Хакімнің мерейтойына орай, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Абай мұрасы» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда Абай шығармалары, ақын жайлы жазылған кітаптар, мақалалар, ғылыми-зерттеу еңбектері қойылған. Ойшылдың мол мұрасына қызығушылар аталған көрмеге көптеп келуде. Кез келген оқырман кітапханаға келіп, ұлы ақынның ұлағатты мұраларымен, ол туралы жазылған еңбектермен таныса алады. Сондай-ақ аталған көрме қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы бар.
Кітапхана қызметкерлері алдағы уақыттарда Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындап, облыстың барлық кітапханасында челлендж эстафетасын жолдайды. Сондай-ақ, кітапханашылар жыл бойы аталған жұмыстарды Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне тұрақты түрде жариялап тұратынын айтты. «Кітапхананың кітап қорындағы құнды басылымдарды пайдалана отырып, хакім Абайдың кітаптары мен ақын туралы жазылған еңбектерден бекстейдж әзірленеді. Олар да әлеуметтік желілерге жыл бойы жарияланып тұратын болады. Абай поэзиясы – даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы, оның мол мұрасын жаңаша ұғыну жалғасып, кітапхана өз оқырмандарына Абай мұрасын насихаттау жұмысын тыңғылықты түрде жалғастыра береді», дейді кітапхана директоры Эльмира Абдинова.
Жамбыл облысы