Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Сынақтан сағы сынбаған

341 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шаруаға оңқай асықтай еді. Тындырымдылық – табиғат сыйлаған қасиеті. Сол күні әлдебір шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқарып тастауға асыққан. «Шығасыға иесі басшы» деген осы да. Әйтпесе, күйіп бара жатқан ештеңе жоқ. Ертең де тындыруға болатын дүние.

Сынақтан сағы сынбаған

Жеңіл машина сағатына жүз шақырымдық жылдамдықпен атқан оқтай зулап келе жатты. Көңілі әлденеге елегізіген Қанат Байбөров жүргізушінің жанында бейқам отыр еді. Не болғанын түйсініп те үлгерген жоқ. Қас пен көздің арасындағы оқыс оқиға. Есін ауруханада бір-ақ жинады. Қолдары қозғалатын сияқты. Кеудеде жан бар. Белден төмен әлдекім зілбатпан жүк бай­лап қойған тәрізді. Зілмауыр тарт­қан денесін қозғап көрмек болған, шыбын жаны көзіне көрінді. Көзінің алды қайта-қайта қарауыта берді. Әлден уақытта талықсып кеткен.

Көп жатты. Он екі мүшесінің сау қалған бірі жоқ тәрізді. Сөйт­се, омыртқасы сынған екен. Енді қарға адым жер мұң болмақ. Омыртқаның не екенін әрине біледі. Өзі де жарымжан әкесін көтеріп, көмектесіп өскен. Енді міне, әкенің басындағы бар бейнет баласына толайым көшкендей. Келешегін ойлағанда, шыбын жаны шырқырап кетеді. Дүниенің бәрі күңгірт, тас қараңғы тәрізді. Туысқандары ауруханаға іздеп келіп, салы суға кеткен азаматқа дем беріп, «әлі-ақ екі аяғыңды тең басып кетесің, тағдырдың аз күнгі талқысына мойыма» деп қай­раттандырғанымен, тұла бойындағы кеселдің қаншалықты ауыр екенін жас жүрегі сезеді-ақ. Отаны облыстық аурухананың дәрігерлері жасапты. Халін білуге келгендердің қамырдан қыл суырғандай        етіп, бипаздап айтуларына қарағанда, тіпті көлік аударылатын жер емес. Теп-тегіс жол. Қазақ мұндайды жазмыш десе керек. Қатты жылдамдықпен келген көлік төрт дөңгелегі ас­пан­ға қарап, айналып түскен. Көлік ішіндегі жолаушылардың Қанат­тан басқасы дін аман.

Төсекке таңылғалы небір ой­лар келіп-кетпеді дейсіз? Жақ­сы­сы да, жаманы да. Бәлкім жаманы көптеу. Одан кейінгі күні не болмақ? Азамат атанып, енді атқа мінгенде, тағдырдың маңдайына жазғаны осы ма? Зілбатпан қайғы алқымынан алған кезде өз өзіне қол салғысы да келген. Райынан достары қайырды. Күнә екенін айтқан. Жаратқан ие пендесіне өмір сыйлағанда, сынағын да қоса сыйлайды дескен. Осы сөз дем беріп, қайтадан қайраттанды, өмір сүргісі келді. Жай ғана пенде тірлік емес, ойға алған арман-мақсатын орындайтын, қоғамға пайдасы, ет жақын туыс­тар­ға шарапаты тиетін азамат болуы керек. Тәй-тәй басып тұр­ғысы келген, табанын жерге ти­гізіп жүргісі келген. Ең бас­ты қорқынышы – масыл болмау еді. Ол масыл болмауы үшін қалай болғанда да жарты жанын демеп, бас көтеру керек. Ауруханадан шыққан соң біраз уақыт өткен кезде дос­та­ры мүгедектер арбасын әкеп бер­ген. Жанашырлықтары да. Осымен жүріп үйренсең, төсекте жатқаннан жеңіл болады дескен олар. Арбаға мінгісі келмеді. Жүремін деп ұмтылды. Әлгі арба үйдің босағасында қаңтарылып бір жыл тұрды.

