Президент Абай мұрасын қайта зерделеп, халқымыздың рухани дамуына пайдалану керектігі жөнінде құнды пікірлер айтты. Абай әлемі ұлтымыздың сапасын, ой-өрісін, дүниетанымын дамытуға қызмет етеді. Мемлекет алдындағы басты міндет білімді, кемел, мәдениетті, зиялы, адамгершілігі жоғары адам қалыптастыру болып табылады. Осындай қасиеттердің бәрі Абай еңбектерінен табылады. Сондықтан оның ілімін қайта зерделеп, оны жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне тиімді пайдалану керек деген ойы аса құптарлық.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», дейді Абай. Неге олай деп айтты екен? Абай – жұмбағы көп адам.Сондықтан болашақта оның жұмбағын, құпиясын шешіп, жұртшылыққа ұсыну керек. Қ.Тоқаев Абайдың даналық ой-тұжырымдарын қалың бұқара арасында жүйелі түсіндіру қажеттігін айтты. «Бұл үшін ең алдымен Абайды дұрыс түсініп алу керек» деді. Іргелі, өркениетті ел болуымыз үшін Абай ілімінің маңызы зор екенін, оның еңбектері ұлтымызды жаңғыртып, жаңа белестерге көтерілуде маңызды рөл атқаратынын еске салды.
Осы кезге дейін Абай шығармалары туралы ұлы жазушы М.Әуезовтен бастап көптеген әдеби шығармалар, ғылыми еңбектер, мақалалар жазылды. Ғалымдар ғұлама еңбектерінің идеялық, тәрбиелік, философиялық мазмұнын ашуға тырысты. Алайда көп еңбек кеңестік идеология сарынында жазылды. Сондықтан қазіргі заман талабы Абай мұрасына жаңаша көзқараспен қарауды қажет етеді.
Абай – ұлтымыздың бас идеологы. Ол адам болып қалыптасу үшін жас ұрпақтың зердесіне қандай асыл қасиеттерді сіңіру, қай бағытта тәрбиелеу, болашақта қай бағытпен жүру керектігін айтып кеткен ғұлама адам. Ұлтының бойындағы мінді, кемшілікті аяусыз сынап, одан арылу жолдарын көрсетіп берді. Болашақта әр адам өз бойындағы жағымсыз әдеттерді жоюға ұмтылып, қоғамда орын алған келеңсіздіктермен күресе білуі керек.
Абай – ұлы ағартушы. Туған халқын оқу-білімге, ғылымды үйренуге, өнерді, кәсіпкерлікті игеруге шақырды. Еңбекті дәріптеді. Ғылым-білімі озық елдердің тілін білуге үндеді. Оны білсең, көкірек көзің ашылады, дүниеге көзқарасың кеңейеді, білімін, ғылымын білуге жол ашылады деді. Болашақ жастардан үміт күтіп, оларды қандай бағытта тәрбиелеу керектігін өсиет етіп кетті.
Ағартушы Абай «Толық адам» идеясын ұсынды. Қоғам алдына жан-жақты жетілген, кемел, білімді, зиялы, мәдениетті, адамгершілігі жоғары, халқына адал қызмет ететін азамат тәрбиелеу мәселесін көтерді. Президент болашақта Абай уағыздаған «Толық адам» тұжырымдамасын зерделеп, жұртшылыққа ұсынуды Үкіметке міндеттеді.
Ұлы ойшыл, ғұлама Абай бір ұлт деңгейінде қалып қоймай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген гуманистік ойы оны әлем ақыл-ойының ұшар биігіне көтерді. Барлық ұлттың адамдарын сүюді, олармен тату-тәтті өмір сүруді насихаттады. Президент Абай әлемін жаһан халықтарына жеткізуді ұсынды. Ол үшін оның шығармаларын 10 тілге аудару керектігін, оған білікті аудармашыларды, ғалымдарды тартуды ұсынды. Сонда Абай шығармалары арқылы әлем халықтары қазақты тани алады деді.
«Ең алдымен, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек» деген Мемлекет басшысының ойлары құптарлық. Осындай шаралардың бәрі халқымыздың ой-өрісін кеңейтіп, өсіп-өркендеуімізге негіз қалайды.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
білім саласының ардагері, Төлеби ауданының құрметті азаматы
Түркістан облысы,
Төлеби ауданы,
Қаратөбе ауылы