Аймақтар • 24 Қаңтар, 2020

Онлайн кітапхана – оқырман талабы

34 реткөрсетілді

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, өңірдегі барлық кітапханалар заман өзгерісіне бейімделуде. Биылғы жыл облыстық кітапхананың бастамасымен «Ауыл кітапханаларына» арналды. Яғни «Ауылдық кітапхана – әлеуметтік орталық» жобасы аясында қызмет көрсетеді.

Кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, қа­зір өңірдегі ауыл-қалаларда Абай­дың 175 жылдығына орай ақынның кітаптарын сыйлау шарасы басталыпты. Яғни, қоғам­дық орындарда қала тұрғын­дары, қонақтар арасында сауалдамалар жүргізілу­де. Абай өлеңдерін, қара сөзде­рін, ән­дерін айтып бе­ретін тұрғын­дар­ға Абайдың кі­тап­тары сыйға берілуде.

Ал облыстық кітапхананың «Ауылдық кітапхана – әлеуметтік орталық» жобасы аясында ауыл тұрғындары жергілікті кітапхана мамандарының көмегімен e-gov.­kz бағдарламасы бойынша элек­тронды қызметті пайдалана алады. Тіпті, жергілікті әкімдіктердің енді кітапханада ауыл мәселе­леріне орай жиындар, кездесулер өткізуге мүмкіндігі бар. Ауыл­дық кітапханаларда да Абай кі­тап­тарын сыйлау шарасы жыл бойы жалғасады. Балалар мен жас­өспірімдерге, үлкендер үшін ком­пьютерлік үйрену курстары ашылмақ. Мүмкіндігі шектеулі адамдар­ға да кітапхана қызметкерлері тұ­рақ­ты түрде хабарласып, кө­мек­теседі.

Шолпан Шахметованың айтуынша, жалпы, жаңғыртудан өтетін кітапханалар ережесі бойынша, ауылдағы тұрғын саны мың адамнан кем болмауы керек. Мектептің болуы, ауылдың аудан орталығымен байланыс­та болуы міндетті. 2002-2004 жыл­дары «Ауыл кітапханасы» бағдар­ла­масы аясында бірқатар ауылда кітапхана ашылып, қазір 130 кітап­хана мобильді стандартқа, цифр­лы форматқа көшірілуде.

Қазір облыс бойынша 231 кітапхана болса, 201-і ауылдарда. Орталық кітапхананың 23 мыңнан астам оқырманы бар. Кі­тапхана қызметін жаңа заманға сай жаңарту жолына түсіруді ауыл­дардан бастау қажеттігі де түсінікті.

Жергілікті тұрғындарға кі­тап­хана қызметі толық қол­жетім­­ді, тиімді болу үшін «Кітап­ха­на­терапия» жобасы да іске асқан.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – кітапты әр оқырманға жеткізу. Қыз­меттің қолжетімділігі артады, сұраныстарды уақытында және жедел орындау мүмкіндігі туа­­ды, ақпараттылығы және маз­мұ­нының тереңдігі жақсарады деген сенім бар.

Сонымен бірге «Отбасы жы­луы» және «Ұрпақтар диалогы», «Кітап қорын бірге жасаймыз» жобалары жүзеге асырылуда. Яғни, кітап қоры оқырманның сұра­нысына байланысты толық­тырылуда.

 Жастарға арналған «ZhaStar» жобасы шеңберінде кітапхана бар­лық топтағы жастарды бірік­тіріп, олардың әр саладағы, өнер­дегі, ғылым және бизнестегі же­тіс­­тік­терін көрсетуде.

Тағы бір жаңашылдық – облыс орталығында трамвайларда QR-кітапханасы арқылы жолау­шылар арнайы QR кодтардың көмегімен таңдалған кітаптың элек­тронды нұсқасын тегін жүк­тей алады. QR-кітапханадан өңір тарихы, экологиясы, әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы ту­ралы ақпар алуға болады. Кі­тап­хана қызметінде де цифр­лан­дыру жүйесі жүргізіліп, сирек кездесетін, құнды туындылар кө­шірілуде. Құ­рылғы жаңа және жыл­дам жаңартылып отырады. Әртүрлі жас­тағы оқырман пайдалана ала­ды.

Трамвай жолаушылары мо­бильді қосымшаның көмегі­мен ұнаған кітапты электронды нұс­қада жүктей алады. Бұл үшін QR Code Reader немесе интернет-сайттардың басқа да тегін қосымшаларын пайдаланып, таңдалған кітаптағы QR-код­ты сканерлеу қажет.

Кітапханада Web-РАБИС бағ­дарламасының 5 модулі де, яғни, «Кітап қорын толықтыру», «Ката­логизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» жүйе­лері оқырмандарға қызмет көр­сетуде.

«Баспа беттерінде», «Есімдер­дің шоқжұлдызы», «Өңір ғалым­дары» «Цифрлы энциклопедия», «Өңірдің әдеби картасы», «Сұл­тан­махмұт Торайғыров» виртуалды кітапханасы», «Павлодар өңірінің қазіргі авторлары» QR-кітап­ханасы жобалары жал­ғасуда.

Өлкетану жайында әдебиет­тер­ді сандық жүйеге келтіріп, сирек және бағалы кітаптардың элек­тронды коллекциялары да­йын­далуда.

Интернет жүйесін пайдаланып, бейнеконференциялар, онлайн режімінде вебинарлар өткізу дәстүрге айналуда. Республика және елден тыс жерде өтетін шар­аларға қашықтықтан қатысу оқыр­мандарымызға керекті ақ­парат­тар алуда үлкен көмек.

Қазіргі кітапханалар түбегейлі өзгерістерге бейімделуде. Ақпа­рат­­тық заман кітапханаға да жа­­ңа міндеттер мен мақсаттар жүк­­теуде.

– Өйткені, жастар, жасөс­пірім­дер кітап оқудан қалып, заманауи «гаджеттерге» тәуелді болуда. Біздің мақсат – кітапханада дәстүр мен жаңашылдықты сақ­­тай отырып, жаңа заманға сай кітап оқи білуге шақыру. Ға­лам­дық жаңа технологияларды пай­далана отырып, дәс­түрлі кітап оқу мәдениетін жо­ғалт­пау. Оқырманымызды көбей­ту үшін кітапханаға келген пай­да­ланушыға барлық жағ­дай жасалуда, – дейді Шолпан Шах­метова.

Облыс орталығындағы «Batyr mall» сауда кешенінде өткен шара барысында Абай өлеңдерін жатқа айтатын, Қара сөздерін білетіндердің көбі студент жастар болғаны қатты қуантыпты. Барлығына да Абай кітаптары сыйға берілді.

Бұл күндері кітапханалық са­ланы модернизациялау және кітапхана маманының санасын өзгерту, кітапханалық кеңістікті жасап, интеллектуалды ортаны қалыптастыру бағытына бет бұру – заман талабы.

 

 Павлодар

 

Соңғы жаңалықтар

Ана тілі – арың бұл...

Руханият • Бүгін, 13:10

Күрес: Алғашқы күні үш қола

Күрес • Бүгін, 09:00

Ұқсас жаңалықтар