«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз қазір «Жолда қабылдау» республикалық акциясы аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еліміздің барлық аймақтарында полицияның 516 кеңес беру пункті орналастырылды, біз нақтылауға мемлекеттік кірістер басқармасындағы әріптестерімізді қатыстырдық. Шетелдік көлік құралдарын тіркеу бойынша консультацияларға қазірдің өзінде 6500 адам келді. Ондай көліктерді тіркеу талабы бұрыннан бар. Қазақстанға әкелінген шетелдік кез келген қолданыстағы көлік тіркелу керек. Бұл – жол жүру ережесінің бір нормасы. 2014 жылы жол жүру ережесіне толықтыру енгізіліп, аталған елдерден сатылып алынып келген көліктерді міндетті түрде тіркеу ережесі бекітілді. Сол себепті қазіргі уақытта елде жаңадан ешқандай нормативті құжаттар қабылданып жатпағанын атап өткім келеді. Сонымен бірге, әкелінген көліктерді тіркеу бойынша жаңа нормативтер енгізіліп жатқан жоқ. Өз иелігі бойынша көлік сатып алған кез келген азамат автокөлікті арнайы ХҚО-ға барып тіркеуі керек», деді Марат Қожаев.
Сонымен қатар ол көлікті тіркеу үшін жеке куәлік, автокөліктің иелігіне қатысты құжат, барлық салықтар мен баждардың төленгені туралы анықтама керектігін айтты. Көлік Қазақстанда және ЕАЭО аумағында бекітілген ережелерге сәйкес, техникалық талаптарға сай болуы тиіс.
«Біз неге Армения, Қырғыз Республикасы немесе Ресейден әкелінген көліктерді тіркеуге шақыра бастадық? Біріншіден, бұл ретте тиісті есеп жүргізіп, көліктік тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі ойландырып отыр. ҰҚК Шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, елде кейінгі үш жылда ЕАЭО елдерінен 200 мыңға тарта көлік Қазақстанға кіргізілген. Оның бәрі тіркелмеген. Көбісі транзитпен кірсе, біршама бөлігі осында жұмысқа келген азаматтарға тиесілі болып отыр. Тек 40 мыңы ғана заңды түрде тіркелген. Қалған көліктердің бәрін біздің азаматтар бекітілген құқықтық механизмнен тыс пайдаланып келеді», деді ол.
Марат Қожаевтың айтуынша, аталған көліктер полиция есебінде кімдікі екені белгісіз болғандықтан, азаматтар саналы түрде жол ережесін бұзып, жол үстіндегі басқа жолаушылар мен жүргізушілерге қатер төндіріп келеді.
«Мұндай көліктердің біразымен азаматтар тасымалданып, олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы шетелдік көлік құралдарының қатысуымен жол ережесінің бұзылу жағдайы үш жарым есеге – 27 мыңнан 93 мыңға дейін өскен. Оның үстіне шетелдік көлік мінген қазақстандықтардың қатысуымен өткен жылы 1800 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 1400-і ірі шығын келтірген. 428 жол апаты жағдайында 132 адам қайтыс болып, 528 адам жарақат алды», деді ол. Вице-министр былтыр қазан айынан бастап сақтандыру базасынан аталған көліктер бойынша ақпарат алуға қол жеткізілгенін атап өтті.
«Бұл жағдайды реттеуге үлесін қосқанымен, мәселені толық шеше алмайды. Екіншіден, шетелдік көліктер қылмыс жасау пиғылындағы адамдар үшін аса ыңғайлы болып тұр. 2019 жылы 400 құқықбұзушылық шетелдік көлікті пайдалану арқылы жасалды. Олардың 335-і көлікті ұрлауға қатысты болса, 60 қылмыс кісі өлтіруден ұрлыққа дейінгі дәрежеде жасалып отыр. ІІМ базасында бұл көліктер туралы ақпарат болмағандықтан, ондай көліктерді табу айтарлықтай мәселе туғызады. Сондай-ақ базада болмағандықтан, көлік иесі өзінікі екенін көп жағдайда дәлелдей де алмайды», деді ол. Кей жағдайда қылмыскерлер қылмыс жасау үшін әдейі дәл шетелдік нөмірлі көліктерді сатып алатын көрінеді.
«Мәселен, Павлодар облысында үш отандасымыз арнайы ресейлік нөмірлі ВАЗ 2106 көлігін сатып алып, жергілікті бизнесменге қарақшылық шабуыл жасаған. Осыдан кейін сол көлікті өртеп, дәлел-дәйектердің бәрінің көзін құртқан. Өкінішке қарай, мұндай қылмыстардың саны азаймай тұр», деді ол.