бүгінгі уақыт тұрғысынан баға берсек, оның білім мен ғылым туралы ой-пікір­лері әлі де маңызы мен мәнін жоғалт­па­ға­нына көзіміз айқын жете түседі. «Адамның білімі қақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен болады», деген ұлы ақын. Абайдың бұл тұжырымы қазіргі қоғам үшін өте өзекті. Осы бір рухани серпіліс ғылым саласы жеткілікті қаржы­лан­дырылып, жағдайымыз­дың алдағы уақытта жақсара түсеті­ні­не илан­дырады. Ғалымдардың жұмы­сы көзге көрінбейтін, «инемен құдық қазғандай» деп бекер айтыл­маған. Күннен-күнге жүйелі түрде ең­бек­тенбесең жемісті нәтиже шықпайды. Сондықтан жас­тары­мыз ғылымға бара бермейді, өз отба­сын бағу үшін олар жұмыстан тез нәтиже күтеді. Ал кітап жазып, моно­гра­фия шығару үшін талантты айтпа­ғанда, уақыт пен шыдамдылық керек.

Талап бойынша, докторлық дәреже алу үшін мақалаларды халықара­лық scopus базасындағы журналдарда ағылшын тілінде жариялау керек. Сондықтан ғалым болғысы келгендер ағылшын тілін үйренеді. Қазіргі кезде орта деңгейде өмір сүру үшін ғалымдарға бірнеше ғылыми жобаға қатысу қажет. Жобаны алдын ала да­йын­дап, оны ғылым комитетіне ұсын­ғанша қаншама тер төгіледі. Сондықтан ғылымға қазіргі кезде тек энтузиастар, ғылымды шын мәнінде сүйетін тұлғалар барады. Ал қоғамның ғылымсыз алға баспасы белгілі. Бұл ретте Президент мақаласында: «Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келеді» дейді.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жастарды азаматтық рухта тәрбиелеуге, өз елін құрметтеп, па­т­риоттық сезімді орнықтыруға және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға шақырады. Абайдың негізгі зерттеу нысаны – адам. Хакімнің «толық адам» деген тұжырымы – бұл өзі терең философия. Мұны терең және жан-жақты зерттеу керек. Ежелгі заманнан бері адамдар «толық адамның» мәнін түсінуге тырысты. «Толық адам» дегеніміз қай жағынан алғанда да мінсіз дегенге жақын. «Толық адам» барлық жағымды қасиеттердің жиын­тығы деп түсінеміз. Мақала авторы­ның тұжырымдамасы бойынша бұл «өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам». Демек, бұл моральды, интеллектуалды, жауап­­кер­шілігі мол адамдарға ғана тән сипат­тама. Президенттің «толық адам» кон­цепциясы өміріміздің кез келген са­ласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен от­басы институттарының негізгі тұ­ғырына айналуы керек деген ойға қосыла отырып, Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалып­тастыруға қызмет ететініне сенеміз. Президент мақаласы ұлы ақын, ком­позитор, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жыл­ды­ғын тойлау қарсаңында шыққаны Абай шы­ғар­маларын қайта­дан жаңа көз­қараспен, жаңаша па­йыммен терең­деп оқып, талдауды талап етеді.

 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҰҒА корреспондент-мүшесі