Аймақтар • 24 Қаңтар, 2020

Көкшетауда сауда дүңгіршектері бұзылмақ

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы сауда дүңгіршектері тоқсаныншы жылдардың басында пайда болған. Солардың басым көпшілігі әлі күнге дейін сақталып қалды. Бүгінгі күні сауда саласына тәртіп еніп келе жатқандықтан жергілікті атқарушы билік өкілдері шағын дүңгіршектер қаланың көркін бұзып тұр деген уәжбен алып тастамақ. Алайда бұл шешімге кәсіпкерлер қарсы.

Көкшетауда сауда дүңгіршектері бұзылмақ

Қала әкімдігінің шешімімен таяу арада осындай дүңгіршектер бұзылмақ. Олардың бірнешеуі қатар орналасқан. Ал қала бойынша аулаларда, көше бойларында жеке-жеке тұрғандары да аз емес. Мамандар олардың арасында тиісті құжаттары жоқ нысандар да кездеседі дейді. Саудасын тоқтатқандары аз емес. Алдын-ала жасалған сараптама бойынша шамамен 200 сауда дүңгіршігі алынып тасталмақ.

Мұндай сауда дүңгіршектерінде негізінен азық-түлік, жеміс-жидек және түрлі тағамдар сатылады. Жөндеу жұмыстарын істейтіндер де бар. Бірнеше жыл бұрын жылжымалы дүңгіршек алған Иван Козырьков қазір тәп-тәуір табыс тауып жүр. Алайда, жергілікті биліктің шешімінен кейін ол ертеңгі күніне алаңдап жүр.

–Бұл мәселені әлі де жеріне жеткізе талқылау керек. Менің қолымда барлық құжаттар бар. Кәсібім заңды. Осы уақытқа дейін барлығы дұрыс болды. Енді заң бұзушылықтар пайда бола қалыпты. Ол қалай? Әкімдікті келісіп жұмыс істеуге шақырамын. Бұл біздің күнкөрісіміз ғой, дейді жеке кәсіпкер Иван Козырьков.

Қала тұрғындарының бұл шешімге қатысты пікірлері  алуан түрлі. Бірқатар қала тұрғындары бір тобы шағын және орта бизнесті дамыту керек десе, кейбіреулер шынымен шаһардың сәнін кетіріп тұр дейді.

Биыл Көкшетауда өңіраралық ынтымақтастық форумы өтпек. Оған дейін қаланың көркін бұзып, сәулетіне сай келмейтін нысандарды әкімдік осылайша жоймақ ниетте .

–Сауда павильондары, дүңгіршектер қаланың сәулетін бұзып тұр. Сондықтан осындай шешім қабылданды. Кәсіпкерлерге 24-інші қаңтарға дейін нысандарды бұзатынымыз туралы хабарлама жолдадық. Қазіргі уақытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Жерге құжаттары бар меншік иелері де бар. Оларға бірыңғай дизайн бойынша дүңгіршектердің келбетін өзгерту керек, дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Бауыржан Тәшметов.

Осылайша, кәсіпкерлерге қаңтардың соңына дейін уақыт берілді. Меншік иелері дүңгіршектерді өздері алмаса, әкімдік мәжбүрлі түрде бұзуға кіріспек.