Теннис • 27 Қаңтар, 2020

Жерлесіміздің айтулы жеңісі

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арқа төсінде алты күн бойы үстел теннисінен аламан жарыс – Қа­зақ­станның чемпионаты өтті. Еліміздің барлық облысынан және рес­публикалық маңыздағы қалаларынан келген 160 теннисші жарыс жүл­делерін сарапқа салды.

Жерлесіміздің айтулы жеңісі

Кіші ракетканы қолға алғандар тур­нир бағдарламасының жеті түрі бойынша күш сынасқан болатын. Атап айтқанда, ерлер және әйелдер ко­ман­далары өз тараптары бойынша мықтыны анықтаса, жігіттер мен қыз­дар жекелей сында өзара сайысты. Со­нан соң, теннисшілер жұптар және ара­лас жұптар арасында чемпионат жүлделері үшін таласты.

Жарыстың бас төрешісі Татьяна Ким әрбір ойынның аса тартысты өтке­нін атап өтті. «Чемпионат барысында ел құрамасының сапында жүрген ше­­берлер өздерінің мықтылығын дә­лел­деп шықты», дейді маман. Атап айт­қанда, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Кирилл Герасименко бұл жолы да жолындағысын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілді. Алматылық тен­нис­ші финалдық сында Батыс Қазақ­стан облысының мықтысы Айдос Кен­жеғұловтан басым түсті.

Бұдан бөлек, Кирилл Герасименко жұптасып өнер көрсету сайысында елордалық теннисші Александр Гера­сименкомен тізе біріктіріп, жарыс же­ңім­пазы атанды.

Ал әйелдер арасындағы тартыс­ты сында қарағандылық қыз Зәуреш Ақашеваның айы оңынан туып, топ жарды. Чемпионаттың алтынына талас­қан шешуші сайыста ол елордалық тен­­нисші Анастасия Лаврованы тізе бүктірді. Сондай-ақ Зәуреш шымкенттік Сарви­ноз Миркадировамен жұптасып өнер көр­сетіп, чемпионаттың тағы бір алтын медалін мойынына ілді. Ол-ол ма, қарағандылық дарынды жас аралас жұп­тасып өнер көрсету сайысында да тамаша табысқа қол жеткізіп, жерлесі Владислав Захаровпен бірге ел чемпио­ны атанды.

Сонымен чемпионаттың абсолютті же­ңімпазы атанған З.Ақашева алдағы уақытта үстел теннисінен өтетін Азия кубогы жолындағы сайыста бақ сы­науға мүмкіндік беретін жолдаманы жеңіп алды. Біздің теннисші қызымыз қатысқалы отырған бұл дүбірлі додада құрлықтың ең үздік деген 16 теннисшісі өнер көрсететін болады. Зәу­решпен бірге аталған жарыста Ки­рилл Герасименко да күш сынайды.

Үстел теннисінен спорт шебері, Ұлттық құрама команданың мүшесі З.Ақашеваның аталған спорт түрімен айналысқанына 12 жыл болыпты. Кейінгі жеті жылда талантты теннисші Қарағанды облысының аға бапкері Эльмира Әлиеваның қарамағында жаттығып жүр екен.

«Менің табысқа жетуіме психологиялық әзірлік көп көмегін ти­гізеді. Көбіне мен жалғыз қалып, ойға шомғанды ұнатамын. Жүйкені әбден тынықтырып алған соң, алдағы ойындардың тактикалық тәсілдерін ойша құрастырғанды ұнатамын», дейді Қазақстанның су жаңа чемпионы.

Айтпақшы, З.Ақашева үшін бұл чемпионат ересектер арасындағы тұңғыш турнир болды. Бұдан бұрын жасөспірімдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған дарынды спортшы үлкендер арасындағы додаға тайсалмай түсіп, еліміздің ең мықты және тәжірибелі теннисшілерін далада қалдырды.

Чемпионат қорытындысы бойынша қыздар арасындағы командалық сында Батыс Қазақстан облысының теннисшілері бәрінен басым түсті. Алматылық шеберлер күміс жүлдегер атанса, елорда мен Қарағанды облысының ұжымдары қола жүлдені қанағат тұтты.

Ал ерлер арасындағы командалық са­йыста Нұр-Сұлтан қаласының ұжы­мы үздік шықты. Шымкенттің шебер­лері жүлделі екінші орыннан көрінсе, Алматы қаласы мен Қарағанды облы­сы­ның теннисшілері үшінші орынға табан тіреді.

Жалпы, Қарағандыда өткен Қазақ­стан чемпионаты турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен ләзім. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің арнайы қатысып, спорт­шыларға құт­тықтау сөз ар­нағанының өзі бұл спорт түрінің Арқа өңірінде құрметтің төрін­де екенін аңғартса керек.

Чемпионаттың марапаттау рәсі­мін­де жеңімпаз және жүлдегер тен­нисшілерге облыс әкімі атынан ақша­лай сертификаттар табыс етілді.

 

Қарағанды облысы