Бүгінде Хрущев заманында салынған бірқатар қос қабатты тұрғын үйлер әбден ескіріп, төбесінен төмен бөлігіне дейін су кетіп тұр. Тіптен күтімсіз қалғандықтан бұларға модернизациялық- жаңғырту жұмыстарын жүргізудің өзі мүмкін болмай отыр. Сөйтіп бұлар облыс орталығындағы апатты жағдайдағы үйлердің қатарын толықтыра түсуде. Ақтөбе қалалық әкімідігіне қарасты тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты мамандар апат қаупінде тұрған үйлерді аралау кезінде мұнда 540 адамның тұрып жатқанын анықтады.
Бұған қоса шаһарда мүлдем тозығы жетіп, тұруға жәйсыздық пен жарамсыздық келтіріп жүрген 497 көп қабатты үйдің бар екендігі тіркелген. Жергілікті басқару құрылымынан алынған дерекке сүйенсек бұл үйлердің техникалық тексеру актілері де болмай тұрған көрінеді. Сондықтан да дәл қазіргі күні аталған баспаналардың техникалық жәй-күйін саралау мен бағамдау мүмкін болмай тұрғаны қынжылтпай қоймайды.
Әйтеуір көңілге бір медеу тұтарлық жәйт – Ақтөбе қалалық әкімдігі осынау әлеуметтік сипаттағы проблемалық мәселелерді шешу үшін нақты іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды көздеп отырғаны. Осы орайда атқарушы орган аса жауапты істі мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде шешудің тиімді әрі ыңғайлы деп санайды. Бүгінгі күні бұл бағытта апатты деп танылған көп пәтерлі тұрғын үйлерді сатып алу және бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аталған мәселеде өңірдегі ЖастарҚұрылыс, АктюбЖилСтрой құрылыс компаниялары мен «РудСтрой ЛТД» ЖШС ілкімділік және алымдылық пен шалымдылық таныта алғанын атап айту парыз. Соның ішінде алғашқы аталған құрылыс ұйымы Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан Жаңақоңыс ауылында 250 көп пәтерлі көп қабатты үй тұрғызылып оған апатты үйлердің тұрғындарын көшіруді мақсат етуде. Оған «Сәттілік тұрғын үй кешені » деген атау берілген. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге қатысты Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин газет тілшісіне өз ой-пікірін төмендегіше түйіндеді.
Оның айтуынша апат қаупіндегі үйден жаңа баспанаға көшірілетін тұрғындардан қосымша қаражат алынбайды. Яғни бір бөлмелі үйде тұрған отбасыға жаңа үйден де бір бөлме берілмек. Рас, ескі үй мен жаңа үй пәтерлерінің жалпы ауданы бір бірімен сәйкес келе бермеуі мүмкін. Ең бастысы қоныс аударушы сыңғырлаған су жаңа үйге тегін қол жеткізеді. Ал бұған дейін бір бөлмелі пәтерде тұрып келгендер екі бөлмені иеленгісі келсе онда арадағы айырмашылық бағасымен есептеседі. Бұл жөнінде тұрғындармен тиісті келіссөздер жүргізілді деді ол бұдан әрі.
Жоғарыда аталған «сәттілік» тұрғын үй кешенінен өздеріне жаңа баспана тиесілі болатынын білген апатты үйдің тұрғыны Алтын Асқарова өз қуанышын былайша білдірді. «Біз бұдан бірнеше жыл бұрын ата-бабамыздың топырағаына қоныс аударып Ақтөбе қаласынан үй сатып алған едік, оның апат қаупінде екенін сол кезде аңғармай қалыппыз. Қазір баспананың қабырғалары жарылып, төбесінен тамшы ағып тұр. Оның үстіне құбыр желілерінің де әбден тозығы жеткен. Осындай қиын жағдайда жүргенде «Жаңа Қоныстағы» Сәттілік тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерге ие болатынымыз бізді үлкен қуаныш құшағына бөледі.»
Алтын Асқарова тағатсыздана күтіп жүрген тұрғын үй құрылысы биылғы жылдың маусым айында аяқталады деп күтілуде. Тұтастай алғанда Ақтөбе қаласында «өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында 2011-2019 жылдар аралығында 141 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның жалпы сомасы 2 миллиар 302 миллион теңге құрайды. Аталған қомақты қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген. Әйтсе де мұның қайтарым мөлшері көңіл көншіте бермейтінін де айта кеткен жөн. Оның көлемі не бәрі 557 миллион теңге төңірегінде екен.
Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыстар тағы да жалғасып келеді. Осы істің басы қасында жүрген мамандардың айтуынша биыл 45 көп пәтерлік үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған өткен жылдың аяғында техникалық-сараптамалық қорытындылар жасалып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі кезде соған сәйкес атқарылатын істер қолға алынған.
Сөз соңында жоғарыда көрсетілген жәйттер Ақтөбедегі апатты үйлерде тұратын Ақтөбе қаласынының тұрғындары болашақта баспанасыз қалмайтынына алғышарт қалай алады демекпіз.
Ақтөбе