Аймақтар • 24 Қаңтар, 2020

Тараз қаласының «Шөлдала» шағын ауданына газ берілді

933 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Тараз қаласының аумағындағы «Шөлдала» шағын ауданы тұрғындарының басты мәселесі көгілдір отын болып келді. Қалаға қосылғанына біраз жыл өтсе де бұл алқаптың басты мәселесі газ болып қала берген.

Тараз қаласының «Шөлдала» шағын ауданына газ берілді

Жуырда Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев «Шөлдала» тұрғындарымен кездесуге барғанда да бұл мәселе тұрғындар тарапынан тағы көтерілді. Халық газ жүргізуші мердігердің жұмысты кешеуілдетіп жатқанын айтқанда, шаһар әкімі мердігер компанияның жұмысын сынға алған еді. Тіпті газ жүргізуші мекеме «KZ Construction» ЖШС-нен тез арада тұрғындардың тілегін орындауды талап еткен болатын. Нәтижесінде «Шөлдала» шағын ауданының тұрғындарына газ берілді. Көп жыл күрмеуі шешілмей келген мәселе бір күнде оң нәтиже берді.

«Энергостроитель» компаниясының директоры Бауыржан Бозымбеков «Шөлдала» тұрғындарын көгілдір отынның берілуімен құттықтап, алауын тұтатты. Ол өз сөзінде алқапқа газ тарту жұмыстары үлкен еңбекпен келгенін де айтып өтті. Осылайша, «Шөлдала» шағын ауданының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Жалпы, өткен жылғы мамыр айынан бері Тараз қаласы бойынша барлығы 13 тұрғын алқапқа газдандырудың жерасты құбыры жүргізіліп келді. Бұған дейін «Казарма», «Құмшағал» тұрғын алқаптары газдандырылған болатын. Енді «Победа» және «Юбилейный» саяжайларына газ берілсе, келесі айда «Восход», Ветеран», «Силикатник» саяжайларында да көгілдір отынның алауы жағылады деп жоспарлануда. Алқаптарға газ тарту жұмыстарын жүргізуші мердігер «Энергостроитель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы көлемі 70 шақырымды құрайтын көгілдір отынды кіргізу үшін газ тарату шкафтарын және 2 газ тарату пунктінің құрылысын жүргізген.