Енді бір ауыз сөз – оқыс оқи­ға­ға ұшырап, омыртқасын опыр­ғанға дейінгі бейқам тір­ші­лі­гі жайында. 1994 жылы бұрынғы Це­линоград қаласындағы Ин­же­нерлік-құрылыс институтын ойдағыдай аяқтап, инженер-механик мамандығын алып шыққан болатын. Жоғары оқу орнынан кейін өзінің туған қаласы Щучинскіде көлік жөндеу стансасында слесарь болып жұмыс істеді. 1996 жылдың желтоқсан айынан Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тіне қарасты әскери қызметте болды. 2000 жылдың қазан айы­нан небәрі 28 жасында мүге­дек­тер арбасына таңылды.

Қырсық шалғанда «бір айнал­дыр­ғанды шыр айналдырады» де­седі. Рас екен. Алдымен ту­ған бауыры Жанат бақилық болды. Әкесі Төлеген де, анасы Гүлфруза да өмірден өтті. Пенде шір­кіннің отыз омыртқасын опы­рып, қырық қабырғасын қаусататын қайғы қайта-қайта сына­ғына ала бер­ге­німен сынған жоқ. 2006 жылы Көкшетау уни­вер­ситетінің заң факультетін бітіріп шықты. Жақ­сы ісімен танылды, адал еңбе­гі­нің арқасында абыройы артты. Бұл күнде «Бурабай аудандық мүге­дек­тер қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы. 2012 жыл­дың қаңтар айында Бурабай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2014 жылдың қараша айынан бастап Бурабай ауданы әкі­мінің мүгедектер мәселесі жөнін­дегі кеңесшісі. Бір кезде өзі кө­мекке зәру болса, енді Қанат Төле­генұлы алдына жағдайын айтып келген мұқтаж жандарға көмек­тесе бастады. Сол еңбегі еле­ніп, «Әлеуметтік еңбек сала­сы­ның үздігі» төсбелгісімен мара­пат­талды.

Абырой мен атақ қай еңбегі үшін дейсіз ғой. Қанат бір топ жол­дастарымен бірігіп, Щучин­ск қаласында тұңғыш рет ден­сау­лы­ғында ақауы бар балаларға арнап шығыс медицинасының жетістіктерімен емдейтін күн­діз­­гі стационар ашты. Бұл жерде иппотерапия, канистерапия (иттердің көмегімен емдеу), дыбыс терапия­сы, шөппен емдеу тәрізді тосын, бірақ тиімділігі аз уақыттың ішінде көзге ұрып тұ­ратын емдеу тәсілдерін қол­да­нады. Әр күн сайын он-он бес бала осы орталықта емде­леді. Өзі тәрізді тағдыр тәл­ке­гі­не ұшы­раған талай адамға қол ұшын берді. Мүгедектер ара­сын­­да спорт­пен айналысқысы келе­тін­дер де аз емес. Олар ауық-ауық аудан­дық, облыстық, тіпті кейде республикалық жарыстарға да қа­тысады. Мүгедек спорт­шы­­­лардың үміт отын лаулатып, жа­рыс­­қа қатысуына жағдай жа­сау­­ды да Қанат қолға алып отыр.

Ал депутат ретінде атқарған шаруа шаш-етектен. Тіршілікте түйткіл таусылған ба? Бурабай бау­райына келімді-кетімді кісі көп. Демек ауыл-аймақ құда күт­кендей жұтынып, жайнап тұр­ға­ны ләзім. Курортты өңір­ге аяқ-қолы сау адамдармен бір­г­е, қол арбаға таңылған мүге­дек­тердің келуі әбден мүмкін. Оларға да жақсы жағдай тудырған жөн. Қанат Төлегенұлы әр мекеме, ұжымның ғимараттарында мү­гед­ектер кіріп-шығатын пандус салуға мұрындық болды. Қазір ұзындығы, ені, еңістігі тәрізді тех­никалық талаптарды жатқа біледі.

Әке-шеше өмірден өткен соң, қарындасы Сәуле мен інісі Жа­нат­тың балаларына бас-көз болып отыр. Өзінің екі перзентінен кем көрмейді. Ендігі арманы осы бес жеткіншектің ел қатарына қосылуы.

Таяуда Nur Otan партиясының қол­дауымен Нұр-Сұлтан қала­сында өткен Қазақстан мүге­дек­тер конфедерациясы ұйым­дас­тырған дәстүрлі «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығын иеленді. Алда қанша ғұмыр бар. Сынақтан сағы сынбаған азаматтың пеше­не­сіне жазылған сый көп болғай.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы