Ауа райының бұзылуына байланысты ел астанасының білім басқармасы мектептердің барлық сыныптары мен колледждердің 1-2 курс студенттеріне сабақтарды тоқтатқанын хабарлады. Сонымен бірге Павлодар, Қарағанды және Семей қалаларында да мектеп оқушыларына сабақ болған жоқ.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 38 авиарейс кешіктіріліп, 11 рейс тоқтатылды. Мәселен, әуе кемесінің басқа қалалардан кеш келуі және баратын әуежайдағы нашар метеожағдайлар себебінен ұшып келуі тиіс 22 рейс кешігуде. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің өкілі Жеңіс Ахметжановтың айтуынша, желдің қатты екпініне байланысты ұшу қауіпсіздігі мақсатында әуе кемелерін мұз қатуға қарсы сұйықтықпен өңдеуге жол берілмейді.
Ақтүтек боранға орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен отырыста шаһар басшысы Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері мен барлық коммуналдық қызметтердің күшейтілген жұмыс кестесіне көшкенін мәлімдеді. Қала әкімі iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына көптеген өтініш түсуіне байланысты, қаланың барлық ауданының әкімдері мен басқармаларының басшылары бірінші кезекте аталған мәселелерді шешуге жұмылдырылғанын жеткізді. Оның ішінде көшелер мен аулалардағы, әлеуметтік нысандардағы қарды тазалауға басымдық берілді. Оған ПИК және жеке компаниялардың техникаларын тарту жүктелді. «Ең бастысы, қала тұрғындарының қауіпсіздігі» деген А.Көлгінов елордалықтардың табиғат райына төзімділік танытуын сұрады. Ал қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов қаңтардың қарлы боранының тоқтамауына байланысты астаналықтардың жұмыс күнін қысқартуға ұсыныс жасады. «Халықтың қаладан тысқары шықпауына, басшылардың жұмыс күнін қысқартуына, құрылыс алаңдары жетекшілерінің биіктіктегі жұмыстарды тоқтатуына, қатты қажеттілік болмаса, қала ішіндегі автокөліктер мен азаматтардың қозғалысын шектеуге кеңес береміз», деді аталған отырыста Б.Сыздықов. Оның айтуынша, таңғы сағат 8.00-де департаментте және төрт ауданда апаттық-құтқару және аяқсыз қалдырмайтын жұмыстарды үйлестіруге арналған жедел штаб құрылды. Департаменттің кезекші қызметі күшейтілген қызмет көрсетуге көшті, сондай-ақ Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен өзара іс-әрекет жоспары енгізілді. Сағат таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ТЖД құтқарушыларының күшімен автожолдарда жел үрлеген қар құрсауында қалған 61 көліктен 78 адам құтқарылып, қардан тазаланған аумақтарға 39 жеңіл көлік, 1 автобус, 1 жүк көлігі, 1 құрылыс техникасы жеткізілді. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23-25 қаңтар аралығында еліміздің көптеген өңірінде қар жауып, боран мен жел соғады.
«Алдағы үш тәулікте Қазақстанның ауа райында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Республика аумағы солтүстіктегі Скандинавия мен Ресей арқылы келген атлантикалық циклонға байланысты атмосфералық ықпалдың құрсауында болады. Сондықтан бірқатар облыста қар жауып, жел, батыстан өте қатты дауыл тұрады. Теріскей өңірлерде желдің ұйытқуы секундына 30 метрге дейін соғады. Сонымен қатар тұман мен көктайғақ болады», дейді хабарламада.
«Желдің соққанына 28 сағаттан асты. Қазір сәл басылды. Бірақ тәуліктен аса созылуы мүмкін. Біз дауылды дер уақытында ескертеміз. Жауын-шашын көлемі – тәулігіне 37 сантиметрден асты. Бұл жауын-шашын көлемінің шамадан тыс екенін көрсетеді. Яғни, биыл екі айдың нормасына татитын қар жауды», дейді «Қазгидромет» басшысы Мереке Абдрахманов.
Сонымен бірге елорда тұрғындары әрекетсіз отырмауға, қаланы қардан тазалауға қолғабыс етуге бел шеше кірісті. Мәселен, астаналық театр қызметкерлері барша қауымды #bizbirgemiz челенджіне қатысуға шақырды. Олар әлеуметтік жағынан аз қамтылған және үйінде қамқоршысы жоқ отбасылар мен азаматтардың ауласын үрлеп тастаған үйінді қарды тазалауға көмектесуде.